$ 494.87  520.65  4.91

Орыс тілі қазақстандық қоғамның сұранысына ие – М. ТӘЖИН

Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкiлеттi Елшiсi Марат Тәжин ТМД, шетелде тұрып жатқан отандастар және халықаралық гуманитарлық ықпалдастық iстерi жөнiндегi федералдық агенттiктiң өкiлi Константин Косачевпен кездестi, деп хабарлайды «Қазақпарат».

«Ұзақ әрi тұшымды сұхбаттан кейiн К. Косачев қазақстандық дипломатиялық миссияның басшысына агенттiктiң қызметi, алдына қойылған мiндеттерi жайында, оның iшiнде «шетелдегi отандастарға жеке көмек көрсету, мәдени-гуманитарлық қажеттiлiктерiн қамтамасыз ету турасында айтып бердi», делiнген хабарламада.

Өз кезегiнде М. Тәжин агенттiктiң барша әлем бойынша гуманитарлық ықпалдастық орнату, шетелдердегi Ресейдiң бай мәдени мұрасын сақтау және қолдау iсiн жоғары бағалады.

«Қазақстандағы орыс тiлiнiң жағдайы мен дамуына қатысты тақырыпты қозғаған тараптар, орыс тiлiне ресми тiл ретiнде мемлекеттен қолдау жасалып, барша қазақстандық қоғамның сұранысына ие екендiгiн, сонымен қатар қазақ тiлiмен тең жағдайда қолданылып жатқандығын және сырттан «қорғауға» мұқтаж еместiгiн атап өттi», деп жазылған хабарламада.

М. Тәжин агенттiктiң мiндеттерi – «бұдан былайғы ықпалдастық үдерiстерiнiң iргетасын қалауға бағытталған мәдени-рухани сипатқа ие мiндеттер» екендiгiне баса назар аударды.

ҚР Елшiсiнiң айтуынша, сондай бiрлескен тиiмдi жұмыстардың дәлелi ретiнде күзде Мәскеуде өткелi отырған Қазақстан және Ресей жазушыларының кездесуiн, орыс мәдениеттанушылары – Дмитрий Лихачев, Лев Гумилев, қытайтанушы Василий Алексеев еңбектерiнiң қазақ тiлiне аудару бағдарламасының жүзеге асырылуын келтiруге болады. Сонымен қатар Эрмитаж, Третьяков галереясы сынды ресейлiк танымал мұражайлардың Қазақстандағы музейлерде, әсiресе Астанадағы жаңадан ашылған Ұлттық мұражайда көрмелерiн өткiзу жайы да сөз болды.

Сөз соңында Қазақстанның РФ-дағы Елшiсi мен агенттiк жетекшiсi әрiптестiктi тек Қазақстан елшiлiгi аясында ғана емес, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен қоғамдық ұйымдар арасында да ықпалдастықты iс жүзiнде кеңейтуге дайын екендiктерiн атап өттi.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары