$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстандағы табыс декларациясын сайтқа орналастыруды міндеттеу керек – заңгер Ж. Сулейманов.

Салық бойынша адвокат, қазақстандық заңгерлер лигасының басқарушы серіктесі Жангелді Сулейманов осындай пікірде, деп хабарлайды «Азаттық».

Қазақстан үкіметі 2015 жылдан бастап біртұтас табыс декларациясына біртіндеп өтуді жоспарлап отыр. Оған сәйкес, әуелі мемлекеттік қызметкерлер, кейіннен барлық азаматтар декларация өткізуге міндеттеледі.

Жемқорлықпен күрес туралы заң бойынша мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, судьялар жылына бір мәрте табыс және мүлік декларациясын тапсыруға тиіс. Бірақ оны БАҚ арқылы жариялауды міндеттейтін норма жоқ.

Жангелді Сулеймановтың айтуынша, Қазақстан заңында табысын жасырғаны үшін арнайы жауапкершілік қарастырылғанмен іс жүзінде бұл норма жұмыс істемейді.

–       Мұны (шенеуніктердің табысын жасырып қалуын – ред.) жою үшін заңға сәл өзгерістер енгізу керек. Ашықтық қажет. Менің ойымша, егер оларды декларацияны сайтқа орналастыруға міндеттесек, бұл мәселе белгілі бір деңгейде шешіледі деп ойлаймын. Қоғамдық бақылау қажет, – дейді ол.

Жангелді Сулейманов көптен бері «шенеуніктер қағаз жүзінде тіркеген мүліктерін емес, шын мәнінде өмірде қолданатын мүліктерін тіркесін» деген идея айтып келеді. Алайда бұл идеяны қоғам қолдағанмен, билік назар аудармай келеді.

–       Шенеуніктердің мүліктерінің барлығы дерлік үшінші адамның атына тіркелген. Қағаз жүзінде оларда ештеңе жоқ. Ешбір жерде, халыққа қызмет көрсету орталығында жоқ. Ал іс жүзінде олар жақсы жағдайда өмір сүріп жатыр. Егер оларды өздері күнделікті қолданып жүрген мүліктерін тіркеуге міндеттесе, жағдай басқаша болар еді. Өкінішке қарай, бұл идеяны халық қолдағанмен үкімет қолдаған жоқ, – дейді ол.

2014 жылы Forbes-тың әлемнің ең бай адамдары тізіміне Қазақстаннан бес адам кірген. Олар – Болат Өтемұратов, Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева, Алиджан Ибрагимов және Владимир Ким.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары