Қырғызстанның бас прокуратурасы Жогорку Кенеш депутаты, ел президенттігіне үміткер болған Өмірбек Бабановтың үстінен қылмыстық іс қозғады. Оған ұлтаралық алауыздықты қоздырды деген айып тағылып отыр. Бұл туралы аталған органның ресми сайтында жазылған.
Күдікке жалғыз Бабанов ілініп отырған жоқ. Сайлауалды науқан кезінде онымен бірге насихат жұмысын жүргізген өзге жақтастары да сотты болуы мүмкін. Оларға конституциялық құрылымға күшпен өзгеріс енгізбек болды", "Ұлтаралық және дінаралық алауыздықты қоздырды" деген айыптар тағылуда.
"Тергеуге дейінгі тексеру барысында белгілі болғаны, 2017 жылдың 28 қыркүйегінде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары барысында Қырғыз Республикасы Президенттігіне үміткер - Жогорку Кенеш депутаты Өмірбек Бабанов Ош қаласындағы өзбектер тығыз орналасқан "Амир Тимур" шағынауданының тұрғындарымен кездескен. Халық алдында сөйлеген сөзінде Бабанов өзбек халқының дауысын жинау мақсатында, елдегі құқық қорғау органдары тарапынан өзбек ұлтына қысым көрсетілетінін айта келе, оған қарсы тұруға шақырған", - делінген прокуратура таратқан хабарламада.
Бабановтың бұл айтқандары ұлтаралық алауыздықты қоздыруға негізделген ұран екені анықталыпты. Яғни, билікті құлатуды көздеген. Прокурорлар істі одан әрі тергеу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жолдапты.