29.09.2023, 16:20

Саясаттанушы: Қазақстан дипломатиядағы медиатор рөліне қайта оралатын сияқты

Фото: 365info.kz
Еліміз әскери іс-қимылдардың тез арада тоқтатылуын және БҰҰ Жарғысы негізінде бейбіт келіссөз жүргізілуін жақтайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары кезінде аймақтағы геосаяси ахуал туралы білдірген пікірі Қазақстан дипломатиясы ара ағайындық ұстанымынан айнымайтынын көрсеткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

ҚазАқпарат-тың жазуынша, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен осындай пайым айтты. 

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары басталды

Тоқаев Германия Канцлерінің ведомствосына барды

Қазақстан дипломатиядағы ара ағайын\медиатор рөліне қайта оралатын сияқты. Германиядағы сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ресей-Украина шиеленісін шешудің қандай да бір жолын ұсынып жатқан елдердің немесе мемлекеттер тобының талпынысын қолдайтынын айтты. Өз кезегінде Қазақстан әскери іс-қимылдардың тез арада тоқтатылуын және БҰҰ Жарғысы негізінде бейбіт келіссөз жүргізілуін жақтайды, - дейді сарапшы.

Саясаттанушы кез келген халықаралық шиеленістің нүктесі дипломатиялық келіссөзде қойылатынын еске салды.

Тағы оқыңыз: Тоқаев өзара айыптауларды тоқтату керек екенін айтты

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Мәскеу де, Киев те келіссөздерге дайын екенін растайды. Алайда келіссөздің қандай алаңда жүргізілетіні әзірге белгісіз. Келіссөзге негіз табу үшін тараптарға «бір-бірін айыптауды доғарып, іске татымды келіссөз жүргізу керек». Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, «парасатты, салмақты, салиқалы дипломатияның кезеңі туып келеді, - дейді Дәурен Әбен.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Германия Федералдық канцлері Олаф Шольцпен келіссөздерден кейін тілшілермен өткен баспасөз мәслихатында Украинадағы жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымын айтты.