$ 498.55  524.28  4.75

Қазақстан мен Өзбекстандағы президент сайлауының ерекшеліктері

Сарапшы ғалымдар Орта Азия елдеріне келесідей қауіп төнуі мүмкін дейді:              

 - наркотрафик,

 - діни экстремизм,

 - энергетикалық қауіпсіздік.

Осы қауіптердің қатарына біз жаңа пайда болған қауіптің түрі ел басшыларының ауысуын жатқызар едік. Нақты айтсақ, бұл қауіптің түрі Өзбекстан мен Қазақстанға төніп тұр.   Жақын арада Орта Азия елдерінің көшбасшылары – Қазақстан мен Өзбекстанда президенттік сайлау өтеді. Президенттік сайлау Өзбекстанда 29 наурызда өтсе, Қазақстанда 26 сәуір айында өтеді. Өзбекстанның президенті Ислам Каримов 76 – жаста, 1990 жылдың наурыз айынан бастап мемлекет тізгінін ұстап отыр. Біздің президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев биыл 6 шілдеде 74-ке келеді. Сөз жоқ, мойындау керек,  екі ел басшылары өз елдерінде тыныштықты сақтап, тәуелсіз мемлекет құруда, ол мемлекеттің  экономикасын  дамытуда қосқан үлестері зор, болашақта зор жетістіктерге жетуі мүмкін, бірақ екеуі биологиялық заңды өзгерте алмайды, жылдар сырғып өткен сайын организм жасармайды.  Сондықтан екі елдің халықтарының назарындағы көкейтесті №1 мәселе, бұл басшыларының жанжалсыз ауысулары, себебі билікті басқарудың  тізгіні бір адамның қолында шоғырланғандығы, болашақта  элиталар мен кландардың арасындағы таққа талас  ушығып кететін болса, «жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, немен аяқталатынның өзін болжау қорқынышты.

         Қазақстан мен Өзбекстанның президенттерінің қайта сайланатындарында ешкімнің күмәні жоқ, екеуінің сайлауда 90 пайыздан 100 пайызға дейін дауыс жинауы заңдылыққа айналған. Болашақ сайлауда олардың спаринг-партнеры болатын бәсекелестеріне келетін болсақ, олар туралы ауыз толтырып сөз қозғағым да келмейді, сайлау өткеннен кейін ертеңінде ұмытылып қалатын адамдар.  Өз елдерінде екі президентке бәсеке бола алатын, өздерінің соңынан халықты ертетін беделді тұлғалар қызыл кітапқа енген десек те болады.

Болашақ сайлауда Назарбаев пен Каримов жеңіп, президент болғандарына ешқандай  елдер қарсы болмайды, оның үстіне инвесторларға да қолайлы хабар болмақ. Ең бастысы,  Н.Назарбаев пен И.Каримовтың билік басында көп жылдар бойы ауыспай отыруы  Мәскеу, Пекин, Вашингтонның арқасы десем артық айтпас едім, себебі бұл елдердің экономикалық, саяси мүддесі мен қызығушылықтары екі президентке келіп тіреледі. Мойындауымыз керек, үш алпауыттың арасында тепе-теңдікті сақтап, көп векторлы саясат жүргізіп, өз елдерінің егемендігінің туын желбіретіп, барша елге танытқан Назарбаев пен Каримовтың жасаған еңбегі ерен.

  Қазақстан мен Өзбекстанның президент сайлауларының ұқсас жақтарын айтатын болсақ:   - екеуі де жетпісті алқымдаған ақсақалдар;

- бір партияда қызмет еткен бұрынғы коммунистар;

- екеуінің де сайлауға қатысатын лайықты бәсекелестерінің жоқтығы;

- кем дегенде 90-100 пайызға дейін дауыс жинау;

- сайлау кампанияларының стилистикалары да бір; 

Ерекшеліктерін айтсақ, ол, біреуі –Ташкентте сайлау график бойынша өтсе,  Астанада – мерзімінен бұрын өтеді.

Думан КӨПБАЕВ,

саясаттанушы

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары