$ 494.87  520.65  4.91

Үштіктен қандай өзгерістер күтеміз?

Foreign Affairs журналында жарияланған мақала авторлары Қазақстан, Қытай және Ресейдің мұнай өндірісі мен сату саласындағы келісімдерінің нәтижелеріне, осы үш мемлекет арасындағы энергетикалық байланыстың даму барысына талдау жасап, Ресейдің мұнай бағасын өсіру үшін қитұрқы әрекеттерге барып, тіпті, іске асуы неғайбыл саналатын, дүдәмалдығы басым амалдарға барудан бас тартпауы мүмкін деген болжамдарын алға тартады.

Олар осы айтқан болжамдарына дәйекті дерек ретінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тиімді шарттарға қол жеткізуде Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭС) Ресей мен Қазақстанның Қытайға қатысты энергетикалық стратегиясы үйлесімділігін қамтамасыз ету мүмкіндігіне айналады», — деген тұжырымын мысалға келтіреді. Одан әрі мақала авторлары: «Украинадағы дағдарыс салдарынан АҚШ бастаған Батыс елдері мен Еуроодақ мемлекеттері тарапынан Ресейге қарсы санкциялардың қабылдануы, осы оқиғалардың тікелей ықпал етуінің арқасында мұнай бағасының құлдырап кетуіне байланысты жағдай күрт өзгеріп кеткен соң, «жаңадан ықпалды Қытай, Қазақстан және Ресей үштігі мен бұл елдерде жұмыс істейтін халықаралық мұнай компаниялары пайда болды» деп жазады. Аталған басылымның жазуынша, «Қытай мен Ресей мемлекеттері арасындағы бүгінгі достық қарым-қатынас Қазақстанның да оң жамбасына келіп, қазақ елінің екі мемлекет арасын тең ұстауына көмектесіп отыр. Бұл достық қатынастар жуырда қайта сайланған Н.Назарбаевқа экономикалық өсімді нығайтып, ел ішіндегі саяси тұрақтылықты сақтап қалуға көмектеседі.

Үш ел элитасы арасындағы байланыс «үштіктің энергетикалық әріптестігі мен өзге саладағы ынтымақтастығын қамтамасыз етеді». Соның айқын айғағы — Қазақстан мен Ресейдің ExxonMobil сияқты ірі компаниялармен байланысының күшейіп келе жатқандығы. Каспий теңізі өңірінде орналасқан Қашаған кенішін игеруге ExxonMobil компаниясының қатысуы Кремльдің «оның кейбір технологияларын Ресейдің оффшорлық жобаларында қолдануға болады» деген үмітін оятып, Ресейдің болашаққа сеніммен қарауына негіз болып отыр. Бұл Қазақстанға өзара сауда-саттық пен өзге жобалар бойынша «Роснефть» пен Қытайдың CNPC компаниясымен қарым-қатынасында қосымша ықпал тетігі ретінде тиімді болмақ», — деген ойларымен бөліскен. Тағы да сол мақала авторлары Ресей президенті Владимир Путиннің «Ресей экономикасын құтқару үшін мұнай бағасын өсіруге көмектесетін сәл келеңсіздеу, бірақ іске аспайды деп үзілді-кесілді айтуға болмайтын» баруы мүмкін төрт амалдың қыр-сырын сипаттап көрсеткен. Олардың пікірінше, соңғы жарты жылда мұнайдың бір баррелінің бағасы шамамен 100 доллардан 40 долларға дейін — 50 пайызға жуық құлдырауы бюджетін бір баррель мұнай бағасын 100 долларға есептеп құрған Ресейді тығырыққа тіреген соң, «Путин Батыс күтпеген әрекеттерге баруға мәжбүр болуы мүмкін» деген қорытынды жасайды.
Бұл әрекеттердің мысалы ретінде ықтимал төрт сценарийді келтірген Foreign Policy-дің айтуынша, бұл — Иранмен жүріп жатқан ядролық келіссөздерге іріткі салу; мұнай өндіруші елдердің ішкі саяси ахуалын ушықтыру; немесе экспорт маршруттары өтетін шағын елдердегі жағдайды ушықтыру; тіпті болмаса мүдделі аймақтарда құпия операциялар жүргізу. «Путин Иранның қолында ядролық қару болғанын қаламағанымен, Батыстың Иранмен келісуге ұмтылысын өз мүддесіне қуана-қуана пайдаланары күмәнсіз. Кремльдегі кейбір саясаткерлердің, тіпті, келіссөздердің тығырыққа тіреліп, мүлдем сәтсіздікке ұшырауын қалаған мысықтілеулері болуы да ғажап емес. Иранға қатысты келіссөздердің күйреуі Иранның ядролық инфрақұрылымдарына әскери соққы беруге ұласып, ресми Тегеранды ұзақ мерзімді келісімге қол жеткізуден мүлде күдер үзуіне мәжбүрлеп, бұл Қиыр Шығыста дүмпуі асыра ықпал ететін қисапсыз зор аласапыранның басталуына түрткі салуы мүмкін. Бұл аз десеңіз, Ресей, мысалы, алыс-жақын шетелдердегі, айталық, Венесуэла, Ирак, Нигерия, Алжир, Әзірбайжан, Қазақстан немесе Мексика сияқты мұнай өндіруші шағын елдердегі жағдайды ушықтыра алады. Баку-Супса немесе Баку-Жейхан мұнай құбыры сияқты транзиттік маршруттарға да қысым жасауға қауқарлы. Жағдайды ушықтыруға қолайлы елдер қатарына саяси ахуалы шатқаяқтап тұрған Йемен мен саны аз шииттер мен жастардың жаппай наразылығы қауіп төндіріп отырған Сауд Арабиясын жатқызуға болатын сынды. Мысалы, Ормуз бұғазы жабылып қалса, әлемдік нарықта сатылатын мұнай көлемі әп сәтте 20 пайызға азайып, 1973 жылғы дағдарыс сияқты дүрбелеңді қайта туғызары кәміл. Ресей бұғаздың жабылуын тездететіндей күмәнді астыртын операцияға бара қалса, кінәнің бәрін Иранға аудара салуы әбден мүмкін», — деген болжамдарын да алға тартқан. Қалай десек те, мақала авторларының жазғандарында ақиқаттың ұшқыны барын ескерсек, кез келген болжамдарға мұрын шүйіре қарап: «Ешқашан іске аспайтын қияли ертегі, миф», — деп қорытынды жасауға болмайтынын әрқашан да есте ұстаған абзал сынды. Өйткені Алла Тағаланың өзі: «Тек сақтанғанды ғана сақтаймын», — деген ғой. Ендеше, өткеннен сабақ алып, жіберген қателіктен қорытынды шығаруға бейім тұру керек-ақ…

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары