$ 526.81  542.72  5.16

«Миы шайқалған»: Дәрігерлер Ақтауда ұшақ апатынан аман қалған науқастардың жағдайын айтты

Пациенттердің жағдайы бойынша: екеуі аса ауыр жағдайда, 11 ауыр жағдайда, 14 – орташа ауырлық дәрежесінде, 2 пациенттің  шағымы жоқ, қанағаттанарлық жағдайда. 

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Денсаулық сақтау министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың жағдайы туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

25 желтоқсанда Ақтау әуежайының маңында жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан зардап шеккен 29 адамның 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, пациенттер әртүрлі жарақаттармен, бірнеше зақымдармен келіп түсті. Бұл мидың жабық жарақаты, мидың шайқалуы, кеуде қуысының жабық жарақаттары, травматикалық шок.

"26 желтоқсан күні таңертең 11 пациент реанимация бөлімшесінде, 13 - травматология бөлімшесінде, 2 - нейрохирургия бөлімшесінде, 1 – хирургия бөлімшесінде ем алды. Пациенттердің жағдайы бойынша: екеуі аса ауыр жағдайда, 11 ауыр жағдайда, 14 – орташа ауырлық дәрежесінде, 2 пациенттің  шағымы жоқ, қанағаттанарлық жағдайда. 11 пациенттің сегізі өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Сондай-ақ дәрілік седация, тониктер қабылдады. Келіп түскен кезде барлық зардап шеккендерге қажетті зерттеп-тексеру жүргізілді. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін бейіні бойынша емдеуге жатқызылды", – делінген министрлік хабарламасында.

Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендерге медициналық көмек толық көлемде көрсетілетінін жеткізді.

Еске салсақ, 25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. Оның 38-і қаза тауып, 29 адам Маңғыстау облыстық ауруханасында ем қабылдап жатыр. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары