$ 494.87  520.65  4.91

Дамыған 30 елдің қатарына ену үшін Қазақстанда барлық мүмкіндік бар

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының өңірлерге сапары аясында депутат Әмірхан Рақымжанов Ақтөбе облысының Әйтеке би және Ырғыз аудандарына болып, жұртшылықпен жүздесті. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

Мәжіліс депутаты сапары барысында Қарабұтақ ауылына ат басын бұрып, Әйтеке би атындағы музейде болды. Одан кейін «Балбұлақ» балабақшасына барып, мектепке дейінгі ұйымның тыныс-тіршілігінен хабардар болды. Мекеменің ғимараты былтыр пайдалануға берілген. Қазір 41 бала тәрбиеленуде. Мәжіліс депутаты талапқа сай қызмет жасап тұрған балабақшаның жұмысын оң бағалады. Ол сондай-ақ Қарабұтақ және Еңбекту ауылын ауыз сумен қамтамасыз етіп тұрған «Қарабұтақ-Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының жұмысымен танысты.

Сонымен қатар, «Ырғыз-Торғай мемлекеттік резерваты» мемлекеттік мекемесінде қызметкерлерімен кездесті. 2007 жылы құрылған мекеменің негізгі міндеті - Бетпақдала таралымындағы киіктерді қорғау, сақтау және көбейту және дүниежүзілік маңызы бар Рамсар Конвенциясы тізіміне енгізілген сулы-батпақты өлкені қорғау болып табылады. Айта кетерлігі, мекеме ашылғалы ақбөкендер саны баяу, бірақ тұрақты өсіп келеді. ҚР Зооинститут мәліметтері бойынша Бетпақдала таралымындағы киіктердің саны 2007 жылы 22,8 мың болса, 2014 жылы 216 мыңға жеткен.

Бұдан бөлек,  ҚР Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжановтың Ақтөбе облысындағы іссапары Хромтау ауданында жалғасты. Депутат алдымен шаһардағы жол жағдайымен танысты. Содан соң қаладағы сүт өнімдерін дайындайтын «Агрофирма «Тау» ЖШС-не болды. Бұл нысанда тәулігіне 20 тонна сүт өнімдері дайындалады. Енді айран мен сүттен өзге сүзбе, ірімшік, май сияқты сүт өнімдерін өндіру жоспарлануда. Серіктестік қазір 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мәжіліс депутаты Ә. Рахымжанов сондай-ақ, жұмысын енді бастаған шұжық өнімдерін дайындайтын жаңа цехта да болды.

«Тұтастай алғанда, біз аймақтың аудандары мен ауылдарын аралап, мемлекеттің барлық әлеуметтік бағдарламаларының ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанына куә болудамыз. Алдымызда Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыру тұр. Дамыған 30 елдің қатарына ену үшін бізде барлық мүмкіндік бар», - деді Мәжіліс депутаты тұрғындармен кездесу барысында.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты, белгілі батысқазақстандық ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Виктор Киянский мырза да бұл мәселені жергілікті халыққа жан-жақты түсіндіруде. -Біз алғашқы күндері әріптестерім Шавхат Өтемісов, Самиғолла Оразов, Елена Тарасенкомен бірге Орал қаласындағы «Жастық» агрофирмасы» ЖШС-ның сүт зауытымен таныстық, деді В.В.Киянский. Мұнда айран, кілегей, майлығы 3,2 және 2,5 пайыз сүт, балмұздақ, барлығы 15 түрлі сүт өнімдері өндіріледі екен. 50 адам жұмыс жасайтын кәсіпорында тәулігіне 2,5 тоннадай сүт өнімдері өңделеді. Қазіргі кезде өндірісті кеңейту мақсатында жаңа цех салынып, ол осы заманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмекші. Бұл ретте депутаттар кәсіпорын директоры Хамзат Исаевқа «Агробизнес - 2020» бағдарламасына қатысу керектігін еске салды. Ол демеуқаржы есебінен шығынның жартысын жабуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, ДСҰ жағдайында бәсекеге қабілетті болуы үшін отандық өндіріс орындары бар қолдау-көмекті пайдаланып қалу керек. Мәжіліс депутаттары сондай-ақ мемлекет тарапынан қолдау тауып отырған «Орал трансформатор зауыты», «Родник» ЖШС-да болды. Қазіргі нарыққа қажетті жұмысшы мамандар даярлайтын Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің бүгінгі хал-ахуалы да бей-жай қалдырған жоқ.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Мәжіліс депутаттарын арнайы қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы, жол құрылысы, Орал әуежайын күрделі жөндеу және басқа да атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді. Өз кезегінде депутаттар Парламенттің заңшығарушылық қызметі жөнінде хабардар етіп, бұл ретте облыстардың да заман ағымынан қалмау үшін орталық органдармен қоян-қолтық байланыс жасай беруі қажеттігін атап көрсетті.

Енді депутаттар әрқайсысы өз жоспарлары бойынша жұмыс жасамақ. Мысалы, мен алдағы тамыз айының орта шенінде тұрғындармен кездесуді жалғастырамын. Ақсай қаласында болғым келеді, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаймын. «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүзеге асырудың маңыздылығын елге жеткіземін. Біз бұған дейін Үкіметпен бірлесіп ұлттық комиссияда жұмыс жасадық. Мысалы, мен Дариға Нұрсұлтанқызы жетекшілік ететін топта болып, 97-100-қадамдарды нақтыладық. Айталық, 97-қадамда мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беру керектігі айтылғаны мәлім. Шындығында IT технологияны енгізу ісін жеке компания жақсырақ атқара алады. Автокөлік қызметі және басқа қызметтерді де бәсекелестік ортаға беруге болады. Тек бұдан мемлекет зиян шекпесе болды. 98-қадамда айтылған селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу де маңызды. 99-қадамда атап көрсетілгеніндей, мемлекеттік органдар мен әкімдер жанында қоғамдық кеңестер құрылатын болады. Бұл кеңестердің өкілеттіліктері мен мәртебесі заңмен бекітіледі. Сол секілді 100-қадамда «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылып, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатыны көрсетілген. Мемлекеттік қызметті сапа менеджменті ISO 9000 сериясына сәйкес халықаралық сертификаттау да заман талабынан туындап отыр.

-Виктор Владимирович, осы жұмыстар Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында атқарылып жатыр ғой. Ел бірлігіне жететін ештеңе жоқ. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

-Иә, оған сөз бар ма! Елбасымыздың бастауымен құрылған Ассамблея жиырма жыл ішінде өзінің өміршеңдігін көрсетті. Ұлтаралық татулыққа жететін ештеңе жоқтығын дәлелдеді. Ендігі міндет - осы жетістіктерімізді баянды етіп, ел ішіндегі тұрақтылықты одан әрі орнықтыру. Бұл ретте Ассамблеяның Астанадан бастап аудандарға дейін үйлесімді жұмыс жасауы маңызды. Осы орайда аудандық ұлттық-мәдени орталықтарда болып, олардың да тыныс-тіршілігімен таныспақшымын. Елбасымыз тілдің үш тұғырлылығы мәселесін тегін қойып отырған жоқ. Қазақстан азаматтары қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тең меңгерген жағдайда ғана әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті бола алады. Өз басым қазақ және орыс сөздерін үнемі салыстыра зерттеп, олардың шығу тегінің жақындығына ден қойып отырамын. Тамырымыз бір екендігіне еш күмән келтірмеймін. Біз өткен тарихымыздан елді біріктіретін деректерді іздеуіміз керек. Біздің ата-бабаларымыз осы күнге жетсек екен деп армандаумен өтті. Соған Елбасымыздың саясаты арқасында қол жеткізіп отырмыз. «Мәңгілік ел» - ұлы идея. Оны жүзеге асыруға, ұлтымызға қарамастан, бәріміз мүдделі болып, үлесімізді қосуымыз керек. «Мәңгілік елдің» бір қанаты Ассамблея болса, екіншісі Еуразиялық одақ деп түсінемін. Астананың өзі «Мәңгілік ел» салтанат қақпасымен (триумфалды арка)   ашылып, Тәуелсіздік сарайы сынды еңселі ғимараттарымен мақтана алады. Арка сөзі арқа, негіз дегенді білдіреді. Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы сынды мерейлі белесті де көп ұлтты халқымыз ерекше мақтанышпен атап өтпекші. Қазақстанның батысындағы Сарайшық, Бөкей ордасын сол Қазақ хандығының кезеңдері деп айтуға болады. Ендеше, осындай бай тарихымызды ұмытуға бола ма, біз өткенімізді қастерлеп, бүгінімізді бекемдесек қана «Мәңгілік ел» деп аталатын жарқын ертеңімізге жете аламыз.

Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында былай деген болатын:

«Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақмерзімді басымдықтары белгіленген. Біз мына басым бағыттар бойынша бірқатар мәселелерді шешуіміз керек.

Бірінші. Инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсу маңызды. Мен Үкіметке 2016-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустрияландырудың Екінші бесжылдығы жобасы жөнінде бірқатар тапсырмалар бердім. Индустрияландыру басымдықтары санын шектеу керек.

Бізге дәстүрлі өндіруші секторлар тиімділігін арттыру маңызды. Бұлар – біздің бәсекедегі табиғи артықшылықтарымыз. Бізге мұнай-газ секторының экспорттық әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелері керек. Мұнай мен газ өндірудің ықтимал сценарийлері бойынша түбегейлі шешімге келу керек. Сирек металдардың ғылыми қамтымды салалар – электроника, лазерлік техника, коммуникациялық және медициналық жабдықтар салалары үшін маңыздылығын ескере отырып, оларды игеру ауқымын ұлғайту қажет.

Қазақстан геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуға тиіс. Тиісті заңнаманы жеңілдете отырып, бұл салаға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартқан жөн. Жалпы, дәстүрлі салаларға қатысты біздің оларды дамыту жөніндегі бөлек жоспарларымыз болуы керек. Әрбір келесі бесжылдықтың нақты нәтижесі экономиканың жаңа салаларын қалыптастыру болуға тиіс. Бірінші бесжылдық аясында автомобиль және авиақұрастыру, тепловоз, жолаушылар және жүк вагондары өндірісі жолға қойылды. Оларды кеңейтіп, сыртқы нарықтарға шығару керек.

Сонымен, 2050-ге дейінгі қалған жылдар жеті бесжылдыққа бөлінеді, олардың әрқайсысы бір мақсат – дамыған 30 елдің қатарына кіру мәселесін шешеді.

Екінші және одан кейінгі бесжылдықтарда мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, робот техникасы, гендік инженерия салаларын, болашақтың энергиясын іздеу мен ашудың негізін салған жөн. Мемлекет жұмысының негізгі бөлігі Қазақстан бизнесін, әсіресе шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау болмақ. Таяудағы 10-15 жылда ғылыми қамтымды экономикалық базис жасау керек, онсыз біз әлемнің дамыған елдері қатарына қосыла алмаймыз. Мұны дамыған ғылым арқылы шешуге болады.

Екінші. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды. Бұл – біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс. Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек.

Бірінші кезекте, әсіресе баға қалыптастырудың ашық механизмдері арқылы тиімді жер нарығын құру маңызды. Ауылшаруашылық жерлерін инвестиция тарту және озық технологиялар енгізуді ескеріп жалға бергенде ғана бәсеке күшейеді. Ауыл шаруашылығында бизнестің дамуына, фермерлер кооперациясы үдерісіне, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын барлық кедергіні жойған жөн.

Болашақ – аграрлық секторда, әсіресе, шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құруда. Бұл тұста біз бизнесті несие арқылы қолдауға тиіспіз. Фермерлер ұзақмерзімді қаржыландыру мен өткізу нарықтарына делдалсыз, тікелей шыға алатын болуға тиіс. Ауыл өндірушілерінің қарыздарын кепілдендіру және сақтандырудың тиімді жүйесін құру да өзекті мәселе.

Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуға тиіс. Егін шаруашылығында суды көп қажет ететін тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніспен, майлы және азықтық өнімдермен алмастыру жолына бет бұру керек. Агрохимикаттарды тиімді тұтынудың, қуаң жерлерде топырақты нөлдік өңдеудің заманауи технологиялары мен өзге де инновацияларды қолдануды кеңейтудің кешенді шаралары қажет.

«Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі қабылданған тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай егіс алқаптарының 15 пайызы суды үнемдеу технологияларына көшірілетін болады. Біз аграрлық ғылымды дамытып, сынақтық аграрлық-инновациялық кластерлер құруымыз қажет. Уақыт көшінен қалмай, табиғи азық-түлік өндірумен қатар құрғақшылыққа төзімді гендік-модификацияланған өнімдер өндірісін де жүргізу маңызды. Айтылған міндеттерді ескере келіп, Үкіметке агроөнеркәсіп кешенін дамыту жоспарына түзету енгізуді тапсырамын.

Үшінші. Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Бұл бағыт бойынша венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы жетілдірген жөн. Үкіметке биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін тиісті заң жобалары топтамасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізуді тапсырамын. Ғылымды қаржыландыру көлемін біртіндеп арттырып, оны дамыған елдердің көрсеткіштеріне жеткізу жөнінде нақты жоспар қажет.

Шетелдерден инвестиция тартуды толықтай елімізге білім мен жаңа технологиялар трансферттеу үшін пайдалану керек. Шетелдік компаниялармен бірлесіп, жобалық және инжинирингтік орталықтар құру қажет. Бізге ірі мұнай-газ және тау-кен металлургиялық нысандарында жұмыс істейтін жетекші трансұлттық компанияларды олар осында өз қажеттілігі мен сервисін қамтамасыз ету үшін өндірістер құруға шақырғанымыз жөн. Мен кейбір ірі компаниялардың бұған дайын екендігін білемін. Үкімет осы мәселені қайта пысықтап, қажет болған жағдайда бұл үшін барлық жағдайды жасағаны жөн. Жабдықтарды өз елімізде өндіруімізге де болатын кезде шет елден тасымалдаудың қажеті жоқ.

Ұлттық инновациялық жүйенің, оның негізгі институттарының тиімділігін арттыру маңызды. Олардың белсенділігін стартаптарды және венчурлік мәмілелердің бастапқы кезеңдеріне қолдау көрсетуге бағыттаған жөн. Ірі қалалық агломерациялардағы, әсіресе Астана мен Алматыдағы технологиялық парктердің жұмысын жандандыру керек. Алғашқы зияткерлік-инновациялық кластер қазір Астанадағы Назарбаев университетінің арқауында табысты жұмыс істеуде. Ал Алматыда мұндай кластер – «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі. Технопарктерде қазақстандық ірі компаниялардың қосалқы өндірістерін орналастыру үдерісін ынталандыру шараларын ойластыру маңызды.

Төртінші. Инфрақұрылымдық үштаған – агломерацияның, көліктің, энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету керек. Агломерациялар – Қазақстанның ғылыми қамтымды экономикасының ұстыны. Елдің орасан зор аумағын, халықтың орналасу тығыздығының төмен екенін ескерсек, агломерациялар қалыптастыру мен дамыту – маңызды мәселе. Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ірі қалалар – Астана мен Алматы, одан соң – Шымкент пен Ақтөбе болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналады, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетеді.

Көлік инфрақұрылымы – индустриялық экономика мен қоғамымыздың тамырына қан жүгіртетін жүйе. Сапалы заманауи магистральдарсыз дамыған ел болмайды деп мен талай рет айттым. Бұған қоса, Қазақстанның қатынас жолдары оның Еуропа мен Азия, Солтүстік пен Оңтүстік арасында орналасуы тұрғысынан маңызды мәнге ие. Елде жолдар желісін жасау үшін біз «Астана – Қарағанды – Алматы», «Астана – Павлодар – Өскемен», «Алматы – Қапшағай – Өскемен» автожолдарын салуды бастадық. Осы бағыттар бойынша пойыздар қазірдің өзінде екі есе жылдам жүріп жатыр.

Логистикалық қызмет көрсету секторын дамыту қажет.

Ең алдымен біздің жүктерімізді тасымалдау үшін Кеден одағы аумағын барынша пайдалану туралы сөз болып отыр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің құрылысы да аяқталуға таяу, Парсы шығанағына шығу үшін Түрікменстан мен Иранға теміржол тартылды. Келешекте Қазақстан теңізге шығатын жолдары бар елдерде логистика орталықтарын құруға инвестиция салуға тиіс. Жүктерді кедендік өңдеу мерзімдерін қысқартып, шекара өткелдерінің өткізу мүмкіндігін арттырып, Ақтау портының қуаттылығын күшейтіп, экспорт-импорт операцияларының ресімдерін жеңілдету керек.

Біз ұзындығы 1200 шақырым болатын Жезқазған – Шалқар – Бейнеу жаңа теміржолын салып жатырмыз. Ол орталықтың көптеген аудандарына жан бітіріп, елдің шығысы мен батысын тікелей байланыстырады. Бұл орасан құрылыс 2015 жылы аяқталады. Бұл магистраль Каспий мен Кавказ арқылы Еуропаға шығуға мүмкіндік береді. Ал шығыста Тынық мұхиттағы Ляньюньган порты арқылы шығамыз,бұл жөнінде ҚХР-мен келісім бар.

Біз энергетиканың дәстүрлі түрлерін дамытатын боламыз. Жылу-электр стансаларынан шығатын қалдықтарды тазарту жөніндегі ізденістер мен жаңалықтарға, өндіріс пен тұрмыста жаңа технологиялар арқылы жаппай электр қуатын барлық жерде үнемдеуге қолдау көрсету қажет. Таяуда Еуроодақтың ірі компанияларының алғашқы ондығы Еуроодақтың әйгілі жасыл экономика тұжырымдамасы негізінде қабылданған энергетикалық стратегиясына қарсылығын жариялады. Еуроодақ оны жүзеге асырған төрт жылда 51 гигаватт энергия қуатын жоғалтты. Жасыл экономика бағдарламасымен жұмыс жүргізе отырып, біз осы қателікті ескеруіміз керек.

Астанадағы Дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындықты болашақтың энергиясын іздеу және жасау жөніндегі озық әлемдік тәжірибені зерделеу мен енгізу орталығын құру үшін пайдалану керек. Мамандар тобы Назарбаев университетінің қолдауымен осы жұмысқа кірісуге тиіс. Біз қоғамдық көлікті отынның экологиялық таза түрлеріне көшіруге, электромобильдерді енгізуге және олар үшін тиісті инфрақұрылым қалыптастыруға жағдай жасауымыз керек. Еліміз бензинді, дизель отынын, авиация керосинін молынан өндіруді қажет етіп отыр. Жаңа мұнай өңдеу зауыттарын салу қажет.

Сонымен қатар, ядролық энергетиканы дамытудың келешегін ұмытпау керек. Әлемнің таяудағы даму келешегінде арзан атом энергиясына деген қажеттілік өсе түсетін болады. Қазақстан – уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Біз АЭС отыны үшін төл өндірісімізді дамытып, атом стансасын салуға тиіспіз.

Бесінші. шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Мұндағы менің ұстанымым айқын екенін білесіздер, оны талай айтқанмын. Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі. Бізде шағын және орта бизнестің 800 мыңнан астам субъектісі бар, онда 2,4 миллионнан астам қазақстандық еңбек етеді. Бұл сектордағы өнім көлемі төрт жылда 1,6 есе өсті және 8,3 млрд. теңгені құрап отыр.

Жаһандық рейтингке сәйкес, Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз. Шағын және орта бизнес – біздегі Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі. Оны дамыту үшін жеке меншік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс.

Шағын бизнесті мамандандыруды келешекте оларды орта деңгейге көшіру перспективасымен дамыту шараларын қабылдау маңызды болмақ. Осы сектор субъектілерінің банкроттығының айқын тетіктерін енгізген жөн. Шағын және орта бизнес жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде дамуға тиіс. Мен Үкіметке индустрияландырудың екінші бесжылдығы жоспарын «Бизнес-2020» жол картасымен үйлестіруді тапсырдым. Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жұмысын жаңа бастаған бизнесмендерге әдістемелік көмектің тиімді тетіктерін жасауы керек.

Алтыншы. Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек?

Біріншіден, барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс.

Таяудағы 3 жыл ішінде, 2017 жылға дейін орын жетіспеушілігін жойып, қажетті жерлерде елдегі барлық мектепті екі ауысыммен оқытуға көшіру керек. Үкімет пен әкімдер осы міндетті орындау үшін бюджет қаражатының бөлінуін қарастырғаны жөн. Таяудағы 2-3 жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет. Үкіметке 2014 жылғы 1 маусымға дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын.

Жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу қажет. Үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларды қолдаудың тиімді жүйесін жасау қажет деп санаймын. Үкіметке 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап стипендиялар мөлшерінің 25 пайызға өсірілуін қамтамасыз етуді тапсырамын.

Екіншіден, денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту. Міндетті медициналық сақтандыру енгізу мәселесін зерттеген жөн. Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі – медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу – аурудың алдын алудың негізі.

Үшіншіден, жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн. Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Онда қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу керек.

Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн.

Төртіншіден, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік пакеттерін қайта қарастырған жөн. Үкіметке азаматтық қызметшілер еңбекақысының жаңа үлгісін әзірлеуді және 2015 жылғы 1 шілдеден бастап енгізуді тапсырамын. Ол қызметкерлердің еңбекақыларын денсаулық сақтау саласында – 28, білім беру саласында – 29, әлеуметтік қорғау саласында 40 пайызға дейін арттыруды қамтамасыз етуге тиіс.

Бесіншіден, мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді. Сондай-ақ, 5-10 адамға арналған арнайы квотаны енгізу мүмкіндігін қарастыруға болады.

Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады. Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы осы жұмысты қолға алғандары жөн. Егер қажет болған жағдайда Үкімет бұл мәселені барлық компаниялармен бірлесе пысықтап, тиісті шешім қабылдауы керек. Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы көлемін Үкіметке 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 пайызға арттыруды тапсырамын. Мүгедектер бірлестіктері қызметінің құқықтық базасын жетілдірген жөн.

Үкіметтен бастап жергілікті әкімдерге дейінгі барлық мемлекеттік органдардың олармен жұмысын күшейткен маңызды. Кедейлік деңгейін одан әрі төмендетіп, жұмыссыздықтың өсуін тежеген жөн. Бұл ретте масылдық пиғылдың өрістеуіне жол бермеу маңызды.

Мемлекеттік көмек алушылардың барлығы үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімделуге көмектесетін бағдарламаларға міндетті қатысу туралы ереже енгізу керек.

Жетінші. Мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалы қажет. Мемлекеттің үкіметтік емес сектормен және бизнеспен өзара іс-қимылының жаңартылған тәсілдері керек. Заң алдындағы теңдік құқық тәртібінің шынайы негізі болуға тиіс.

Сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс. Барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру қажет. Зор өкілеттілік пен құқық иеленген шенділер мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленуге тиіс.

Аса маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру.Әкімшілік реформа қажетсіз қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауға тиіс. Халық алдында есептілігін арттырып, нәтижеге деген жауапкершілігін күшейте отырып, жергілікті жерлердегі басқару органдарына көбірек дербестік беру керек. Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, биылғы 1 шілдеге дейін осы айтылған барлық мәселелер жөнінде кешенді ұсыныстар енгізуді тапсырамын.

Мемлекеттік кәсіпорындардың, ұлттық компаниялар мен бюджеттік мекемелердің кадр саясатына меритократия қағидаттарын енгізуді жалғастыру қажет. Үкіметке «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілерінің еңбекақысын 2015 жылғы 1 шілдеден бастап – 15 пайызға, ал 2016 жылғы 1 шілдеден бастап – тағы 15 пайызға арттыруды қамтамасыз етуді тапсырамын.

