$ 524.32  609.05  6.52

Ибраһим келісімдері: Қазақстанның жаңа дипломатиялық белсенділігі

Соңғы жылдары Қазақстанның сыртқы саясатында жаңа серпін байқалады. 

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Еліміз халықаралық алаңдарда белсенділік танытып, әлемдік және өңірлік державалармен тең дәрежелі диалог орнатуға ұмтылуда. Соның айқын көрінісі – C5+1 форматындағы ынтымақтастық пен Қазақстанның "Ибраһим келісімдеріне" қосылу туралы шешімі. Бұл қадамдар еліміздің көпвекторлы саясатының жаңа кезеңін айқындап, ұлттық мүддені сақтай отырып, жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға бағытталған сыртқы саяси бағытын көрсетеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Бұл келісімге орай Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі еліміздің Авраам келісімдеріне қосылуына байланысты маңызды мәлімдеме жасаған еді. 

Бұл туралы бүгін, 7 қарашада ведомство баспасөз қызметі ақпарат таратты:

"Бұл маңызды шешім тек Қазақстан мүддесі үшін қабылданды және республиканың теңгерімді, сындарлы, бейбіт сыртқы саясатының сипатына толық сәйкес келеді. Ибраһим келісімдеріне қосылу еліміздің барлық мүдделі мемлекеттермен ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етеді, яғни Қазақстанның стратегиялық мақсаттарына толықтай сай".

Сондай-ақ СІМ мәлімдемесінде былай делінеді:

"Қазақстан әрдайым Таяу Шығыстағы қақтығыстың халықаралық құқық нормаларына, БҰҰ тиісті қарарларына және "екі халық үшін екі мемлекет" қағидаты негізінде әділ, жан-жақты әрі орнықты реттелуін қолдайды".

Мемлекет басшысының Ақ үйдегі кездесуі кезінде Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескен еді. Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы әңгімелесудің арқауы болды. Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұл шешімді жоғары бағалап, Truth Social әлеуметтік желісінде жазба қалдырды. «Қазақстан – менің екінші президенттік мерзімімде Ибраһим келісіміне қосылған алғашқы мемлекет. Және бұл – көптеген елдің алғашқысы ғана. Бұл – әлем бойынша өзара түсіністік пен ынтымақ көпірін орнатуға бағытталған маңызды қадам», - деп жазды ол.

Саясаттанушылар бұл келісімді Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройын арттырып, бейбітсүйгіш ел ретіндегі позициясын нығайтатын қадам деп бағалап отыр.

Али Мұхамбет, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы:

Ибраһим келісімі АҚШ-тың бастамасымен құрылған. Оның түпкі мақсаты - елдер арасындағы саяси ынтымақтастықты арттыру ғана емес, экономикалық байланысты нығайту. Осылайша тұрақтылық орнаған соң дамудың алғышарттары жасала бастайды.

Қазақстанның Ибраһим келісіміне қосылуы – елдің көпвекторлы және бейбіт дипломатияны ұстанатын сыртқы саясатының нақты көрінісі. Бұл қадам Таяу Шығыс аймағындағы диалогты дамытуға және жаһандық тұрақтылыққа үлес қосуға бағытталған.

Нұржан Өмірбек, ҚР СІМ жанындағы сыртқы саяси зерттеулер институтының сарапшысы:

Осы келісімге қосылу - Қазақстанға ешқандай саяси, экономикалық, қаржылай немесе әскери міндеттерді жүктемейді. Бізге ешқандай құқықтық күрделіліктерді де тудырмайды. Қазақстан ешқандай саяси блоктарға да қосылмайды, ешқандай санкцияларды, күш көрсетулерді де қолдамайды. Осыған байланысты біз келісімге қосылу арқылы бітімгерлік, бейбітсүйгіштік позицияларымызды, ұстанымдарымызды көрсетуге тырысамыз.

Сонымен қатар, бұл келісім туралы The Washington Post: "Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы – жан-жақты ойластырылған шешім" деп бағалады. The Washington Post басылымында "Қазақстанның Ибраһим келісіміне қол жеткізудегі прагматикалық жолы" атты ауқымды мақала жарияланды.

Онда Қазақстанның аталған келісімге келуіне негіз болатын жайттар жан-жақты талданған.

Қазақстанның бұл қадамы мұқият ойластырылған, прагматикалық, жан-жақты есеппен жасалған әрекет ретінде бағаланған.

Президенттің дипломатиялық шеберлігі мен стратегиялық ойлау қабілеті бірнеше рет ерекше аталған. Мақалада ең алдымен бұл шешімге Вашингтондағы кей сарапшылар таңқалғаны айтылады.

Сонымен қатар, Қазақстанның не себепті Ибраһим келісімдеріне қосылғанына қатысты сұрақтар туындағаны сөз болған.

Мақалада Қазақстанның прагматикалық мақсатты көздегені көрініп тұр. Ал Қазақстан қабылдаған шешімдер өте нәзік геосаяси жағдайда тұрған мемлекеттің ұтымды әрекеті ретінде көрсетіледі.

Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қатысуы мен Ақ үйде өткен кездесулері Мәскеу мен Бейжіңге өз елінің тәуелсіз саясат жүргізіп отырғанын білдіреді делінген.

Мақала «Ибраһим келісімдеріне қосылу – Вашингтонның оң назарын аудару үшін ойластырылған, прагматикалық қадам» деп қорытындыланған.

Мақалада C5+1 кездесуінен бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевпен қысқа сұхбатқа сілтеме жасалған және екі сарапшының пікірлері келтірілген.

Олар Қазақстанның шешімін теңдестірілген, тиімділігі жоғары, сыртқы саясатта қарым-қатынасты әртараптандыруға арналған деп көрсетеді.

Айта кетейік, Авраам келісімі немесе Ибраһим келісімі, бұл - Израиль мен араб елдері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға арналған келіссөздер. Бейбіт келісім 2020 жылдың күзінде Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Марокко арасында жасалды. Бұл бастаманың жүзеге асуына Трамп әкімшілігі күш салды (2017-2021).

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары