08.09.2026, 21:30

«Бішкек Арена» 60 млн долларға салынды деген ақпарат жалған – ресми дереккөз

Фото: @askat.alagozov

Қырғызстан «Бішкек Аренаны» 386 миллион долларға салған.

«Бішкек Арена» стадионы құрылысының жалпы құны 386 миллион долларды құрады. Бұл туралы Қырғыз Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

«Жақында «Бішкек-Арена» стадионына қатысты қысқаша ақпарат жариялаған болатынмын. Бұған дейін толық ақпаратты ала алмадық. Өйткені қызметкерлер, құрылысшылар және барлық осы мәселеге қатысты тұлғалар ШЫҰ пен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жұмыстарымен айналысып, тәулік бойы дерлік еңбек етті. Бүгінде толық ақпарат алынды. Сондықтан оны көпшілікке жариялауды дұрыс деп санадым», - дейді Аскат Алагозов.

Оның айтуынша, басында шынымен де сыйымдылығы 30-35 мың көрерменге арналған, құны шамамен 60-70 миллион доллар болатын қарапайым стадион жобасы қарастырылған. Кейін тұжырымдама толығымен өзгертілді.

«Бішкек-Арена» стадионы 386 миллион долларғасалынды. Оның «60 миллион долларға» салынғаны туралы ақпарат - жалған. Стадион құрылысы  басталып, сыйымдылығы 30-35 мың көрерменге арналған арена тұрғызу жоспарланған кезде, Камчыбек Ташиевтің құрылыс шамамен 60 миллион долларға түсетінін айтқанын естіген едік. Алайда, басында тек Долон Өмурзаков атындағы стадион секілді қарапайым спорт кешенін салу туралы айтылған болатын. Кейін Президент Садыр Жапаров бастапқы жобаны толығымен өзгертіп: «Ол қырғыз киізінің пішінінде жасалсын, ішінде сауда орталықтары, мейрамханалар мен кафелер, супермаркет, кинотеатрлар, спорт залдары және балаларға арналған алаңдар болуы тиіс. Әйтпесе, стадионды ұстап тұру бюджетке ауыр салмақ түсіреді. Болашақта стадион табыс әкелетін нысанға айналуы тиіс», деген тапсырма берді», - дейді ол.

Жаңа жоба үлкен коммерциялық аймағы бар қырғыз киізі пішініндегі стадионды көздеді. Ішінде дүкендер, мейрамханалар, кафелер, супермаркет, кинотеатрлар, спорт залы және балалар алаңы орналастырылған.

Нәтижесінде жоба толығымен қайта өңделіп, құрылыстың жалпы аумағы 194 248 м²болды.

«Белгілі болғандай, стадиондардың бір шаршы метрінің құрылыс құны 2 000-нан 15 000 долларға дейін ауытқуы мүмкін. Сондықтан Камчыбек Ташиев 30–35 мың адамға арналған стадион шамамен 60–70 миллион доллар тұрады деп айтқан болуы керек», - деді Қырғыз Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы.

Оның айтуынша, егер бұл нысан Долон Өмурзаков атындағы қарапайым стадион ретінде салынғанда, ол өзін-өзі ақтап қана қоймай, жыл сайын бюджеттен күтіп ұстауға және қызметкерлердің жалақысына миллиардтаған шығын талап етер еді. Дәл осы себепті жоба кеңейтіліп, жоғарыда аталған инфрақұрылымы бар, 52 мың көрерменге арналған стадион салынды.

Жобаны кеңейтудің тағы бір себебі – ФИФА талаптары: әлемдік деңгейдегі халықаралық жарыстарды өткізу үшін стадион кемінде 50 мың көрерменді сыйдыруы тиіс.

Жобаға не кірді?

Коммерциялық бөлікке аумағы 35 916 шаршы метр болатын сауда орталығы, 48 дүкен, супермаркет, 18 сауда дүңгіршегі, 23 мейрамхана, 11 кафе және төрт кинозал, балалар ойын алаңы, спорт залы, жалпы аумағы 5 087 м² болатын террасалар кіреді.

Билік коммерциялық аумақтар, концерттер және басқа да ақылы іс-шаралар стадионға ұстау шығындарын жабуға көмектеседі деп үміттенеді.

Осылайша, «Бішкек-Аренаның» жалпы құрылыс құны 386 миллион долларды құрайды.

«Бішкек-Арена» бұл соманы салыстырмалы түрде қысқа мерзімде ақтап қана қоймай, болашақта пайдалану мерзімі бойы табыс әкеледі. Қазірдің өзінде ақылы іс-шаралар мен концерттер өткізуге өтініштер түсе бастады», - дейді Аскат Алагозов.

Ол салыстыру үшін басқа елдерде осындай стадиондардың қанша сомаға салынғаны туралы деректерді келтірді. 

Құны әлі де тексеріледі

«Соңғы күндері «біздің стадион 60 миллион долларға салынды. Ал көрші елдердегі стадиондар пәлендей сомаға түсті» деген пікірлер айтыла бастады. Бұл көрші мемлекеттердің басшыларының беделіне күмән келтіреді. Сондықтан, құрметті отандастар, бұл мәселені саясиландырмайық және көрші елдермен қарым-қатынасты ушықтырмайық. Бүгінде әлем бойынша стадиондар құрылысы құнының өсуіне объективті себептер бар. Олар - металдың қымбаттауы, бетон құнының өсуі, логистикалық шығындар, жұмыс күшінің құны, инженерлік жүйелер, VIP және коммерциялық аймақтар, инфляция, құрылыс материалдарының әлемдік тапшылығы. Сонымен қатар, Қырғызстан үшін шығындарды арттыратын қар түсуі, күн суытуы деген сияқты қосымша факторлар бар», - деді ол.

Сонымен қатар Қырғызстан президентінің тапсырмасы бойынша Есеп палатасы мен басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысатын комиссия құрылды.

Ол құрылыс материалдарының пайдаланылуын, жалақының төленуін және қаражаттың ықтимал жымқырылуын тексеруі тиіс. Билік тексеру қорытындыларын жариялауға уәде береді.