$ 494.87  520.65  4.91

Парақорлықпен күресу – баршаның парызы

Халықаралық сарапшылардың бағасы бойынша Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама ең тиімді қүқықтық актілердің бірі  және соңғы үш жылдың ішінде біздің еліміздің әлемдік антикоррупциялық рейтингтік көрсеткіші жоғары болған. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап өтті, дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы Т.Қадырбаев Skifnews тілшісіне.

Оның мәлімдеуінше, Қазақстан – дамыған елдер қатарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғаушы күш болатын заң қабылдаған бірден-бір мемлекет. Одан бөлек, елімізде арнайы бағдарламалар, көпжылдық стратегиялық жоспарлар негізінде жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізіліп келе жатыр.

- Қоғамдағы келеңсіз құбылыстармен бітіспес күрес жүргізу – тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес, барлық ұлтжанды азаматтардың парызы.

Мемлекеттік органдар мен құзырлы мекемелер, құқықтық ұжымдар жемқорлыққа қарсы іс-қимылды қарқынды жүргізгенімен, кей салаларда аталмыш індеттің көрініс беріп қалуы тыйылмай тұр. Ел заңдарын айналып өтіп, жеке басының қамын жемқорлықпен күйттегісі келетін лауазым иелері мемлекетке орасан зор шығын келтіруде. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күрестің басты бағыты – оның алдын алу. Осы орайда, ең бастысы, әрбір сыбайлас жемқорлыққа жататын әрекет жасаған тұлғаның іс-әрекеттері дер кезінде анықталып, заң талаптарына сай шешім қабылдау болып табылады, - дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы.

Судья Т.Қадырбаевтың мәлімдеуінше, Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Қазақстанның тәжірибесінде жинақталған үш негізгі шартты атап көрсетті. «Біріншіден, қатал әрі әділ заңдар қажет. Екіншіден, күшті саяси жігер қажет. Үшіншіден, барша қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қажет». Тек осы жағдайда ғана бұл дертті ауыздықтауға мүмкіндік тумақ.

- Ғылыми деректерге сүйенсек, шабуыл, зорлық-зомбылық, кісі өлтіру сияқты қылмыстардан мыңдаған, он мыңдаған адам, ал, сыбайлас жемқорлық қылмыстарынан миллиондаған адам жапа шегеді екен. Бұл қылмыс өз қызмет бабын, құқықтық мәртебесін және лауазымның беделін пайдалану жолымен жасалады. Яғни осы әрекеттер мүліктік немесе басқа да пайда табуға және қандай да бір мүдделер мен қажеттіліктерді қанағаттандыруға тікелей бағытталған, - деді судья.

Т.Қадырбаев осы сипаттағы құқықбұзушылық пен қылмысқа жаза тағайындау Оңтүстік Қазақстан облыстық соттарының жіті қадағалауында екендігін атап өтті.

Судьяның мәлімдеуінше, сотқа Қазақстан Республикасы ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігімен (сеніп тапсырылған бөтеннің мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету), 361-бабымен (қызмет өкілеттігін теріс пайдалану), 366-бабымен (қызметтік жалғандық жасау), 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен (қызмет бабын пайдаланып алаяқтық жолымен бөтеннің мүлкін ұрлау) жайлы түскен істер аз емес.

- Көптеген заң бұзушылықтар, жергілікті атқарушы орган басшылары тарапынан және басқа да салада қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар тарапынан орын алып жатады. Олардың барлығы да ірі мөлшерде айыппұл төлеуден бастап сынақ мерзімімен бас бостандығынан айыруға дейін қатаң жазаға тартылды. Алайда, парақорларды анықтап, оларды сотқа тарту жеткіліксіз. Әрбір қоғам бұл қылмыстың қаншалықты ауыр екенін, оның мемлекетке үлкен зиян келтіретінін түсіну керек, - дейді ОҚО сотының судьясы.

Т.Қадырбаевтың айтуынша, 2014 жылы желтоқсан айында 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегия қабылданды. Бұл стратегияның мақсаты мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы оған қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады.

Судья биылғы 1 қаңтардан бастап Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық, Қылмыстық атқарушылық кодекстер мен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстері қолданысқа енгізілгенін, осы жаңа кодекстерде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және оған қарсы күрес бағытындағы мәселелері де қарастырылып, өзгерістер енгізілгеніне де тоқталды.

- Қылмыстық кодексте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қылмыстық әрекеттер бойынша сотталған мемлекеттік қызметкер барлық шендік сыйақыларынан айырылып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынады. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қылмыс жасаған тұлғаға шартты жаза тағайындалмайды, сонымен қатар, алынған параға қылмыстық жаза ретінде еселенген айыппұл белгіленеді. Осылайша құқықтық нормалар шегінде парақордың пара алу мүмкіндігін шектеп қана қоймай, пара алудың өзін тиімсіз ету қолға алынды, - деді судья Т.Қадырбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары