$ 498.55  524.28  4.75

Президент өз ізбасарын дайындап отыр ма?

Сайлаудың иісі. Кезектен тыс сайлаудың сыбысы шықты деген сөз, міндетті түрде болады деген сөз.  Біздің саяси ойындар кейде жас баланың ойыны сияқты кімнің сырықпен түртіп тұрғаны көрініп тұрады.

Биылғы жылды «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жариялау, Ассамблеяның тым белсенділік танытып кетуі, оның үндеуіне бірі бірінің аузына түкіріп қойғандай, ұйымдар мен сұрқылтайлардың жапа-тармағай қауқыласып қолдауы – бәрі-бәрі бір сценаристің туындысы екені аян болды.

Біздің туғалы көрген жалғыз президентіміз ғана бар. Басқаша ойлап қалмаңыз.  Біз Президент-тұлға мен Президент-органды шатастырмауымыз керек. Тұлға-Президентті мен және Сіз сыйлауға, құрметтеуге тиістіміз. Өйткені, ол қандай болған күнде де біздің басшымыз, бізде басқа ОТАН жоқ. Ал орган-Президенттің қабылдап жатқан құжаттарын, әрекеттерін азаматтық қоғамның мүшесі ретінде сынауға қақымыз бар, әлбетте жеке бас мәселесіне бармай. Бірақ сол орган-Президентте жалғыз  ғана тұлға-президенттің ұзақ отыруы әлемдік тәжірибеде заң жүзінде құпталмайды. Бір ғана тұлғаның қатарынан екі мерзімнен астам «сайланбауын» психологиялық зертеулердің нәтижесінде қағида ретінде енгізіп қойғанын заңгер ретінде бұрыннан білетінмін. Бұл ойымды бір кісінің «басшы ондаған жылдар бойына бір ғана жоғарғы постта отырмауы керек» деп айтқаны одан сайын бекіте түсті. «Кім?» деп сұрамаңыз, кейін айтам.

1990 жылы Жоғарғы кеңесте Президент ретінде құпталып, 1991 жылы сайланған соң 2005 жылдан басқа уақытта өз мерзімінде өткен Президент сайлауын көрген жоқпыз. Бұл сайлау да алдындағылардан өзгерек болары күмәнді. Қызу қанды тартыспен, ашық бәсекемен, көкпардай таласпен өтетін сайлау түсімізге де кірмейтіні аян.

Ізбасар. Енді тіпті, қалағанын жетелеп әкеп отырғызса да ешкім қарсы болмасы анық. Оған да риза болар ек. Бұл практика Ресей мен Әзербайжанда сынақтан өтті. Ешкім қыңқ деп көрген жоқ. Бізде қалай болады? Осы Президенттің көздеген ізбасары бар ма? Әлде сол таныс бейнені ТV-дан күнде көріп, күн кеше береміз бе? Олай дейтініміз, бұл кісінің отырғанына да ширек ғасыр уақыт өтті. Дәл осы кісі 1990 жылдың 7 сәуірі күні ҚазКСР-інің Президенті ретінде Желтоқсан оқиғасына қатысты өз еркімен берген мәлімдемесінде «Почему Д.А.Кунаев решился на такой шаг,  ставящий под сомнение его авторитет руководителя, не сумевшего за 25 лет подготовить себе достойного приемника?» - деп таңырқап еді («86 желтоқсан» Сборник документов. Книга девятая. Алматы, 2006. 178-бет).

Енді ел ағасының ұстанымын көрсететін осы сөздерге қарап 25 жылда бұл кісінің өзі де өзіне лайықты ізбасар (мұрагер деген жақсы ат емес) дайындап жүрген шығар деген жылт етпе ойымыз да жоқ емес.  Әрі «Ел ағасы екі сөйлеп өзіне қайшы келмейді» деп бала күннен сіңірілген «пионерлік санамыз» тағы бар.

Қараңғы бөлмедегілер. Жағымпаздықтың жарысына қатысып, жеңімпаз болғандар үшін де, артта қалып опық жегендер үшін де президенттікке үміткер ретінде басқа адам туралы айту әбестік қана емес, табу болып саналады.  «Сізден кейін Сіздей кемеңгер Ұлы ұл тумас, сірә» деп еміреніп жүрген «зиялы» ағаларымыз бір жағынан жағымпаздықтың соқпағын нығарласа, екінші жағынан өз ұлтының генофондын, болашақ потенциалын тәрк етіп тұрғанын, яғни қазақ халқының ұлыларды туғызу мүмкіндігі Сізден кейін тоқтады, халық «бедеулікке» ұшырады деп тұрғанын біле ме екен? Н.Назарбаевтың есімі Қазақстанның тарихында қазақ елімен бірге ғұмыр бойы қалатыны анық. Басқа еңбектерін есепке алмағанның өзінде, Қазақ елінің тұңғыш президенті екені – қазақ тарихына жолдама. Қазір жағымпаздардың жаңа бір сорты шығыпты - «а» деп аузыңды ашсаң болды, «Президентпен арпалысып ұпай жинаушылар» деп қоңырау таға салатын болыпты. Айналайындар-ау, бұл тең құқылы қоғамның заңдылығы,  сайлау болғасын таңдау болу керек,  қараңғы бөлмеден шыға алмай жүрген өздеріңнен көріңдер. Тіпті, сол Президентіңіздің өзі де бір адам ондаған жылдар үздіксіз тақта отырса, заманнан жырақтап қалатынын айтпап па еді кезінде?

Түйін. Қысқасы, сөзімізді Президенттің «Дружба народов» журналындағы қанатты сөздерімен аяқтаймыз:

«Руководитель не должен десятилетиями занимать один и тот же высокий пост. Нет той мобильности. Желание «казаться» на своем месте, в конечном итоге создает ореол непогрешимости. Тут нужен временной ценз....  Вопрос состоит в моем искреннем убеждении, что любой авторитаризм в Казахстане - это путь в никуда». «...Вот оно-то, время, и проверило многих наших руководителей на прочность! В том числе и Кунаева. Протекционизм, упоение властью, самовосхваление — было. Огромные его портреты во всех городах и селах, конторах, школах, вузах — даже в бомбоубежищах! — в какой-то мере отождествляли его имя с судьбой Казахстана». «...Пышные юбилеи, парадный стиль руководства, помпы, фимиам — вот антураж авторитарности. Гласность ей не нужна, гласность обнажает ее ничтожность, казенщину, серость, неспособность оригинально мыслить, принимать смелые решения, идти по революционному пути...» (http://titus.kz/?type=polit&previd=31008&start=0)

Өз басым Елбасының осы сөздеріне қосылам. Сіздер де қарсы болмассыздар, сірә...

Алмас Жұмағали,

заң ғылымдарының кандидаты

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары