Осыдан 3 күн бұрын Германия, Франция, Ресей және Украина басшыларының Украина шығысындағы атысты тоқтату туралы «Минск келісімі» күшіне енгеніне қарамастан Донбасс пен Луганск аймағы маза таба қойған жоқ.
АТО (антитеррористік операция) жетекшісі Андрей Лысенконың мәлімдеуінше, сепаратист содырлар «ақ жалау» көтерілген күнге қарамастан Донецк облысы Дебальцево қаласының көшелерінде атыс жалғастырып, содырлар артиллерия мен бронетехниканың күшімен шабуылын үдетіп, қаланың бір бөлігін басып алған. Ал украин бөлімшелері оларға қарсы жауап ретінде оқ атумен шектелуге мәжбүр. Украинаның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Юрий Сергеев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Минск келісімінен кейін де содырлар тарапынан оқ ату толастамағанын ашына мәлімдеді. «15 ақпан күні түн жарымнан бастап содырлар украин әскерлеріне қарсы 160 рет оқ атып, 11 адамды өлтірді» деген ол Украина сарбаздары өздерін қорғап қана әрекетіп етіп, атысты доғару режимін сақтап отырғанын жеткізді. Ол Ресей тарапын «гуманитарлық конвоймен» қару-жарақ жеткізуді жалғастырып жатқанын айыптады. Украинадағы ОБСЕ-ның арнайы мониторингтік миссиясының төрағасы Эртугрул Апакан Дебальцево аумағындағы атысты шұғыл тоқтатуға шақырды. «Мен қала азаматтарының тағдырына қатты алаңдаушылық білдіремін. Тараптар атысты доғару туралы келісімді қатаң сақтауға міндетті» деген ОБСЕ өкілі келісімді орындамау орны толмас салдар әкелетінін ескертті.
Минск келісімі Шығыс Украинадағы қақтығысты бәсеңдеткенімен шегініп кетуі тараптар әскерлері Дебальцева түбінде орнығып қалуға тырысып жатқанға ұқсайды. Донбасс армиясының штабы Дебальцевода 120-ға жуық украин сарбазын тұтқынға алып, қаланың 80 пайызына бақылау орнатқанын мәлімдесе, украиндықтар қаланың маңындағы күре жолды өз уысында ұстап отырмыз дейді. Бұған қарағанда, тараптар «Минск келісімін» уақытша тыныстап қалу деп түсінетін сияқты. Қалай дегенмен, 12 пункттен тұратын «Минск келісімін» мойындау Украина үшін оңай емес, бейбіт күндерді ұлғайту үшін өздерінің ұлттық тұтастық мүдделерін құрбандыққа шалуға тура келді. БҰҰ ақпарына сенсек, Украинадағы азамат соғысынан 5400 адам оққа ұшып, 13 мыңға жуық адам жараланған, 1,6 млн адам өз үйлерін тастап шығуға мәжбүр болған. Осы жағынан келгенде, «Минск келісімі» бойынша Донбасстағы атысты тоқтату, барлық тұтқындарды босату, Украин территориясынан шетелдік әскерді шығару, қауіпсіздік мақсатында бір-бірінен кемінде 50 шақырым арақашықтық сақтай отырып, ауыр әскери техникаларды әкету секілді тармақтар Украина үшін орындауға болатын жеңілдеу міндеттемелер болса, Донбасста конституциялық реформалар өткізіп, оның ерекше мәртебесі туралы заң қабылдап, жергілікті билік сайлауын өткізу Тарас Бульбаның елінің біртұтастығы үшін өте ауыр талаптар-тұғын. Украин елі бұған да көнді. Кеше ғана БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Ресей ұсынған Украинадағы келісімді қолдау бойынша Қарарды қабылдау Батыс елдерінің өз мүддделері жолында шегініп, уағдаластық қолын созғанын айғақтайды. Өкінішке орай, ДХР мен ЛХР-дағы сепаратистік күштердің өздеріне тиесілі талаптарды тап-тұйнақтай орындауға құлықты еместігіне куә болып отырмыз. Екі тарап та өз міндеттемелерін дер кезінде және толық мазмұнда орындауға дайын емес сияқты. Дегенмен, біздіңше, «Минск келісімін» игі ететін жауапкершілік жүгі Ресей һәм сепаратистік күштердің ерік-жігеріне, таңдау жасауына тікелей байланысты. Алаңдаулы әлем жұртшылығының тілегі де, қарапайым украин азаматтарының ниеті де осы. Онсыз бейбіт күндердің ауылы түспек.
Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