Осы жылдың 23 ақпанында Австрия түрмесінде өз өзіне қол салды деген Р.Әлиевтің жұмбақ өлімі өзімен бірге талай жұмбақты ала кеткені аян.
Бұл хабар естіген адамды «ылайым да өтірік болғай» деп, не «ылайым шындық болғай» деп тілей алмайтын жолайырық күйге түсіреді. Себебі, бұл қаза өтірік болса, онда Қазақ елінің сыртқы қауіпсіздігіне қауіп төніп тұр дегенді білдіреді (себебі-сәл кейінірек). Ал шындық болсын деп тағы тілей алмаймыз, қанша жерден өкпеге қисақ та өлімге қимайтын қазақпыз ғой. Осы хабар тарасымен кейбір көңілде жүрген түйткілдердің шетін тарқатсақ:
1. Р.Әлиевті Қазақстандағы ең ұзақ мерзімдегі бас бостандығын айыру жазасына кесілген адам деп бәзбір журналистардың бірін бірі тотықұстай қайталап жүргені бос далбаса. Олардың айтуынша, ол сырттай 40 жыл бас бостандығынан айрылыпты-мыс. ҚР Қылмыстық Кодексі бойынша (ескісі де, жаңасы да) 40 жыл деген мерзім жоқ. Тек қылмыстардың жиынтығы бойынша – 25 жыл, ал үкімдердің жиынтығы бойынша – 30 жыл. Ал сот сотталушыны 30 жылда түзеліп болмайтын адам деп тапса, тек өмір бойы бас бостындығынан айыру жазасына кесуі мүмкін. Ал заңда жоқ 40 жылды кім шығарғаны беймәлім. Егер де екі бөлек соттан 20 жылдан бас бостандығынан айырылған болса, соңғы болған сот үш нұсқаның бірін қабылдайды: 1) екі үкімнің жазаларын сіңіріп, соңғы жаза ретінде 20 жылды қалдыру; 2) Қылмыстардың жиындығы бойынша – 25 жылға дейінгі жаза бекіту; 3) сот үкімдердің жиынтығы орын алды деп тапса, 30 жылға дейінгі мерзімде бас бостындығынан айыру тағайындауы мүмкін. Соңғысында «сот үкімдердің жиынтығы орын алды деп тапса» деп шартты сөйлеммен жазып отырғанымыз, әдетте үкімдердің жиынтығы жазасын өтеп жатқандарға қатысты қолданылады, заң логикасына сай оның қылмыстардың жиынтығынан 5 жылға көп болу себебі – жазаға кесілсе де түзелу жолында емес, керісінше тағы бір қылмыс жасап қойғанда тағайындалады. Өздеріңіз білетіндей Р.Әлиев түзеу мекемесінде 1 күн де отырған емес.
2. Қайтыс болды деген Р.Әлиевтің мүрдесінің фотосуреті, не өзге көрнекі материалдары жарияланған жоқ. Қызығушылықтан емес, көз жеткізу үшін. Жат елдің аты – жат ел. Әр түрлі пиғыл бар. Оны көрсету қорлау емес, заңды процедура. Танып алу үшін бір туысқаны барды дегенді тағы естімедік. Оның қасында отыз жыл ел басқарған С.Хусейіннің де, М.Каддафидің де мүрдесінің фото-бейнесі жарияланған. Көрсе, көңіл суып, күдік сейіледі. Олай дейтініміз, қамауға алынып дәрменсіз күйге түскен Р.Әлиевке жалғыз Қазақстан шүйлігіп отырмағаны тағы да рас. Себебі, ол бірнеше жыл ҚР Ұлтық қауіпсіздік комитетінің басшысыларының бірі болды. Қат-қат мемлекеттік құпияларды білетін адам. Президентің айналасы, оның құпиялары деген әңгіме бізді көп қызықтырмайды. Кәдімгі еліміздің діңгегін құрап тұрған сыртқы қауіпсіздігіміздің кепілі болатын МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰПИЯЛАР. Кейбір құпия деген құжаттардың көшірмесін, қыл бұрау тарылғанда интернетке салып отыратын әдеті де бар-тын. Біздің ҚР Қылмыстық іс жүргізу заңына биыл ғана енгізілген, ал көптеген Еуропа мемлекеттерінде бәсенеден белгілі «процессуалдық келісім» дегенді естіген боларсыз. Оған сәйкес айыпты адам билікпен келісімге келеді, яғни «сіздер менен осындай-осындай айыптарды аласыздар, ал мен сіздерге мынандай-мынанды қызмет көрсетемін» деп жазбаша келісімге келеді. Р.