$ 449.58  486.94  4.86

Украинағы бір күндік соғыстың шығыны қанша?

Біздің әлеміміз толқыса, төглейін деп тұрған сусынға толы кесе тәріздес. Дүрлігіп тұрған әлемімізді  үлкен өзгерістер күтіп тұр. Қазіргі заманның өзгерістері әртүрлі соғыстармен  ұштасып жатыр: гибридттік соғыс, кибер соғыс, ақпараттық соғыс, экономикалық соғыс, валюталық соғыс,  дәстүрлі соғыстар. Гибридттік,  кибер, ақпараттық, экономикалық, валюталық соғыстар ХХІ ғасырдың жаңалығы десек те болады, бұл соғыстарда майданның шебі болмайды, бірақ зиян келтіру жағынан дәстүрлі соғыстан асып түспесе, кем түспейді.

 ХХІ ғасырдағы соғыстың шығу қайнар көздеріне тоқталсақ:

- нәсілдік (ұлттық),

- діни (ХХІ ғасырда Ислам дінінің 800 жылдан кейінгі ұйқыдан оянуы),

- территориялық,

- блоктік (НАТО),

- империялық амбиция.

Стокгольмдық халықаралық зерттеу институтының мәлімдемесі бойынша, (SIPRI)  2013 жылы барлық мемлекеттердің әскери шығындары 1,75 трлн долларды құрады.

Әскери шығындардан үздік ондыққа кіретіндер:

1. АҚШ  $640 млрд, әскерінің саны –2 255 000

2. Қытай $188 млрд, әскерінің саны – 1 369 532

3.  Рессей $87,8 млрд, әскерінің саны –1 200 000

4. Сауд Арабиясы $67 млрд, әскерінің саны –199 500

5. Франция $61,2 млрд, әскерінің саны – 259 050

6. Англия $57,9 млрд, әскерінің саны –187 970

7. Германия $48,8 млрд, әскерінің саны –325 000

8. Жапония $48,6 млрд,әскерінің саны – 239 000

9. Үндістан $47,4 млрд,әскерінің саны – 1 325 000

10.Оңтүстік Корея $33,9 млрд, әскерінің саны –650 000

SIPRI хабарлауы бойынша, Қытай, Ресей, Сауд Арабиясы мемлекеттерінің әскери шығындары соңғы он жылда екі есе өскен.  Қытай 2015 жылы әскери шығындарға 156,6 млрд доллар жоспарлап отыр, батыс елдерінің ақпараттарына сүйенсек, Қытай өзінің әскери шығындарын құпия қылып алған, нақты қанша шығын жұмсайтыны белгісіз. Ресейдің әскери күштерінің жасақталуы  2011-2020 жылғы  мемлекеттік бағдарламаларына байланысты,  2020 жылға дейін 70 % әскери құралдар жаңартылуы тиіс.  Қытай, Ресейге қарағанда Сауд Арабиясының қару-жарақ шығаратын зауыттары жоқ, барлық қару түрлерін АҚШ, Франция, Германия,  Қытайдан сатып алады. 

Ирак, Ауғанстан елдеріндегі әскери кампанияларының аяқталуына байланысты АҚШ керісінше, қарулы күштерінің шығындарын 7,8 %  төмендетті.   

Ресейдің Украинаға көрсетіп жатқан қысымына байланысты Батыс Еуропа елдері жаппай қарулануда.  Эстония әскер санын 22 500 адамнан 30 000 көбейтті,   АҚШ-тан «Javelin» ауыр техникаға қарсы қолданылатын ракеталық кешенін,  Голландия мемлекетінің   оқ өткізбейтін 44-дана  CV9035 маркалы  техникасын сатып алды, сонымен қатар Эмари қаласында НАТО әскери базасын салдыруды жоспарлап отыр. Литва мемлекеті Польшадан ПЗРК GROM сатып алуға қосымша әскери бюджетке $60 млн қаржы бөлді. Латвия ағылшындардан 120 дана әскери-транспорт техникаларын,  Норвегиядан 800 дана ауыр техникаға қарсы қолданылатын ракеталық кешенін сатып алуға қосымша $50 млн бюджеттен қаржы бөліп отыр.Германия 2016 жылы $ 620 млн тұратын 131 дана оқ өткізбейтін техника сатып алуды жоспарлап отыр.  Премьер-министр Арсени Яценюктің 2014 жылы 16 желтоқсанда Брюссельде берген хабарламасында  Украинадағы бір күндік соғыс шығыны  95 млн гривенді (3млн дол) құрайды екен. Украина 2015 жылғы бюджетінде әскерге 1 млрд доллар,  ІІМ  1,3 млрд доллар, ұлттық гвардиясына 127 млн доллар қаржы жұмсауды қарастырып отыр.  

Мемлекеттердің жаппай қаруланып жатқандарына мына себептер әсер етуі мүмкін:

1. Еуропа елдерінің қарулануын үшке бөлуге болады: а) Ресейдің Украинаға көрсетіп жатқан агрессиялық әрекеттері; б) Қытайдың дамуы; в) Ислам факторы;

2. Ресейдің қарулануын үшке бөлуге болады: а) бұрынғы империялық держава статусын қайтару үшін; б) НАТО блогынан қорғану үшін қарулануда;  в) Ислам факторы;

3. Қытайдың  қарулану себебін екіге бөлуге болады: а) Үндістан, Жапония елдерімен шешілмей келе жатқан жер дауы, б) №1 экономикалық держава болғаннан кейін еріксіз АҚШ-пен қақтығысу мүмкіндігінің артуы;

4. Суниттердің көшбасшысы болуға талпынатын Сауд Арабиясының қарулануын екіге бөлуге болады: а) тікелей шиит мемлекеті Иранның дамуына байланысты;  б) Израиль, басқа да кәпір мемлекеттерінен төнетін қауіптер;

5.Түркияның қарулануын екіге бөлуге болады: а) Суниттердің көшбасшысы болып, Осман империясын жаңғырту; б)  Шиит мемлекеті Иранның қарқынды дамуы; в)  Израиль мемлекеті;

Кеңес  дәуірінде тоқтап қалған қарулану жарысы қайта басталды, ал оның немен аяқталатыны уақыттың еншісінде

Думан КӨПБАЕВ,

саясаттанушы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары