$ 498.34  519.72  4.85

Елімізге танымал сарапшылар «Нұр Отан» партиясын жаңғырту тақырыбында ойларын ортаға салды

Жуырда ғана «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедті қабылдаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев билік партиясына жаңғырту жүргізу керектігін айтқан болатын. Елбасы ескірген көзқарастан арылып, халықпен жұмыс істесудің жаңа тетіктерін ойлап табуды Мұхтар Абрарұлына тапсырған. Сол уақыттан бері партияның бас аппаратында бірнеше рет жиын өтіп, партиялық жаңғыртуды жүргізудің жолдары талқыланып үлгерді. Осы талқылаулардың жалғасы әрі ең ауқымдысы бүгін Астанадағы партияның бас ғимаратында өтті.

«Жаңғыру мен жаңа идеялар арқылы жарқын болашаққа» атты Nur Otan Talks конференциясын қатысқан отандық танымал сарапшылар Қазақстанның үшінші жаңғыруы және партиялық жаңғыру мәселелерін талқылады.

TED Talks форматында өткен пікірталасқа негізінен Фейсбук желісінің қолданушылары қатысты. Осы ретте партияның аталған іс-шара туралы ақпаратын екі аптада 13 мыңнан астам қолданушы көріп, 250-ден астам адам қатысуға ниет білдіргенін айрықша атап өткен жөн.

Партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партияны жаңғырту және оның саяси жұмысына жаңа үлгілер мен әдістерді қолдану керектігі туралы нақты тапсырма берген болатын.

Осыған орай конференцияның модераторы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Жанна Құрманғалиева партия мүшелерінің, сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің, масс-медиа өкілдерінің және ел ертеңіне бейжай қарамайтын барша қазақстандықтар қатысатын, партияны жаңғыртудың өзекті мәселелері талқыланатын мұндай заманауи форматтағы сұхбаттасу алаңының маңызы жоғары екенін айтты.

Өз кезегінде саясаттанушы, әлеуметтік желінің белсендісі Саясат Нұрбек партияның біріктіруші күш екеніне ерекше назар аударып:

– Қай кезде де кедергілер мен қарсы пікір білдірушілер кездеседі. Яғни, жаңғыруды қолдайтындар да, сондай-ақ, оған қарсы шығатындар да болады. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін партия өзінің біріктіруші әлеуетін тиімді пайдаланып, екі аудиторияны ортақ мүддеге тоғыстыра білуі, – деді.

Іс-шараға қатысқан белгілі тележурналист Динара Сәтжан партияның заман ағымына ілесіп, қатарына жастарды көптеп тартуы керектігін айтты. Сондай-ақ, ол партияның масс-медиамен байланысын одан әрі жақсарту жөнінде өз ұсынысын жеткізді.

Партиялық жаңғырудың мәні мен маңызы тым тереңде екенін айтқан белгілі саясаттанушы Айдос Сарым осы мәселені дұрыс түсінуіміз керектігіне тоқталды.

– Жаңғыруды әр адам өзінен бастауы тиіс. Оны айқайлатып жарнамалаудың да қажеті жоқ. Ең бастысы жаңғырудың мәні мен маңызын дұрыс түсінуіміз керек. Біз өзіміздің олқы тұстарымыз бен мәселелерімізді ашық айтудан қорықпауға тиіспіз. Партиялық жаңғыру тек логотипті ауыстыру емес, нақты құндылықтар, философия мәселесін қамтитын ауқымды іс екенін түсінген кезде ғана партия уақыт талабына сай болады, – деді Айдос Сарым.

Ал партияның басты қызметі стратегиялық бастамаларды айқындау екенін айтқан экономист Рахым Ошақбаев: «Қазір тек «Нұр Отан» ғана емес, еліміздегі барлық партия жаңғырудан өтуі тиіс. «Нұр Отанның» тың бастамасы аясында экономикалық дамудың маңызды мәселелері бойынша ауқымды пікірталастар өткізілуі керек. Себебі, экономикалық өсім, әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюы – партияның басты міндеті», – деді.

Партия жанындағы жастар қозғалысының негізін қалаушылардың бірі, бүгінде қоғамдағы өзекті мәселелермен белсене айналысып жүрген белгілі жан Тәңірберген Бердоңғар да бұл басқосуға арнайы келді. Әр істі бірлесіп атқарудың берері мол екеніне назар аударған ол: «Елімді жаңғырту үшін маған алдымен өзімді жаңғырту керек. Реформалар жөніндегі тың бастамалар төменнен, яғни партия мүшелерінен, қоғамның қарапайым өкілдерінен басталуы керек. Қазақстандықтар партияға өз идеяларымен келулері тиіс. Өйткені, партия дегеніміз мүмкіндігі мол нақты күш. Сондықтан «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, көздеген мақсатқа бірлесіп жетуіміз керек», – деді.

Спикерлердің қатарында жастар арасында танымал актер, режиссер Нұртас Адамбай да болды. Әдеттегідей өз ойын ашық білдірген ол бірқатар ұсыныстарын да жеткізді. Өз сөзінде Н.Адамбай: «Партияның қарапайым халықпен байланысы бұрынғыдан да нығая түсуі тиіс. Халыққа етене жақын болыңыздар. Әлеуметтік желілердегі белсенділікті арттырыңыздар. Себебі, бүгінде аталған желілерді халық өте белсенді қолданады. Танымал болыңыздар. Осы тұрғыдан келгенде партия қоғамды алаңдатқан өткір мәселелер жөнінде пікір білдіріп, соған қатысты пікірталастарға белсенді қатысуы керек» – деді.

Сонымен қатар іс-шара барысында конференцияға қатысушылар «ашық микрофон» форматы аясында спикерлер мен партия өкілдеріне өздерін алаңдатқан сауалдарын жолдап, қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды бағыттары бойынша пікірталастың көрігін қыздырды.

Жалпы барлық қатысушылар конференция форматының жаңашылдығы және кездесуде айтылған ойлардың маңыздылығы жөнінде пікірлерін білдіріп, мұндай бастаманың дәстүрге айналуына тілектес екендерін білдірді.

Ал конференцияны ұйымдастырушылар бұл бағыттағы пікірталасты электронды форматта, яғни Фейсбук желісінде арнайы ашылған «Nur Otan Talks» парақшасында жалғастыруды ұсынды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары