Еліміздегі нәзік жандыларды қоғамдық-саяси және экономикалық саланың барлық бағыттарына тарту жөніндегі маңызды міндет Ұлттық комиссияның алдында қойылған болатын.
Қарағандыға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымының орынбасарлары, Парламент Мәжілісінің депутаты Е.Тарасенко және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Сүлеймен Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Жұмыс сапары барысында Ұлттық комиссияның басшылары Қарағанды облысының әкімі Н.Әбдібековпен кездесіп, өңірдегі әйелдердің саяси және экономикалық салаға қатысуы және Мемлекет басшысының елді нығайту үшін белгілеген бес институционалды реформаны жүзеге асырудағы әйелдердің үлесі туралы мәселелер талқыланды.
«Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген басым бағыттарды, сол сияқты бес институционалдық реформалардың міндеттерін қолдай отырып, біз оларды іске асыруға әйелдер белсене қатысады деп нық сеніммен айта аламыз. Ұлттық комиссияның алдында әйелдерді еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық өмірінің барлық салаларына барынша тарту жөнінде маңызды міндет қойылған. Біздің негізгі жұмысымыз өңірлік деңгейдегі жұмыстарды күшейтуге арналады, бұлар – әйелдердің жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, әйелдердің кәсіпкерлігін қолдау, Жаңа экономикалық саясат аясында әйелдерді барлық инфрақұрылымдық жобаларға тарту» деді Е.Тарасенко.
Қарағанды облысының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Сондай-ақ комиссия отырысына селекторлық режимде қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, жергілікті және өкілетті органдардың басшылары қатысты. Отырыста «Облыс өңірлерінде ерте некеге отыру және ана мәселелерін шешу туралы», «Қазақстан Республикасында отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы», «Абай ауданының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жұмысы туралы» мәселелер қаралды. Қоғамның рухани-адамгершілік дамуы, отбасылардың, жастардың бүгінгі әлеуметтік мәселерін шешу туралы мәселелер талқыланды.
Л.Сүлеймен: «Біз бүгін дөңгелек үстел жүргізуден бас тартып, елмен нақты жұмыс істеуге көшу, олардың қажеттілігін білу және осы мәселелерге биліктің назарын аудару, тұрмысы қолайсыз контингентпен тікелей байланысқа көшуіміз керек, қазіргі кезде біздің қоғамымызда жиі орын алатын теріс факторлардың, балаларға зорлық-зомбылық және қатыгездік көрсету, өзіне-өзі қол жұмсау, некеге ерте отыру, жасөспірімдік жүктілік және т.б алдын алу бойынша пәрменді шараларды қолдануымыз керек» деп атап көрсетті.
Ұлттық комиссия төрайымының орынбасарлары Қарағанды және Теміртау қалаларында әйелдер басқаратын бірқатар әлеуметтік нысандарға барып қайтты. «Карагандинский мелькомбинат» ЖШС, «Шапағат» балалар үйі, өмірде қиын жағдайға тап болған әйелдерге арналған «Мой дом» дағдарыс орталығының жұмысымен танысты. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің тарихи-мәдени орталығына барып қайтты.