Ведомствоның мәліметінше, қала мектептерінің бірінің өкілі полицияға арыз түсірген.
Шымкентте әлеуметтік желіде танымал блогер мұғалімді бопсалады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы қалалық білім басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Ведомствоның мәліметінше, қала мектептерінің бірінің өкілі полицияға арыз түсірген. Арыз негізінде полицейлер 1,2 миллион теңге көлемінде ақша бопсалады деген күдікпен азамат С.-ны ұстады.
«Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті өз медиа ықпалын пайдаланып, мұғалім туралы жағымсыз ақпаратты жариялаймын деп қорқытып, ақша талап еткен», – делінген ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Полиция департаменті азаматтарды қандай да бір қысым мен бопсалау фактілері орын алған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырады.