Шабуыл жасаған адам әкімдік ғимаратының жанында шенеунікті күтіп тұрған.
2025 жылғы 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының жанында атыс оқиғасы болды. Осыған байланысты қалалық полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Аталған қылмысты жасаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», - делінген департамент таратқан хабарламада.
Михаил Козачков өзінің Telegram арнасында жариялаған ақпаратта, күдіктіні ұстауға Руслан Берденовтің жүргізушісі көмектескенін жазды.
Шабуыл жасаған адам әкімдік ғимаратының жанында шенеунікті күтіп тұрған. Ол сыртқа шыққан сәтте, жақын қашықтықтан бірнеше рет оқ атқан.
Бұл жағдайды Берденовтің қызметтік көлігінің жүргізушісі байқап қалып, тез әрекет етіп, газды басып, шабуылдаған адамды көлікпен қағып кеткен.
Осылайша ол басшысын аман алып қалған болуы мүмкін.
Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, 1994 жылы туған Ернар Жиенбай, әкімдікке қарасты "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС қызметкері, "Сайга-12" маркалы аңшы мылтығынан үш рет оқ атқан. Ақпаратта Ернар Жиенбай Берденов әйеліне тиіскені үшін осындай әрекетке барғаны айтылған.
Дегенмен Берденовтің партияластары оған қоқан-лоққы жасалғанын хабарлады. Кәсіпкер Бейбіт Әлібеков бұл оқиғаның қаладағы құрылыс саласында тәртіп орнатумен байланысты болуы мүмкін екенін жеткізді.
"Жеке өзім бұл жағдай Шымкенттегі құрылыс саласында тәртіп орнатумен байланысты деп ойлаймын, букмекерлік кеңселерге қатысы бар деген де күмәнім бар. Тек бүгін ғана осы тақырыпта қатал жиын өтті. Маған Русланға қоқан-лоққы жасалғанын айтқан еді", – деп жазды кәсіпкер Telegram-арнасында.