Бұл туралы Ақорда хабарлад
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның 5–7 қараша күндері Қазақстанға жасаған ресми сапары аяқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды елорда әуежайынан шығарып салды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Еске сала кетейік, Эмомали Рахмон Қазақстанға Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келген болатын. Сапар барысында екі ел басшысы қазақ-тәжік қарым-қатынасының қазіргі жағдайы мен оны одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Келіссөздер кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы байланыстың барлық бағытта оң динамика көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне кіретінін мәлімдеді.
Ал Эмомали Рахмон Қазақстанмен сауда көлемі бір жылда 26 пайызға артқанын айтты.
Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президентін «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады.
Бұдан бөлек, тараптар сауда айналымын арттыру, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты. Жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің ресми делегациялары үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде 14 құжатқа қол қойды.
Қазақстан мен Тәжікстан тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасын да қабылдады. Сонымен қатар былтыр екі ел арасындағы автомобиль және теміржол арқылы жүк транзитінің көлемі 7 миллион тоннаға жуықтағаны айтылды.
Кездесу барысында Қазақстан Тәжікстанның 2028–2029 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдайтынын жеткізді.
Сапардың соңғы күнінде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Астанадағы Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашты.