$ 445.65  508.71  5.3

Нұрай Серікбай ісі: Өмір бойына сотталған Шерхан Аймаханның үкімі өзгеріссіз қалды

Сонымен қатар сот үкімінің қарар бөлігіндегі жаза тағайындауға қатысты бөлігі нақтыланды.

Фото: Сәбит Тастанбек /Kazinform
Фото: Сәбит Тастанбек /Kazinform

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты сотталған Шерхан Аймаханның үкімі апелляциялық сатыда өзгеріссіз қалдырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап. 

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 13 тамыздағы үкіміне жәбірленушілердің өкілдері Омаров пен Ахметов, сондай-ақ адвокаттар Құрманбаев пен Әбдиев апелляциялық шағым берген.

Істі апелляциялық тәртіппен қараған сот алқасына Бәйдібек Дүйсебеков төрағалық етті.

Сот алқасы ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 431-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағын, 443 және 444 баптарын басшылыққа ала отырып, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдыру туралы қаулы шығарды. Апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды.

Сонымен қатар сот үкімінің қарар бөлігіндегі жаза тағайындауға қатысты бөлігі нақтыланды.

— «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 58-бабының 4-бөлігінің талаптары негізінде жазаларды толық қосу арқылы Аймаханға түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын» деген сөздер «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес қылмыстардың жиынтығы бойынша Аймаханға түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын» деген сөздермен ауыстырылсын, — деді сот алқасының төрағасы Бәйдібек Дүйсебеков.

Сот қаулысы жарияланған күнінен бастап заңды күшіне енеді. Наразы жақ қаулы жария етілген күннен бастап сотталған адамның жағдайын нашарлататын негіздер бойынша бір жыл ішінде, ал өзге негіздер бойынша мерзімі шектелмей кассациялық шағым немесе наразылық беруге құқылы.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0