$ 448.98 € 502.45 ₽ 5.45

OpenAI, Google және Yandex: қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі мүмкіндігі артып келеді

Бұл туралы Ақорда мәлімдеді. 

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің болашағына қатысты пікір білдіріп, оның мәртебесі мен маңызына тоқталды. Мемлекет басшысы «Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді» деп, ана тіліміздің мәңгі жасайтынына сенім білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.



«Өткен замандарда саяси қысым болған кезде ана тіліміз әдебиетшілер мен тіл мамандарының, журналистеріміздің, зиялы қауым мен қарапайым азаматтардың арқасында аман қалды да, өзінің дамуын тоқтатқан жоқ. Бұл – тіпті, қазақ тілінің өміршеңдігі бірегей деген сөз.
 
Ал қазіргі таңда тіліміздің келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп анық айтуға болады. Бүгінде қазақ тілі озық технологиялар саласына кең ауқымда еніп, заман талабына сай дамып келе жатыр.
 
Елімізде сан алуан цифрлық платформалар табысты жұмыс істеп тұр. Оның бәрі қазақ тілінде қызмет көрсететін болды. Ана тіліміздің әлеуетін әлемнің озық технологиялық компаниялары да мойындай бастады.
 
Мәселен, Open.AI компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйесіндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына кірген.
 
Ал Yandeх компаниясы өзінің бір белгілі өнімін былтырдан бері қазақ тілінде қолданатын адамдардың саны 30 пайызға артқанын мәлімдеп отыр.
 
Сондай-ақ өткен жылы Google компаниясы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізді. Мұның бәрі – қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін жүргізілген жүйелі жұмыстың бір нәтижесі.
 
«Алтын шыққан жерді белден қаз» деген. Сондықтан біз осы бағытта басталған өте қажетті әрі маңызды жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беруіміз керек», деді Тоқаев. 
  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Тегтер:

#Ақорда