Әлиевтің Президентпен, тіпті Қазақстанмен өзара есебі бар екенін ойласаң, күдік одан бетер қалыңдай түседі. Одан бөтен, Ресей қолына ғайыптан тайып түскен АҚШ ОББ-ның (ЦРУ) бұрынғы агенті Эдвард Сноуденді мемлекеттік құпиялардың қоржыны болғаны үшін ғана өз еліне бермей ұстап қалмады ма?!! Оған қатысты В.Путин «Ресей ешкімді ешқашан ұстап бермейді» деп сес көрсеткен жоқ па (http://ria.ru/politics/20130701/946915132.html) еді?!! Сондықтан бас араздықты ұмытып елдігімізді көрсетіп, тірісінде әкеле алмасақ та мүрдесін Қазақстанға әкеліп жерлегініміз абзал-ау... Осылай болса ғана көңілдегі секем сейілер.
3. Ол өзіне қол салардың алдында ғана бір адамдық камераға көшірілген екен, өйткені бұған дейін О.Марсель және К.Кристиан атты камераластары 3000 еуро ақша қорқытып талап еткен (http://lencmark.ru/последние-часы-жизни-рахата-алиева-в-п/). Жайлылау орынға көшіре салысымен жайсыз оқиғаның орын алуы да қисынға келіңкіремейді. Өлгісі келген адам жалғыз адамдық орынға көшірілуін күте ме?
4. Зерттеу барысында оның қанынан есіркі заттары табылды деген хабардың тарауы мәселені одан сайын қоюлата түседі (http://tengrinews.kz/kazakhstan_news/krovi-rahata-alieva-obnarujenyi-narkoticheskie-veschestva-270842/). Дәл осы уақытта Австрияда жүрген журналист С.Дуванов өзінің Фейсбук парақшасында Р. Әлиевтің қанында барбитурат атты бөгде элемент табылғанын және Австрия билігі әлі тергеу жүргізіп жатқандығын, суицид орын алды деп ресми түрде бекітпегенін жария етті. Сәл кейінірек, өзге сайттар да барбитурат табылғанын растап жазды және Австрия үкіметі шет елдік әріптестерін шақыра отырып, мүрдеге қайтадан зерттеу жүргізбекші екен (http://timeskz.kz/6519-minyust-avstrii-dogovorilsya-o-povtornom-vskrytii-tela-rahata-alieva.html).
5. С.Дувановтың айтуынша бұрынғы ҰҚК төрағасы Әлнұр Мұсаев та Р.Әлиев көз жұмған түрмеде отыр. Оның Э.Сноуденнің тағдырын, не Р.Әлиевтің тағдырын қайталамас үшін Қазақстан билігі жағдайды өз қолына алғаны ләзім. Өйткені, бәске қазақ елінің сыртқы қауіпсіздігін құрайтын мәліметтер тігіліп тұр.
6. Криминалистика тарихында жаңаша сарынмен танылып, кредит алып кісі өлтіруге тапсырыс берген, оппозициядағы саясаткер А.Сәрсенбаевтың өліміне тікелей себепкер ретінде 20 жылға сотталған Ержан Өтембаев былтырғы жылы «тапсырысты Р.Әлиев берді» деп ойда жоқта мәлімдеме жасаған болатын (http://news.nur.kz/339549.html). Бірақ мұның ақ-қарасын анықтау Р.Әлиевтің өзін күтіп жатыр еді, енді мұның ақыры күңгірт күйінде жабылайын деп тұр.
7. Із түзсіз жұмбақ жағдайда жоғалған «Нұрбанктің» бұрынғы топ-менеджерлері Жолдас Темиралиев пен Айбар Хасеновтің ісінің қалтарыстары да Р.Әлиевпен бірге сағымға сіңді.
Алмас ЖҰМАҒАЛИ,
заң ғылымдарының кандидаты