Ұлытау облысы 2025 жылдың IV тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстандағы орташа айлық жалақы деңгейі ең жоғары өңірлердің үштігіне кірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өңір жалақы мөлшері бойынша тұрақты түрде топ-3 қатарынан көрініп келеді, бұл оның экономика құрылымы мен өнеркәсіп секторының жоғары үлесімен байланысты.
Жалпы, Қазақстан Республикасы бойынша орташа айлық номиналды жалақы 473 158 теңгені құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,8%-ға артты.
Ұлытау облысындағы жоғары көрсеткіштер негізінен тау-кен өндіру өнеркәсібінің дамуына байланысты. Бұл салада жалақы деңгейі дәстүрлі түрде республикалық орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Атап айтқанда, тау-кен секторындағы орташа жалақы шамамен 978 962 теңгені құрайды, бұл ел бойынша орташа деңгейден екі еседен астам жоғары.
Сарапшылардың айтуынша, өңірдегі табыс деңгейінің тұрақты жоғары болуы ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметімен және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен тікелей байланысты.
Айта кету керек, Ұлытау облысындағы негізгі жұмыс беруші — «Қазақмыс» корпорациясы. Компания кәсіпорындарында өңірдің еңбекке қабілетті халқының едәуір бөлігі жұмыс істейді. «Қазақмыс» тұрақты жалақы, жұмыс орындарын қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды да жүзеге асырып келеді.