Мемлекетіміз бен қоғамымыз алдында тұрған әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу жолындағы нақты міндеттер осындай. Біздің алдымызда оларды заң жүзіне және нақты шешімдерге айналдыру міндеті тұр».

«Уақыт – қадірін білгенге қазына» дейді дана халқымыз. Кез келген адам баласына бұ дүниеде шектеулі ғана уақыт берілетінін білсек те, оған жете мән беріп, ескере бермейтініміз қызық. Дегенмен, өлшеніп берілген сол уақытты мезгілінен бұрын қолдана алмайтынымыз да, өтіп кеткен уақытты кері қайтара алмайтынымыз да бесенеден белгілі. Осындайда біз уақыттың қадірін сезіне алып жүрміз бе – деген сауал туындайды. Ал енді уақыт өлшемін адамның емес, мемлекеттің ғұмырымен бағамдасақ қалай болады? Кез келген мемлекет өзіне берілген уақытты тиімді пайдалануы қажет десек, біздің де үлкен қадамдар жасап, кейде шұғыл шешім қабылдауымызға тура келетіні анық. Осы тұрғыдан алғанда дер кезінде айту, дер кезінде жүзеге асыру, дер кезінде орындау сынды қағидалар біз үшін, яғни Қазақстан атты жас мемлекет үшін аса маңызды. Сол себепті де Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы өзекті әрі уақытылы айтылған деп ойлаймыз. Еліміздің болашағына құрылған бұл саяси құжатта айтылған сөздер өте орынды және маңызды. Себебі, төрткүл дүниеде болып жатқан құбылыстарды ескеретін болсақ, еліміздің 2050 жылға дейінгі бағытын алдын-ала айқындауы өте дұрыс. Сонымен қатар, Жолдауда «Мәңгілік Ел» идеясы, «Тәуелсіз Қазақ елінің болашағы және ұлт тұтастығы» аясында бірқатар мәселелер көтеріліп, ұлт тұтастығына, ұлтаралық тұрақтылық мәселесіне ерекше назар аударылғаны қуантқанын несіне жасырайық.

Осыдан бір жылдан аса уақыт бұрын Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, ол жерде еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағыт-бағдарын ұсынған болатын. Ол құжат бойынша ең негізгі мәселе – Қазақстанның 2050 жылға дейін дамыған отыз елдің қатарына қосылуы болатын. Н.Назарбаев: «Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті», – деп атап өткен. Осы құжатта көптеген мәселелер қамтылып, нақты жобалар, жоспарлар мен тапсырмалар берілген еді. Солардың қатарында, бүгін біз сөз еткелі отырған «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» мәселесі де айтылды.

Жалпы, қазақ халқы ықылым заманнан еңбекке баулу тұрғысынан ұрпағына тәрбие мен тәлім беріп отырған. Оған «Еңбек түбі береке...», «Ер дәулеті – еңбек», «Кедейлік кетсін десең, молшылық жетсін десең – еңбек ет», «Еңбегіне қарай табысы», «Көп еңбегі – көңілді», т.б. толып жатқан мақал-мәтелдер мен даналы сөздер мысал бола алады десек, артық айтқанымыз емес. Қазақтың кез келген шаңырағында шыр етіп дүниеге келген сәбидің тәрбиесіне ерекше мән берген. Ұлттық тәрбиеміздің кереметтілігінің де бір көрінісі осы болса керек. Себебі, қазақ баласын оңай жолмен мал табуға емес, кез келген жетістікке адал еңбегімен жету керектігін айтып, тәрбиелеген. Адамның адамгершілігіне, кісілігіне, адалдығына жете мән бергені соншалық, әр ата-ана, ата-әже ұрпағына «тура бол, әділ бол, таза бол» деген сыңайда ақылын айтып отырған. Үлкеннің жолын кеспеу, өтірік айтпау, ғайбат сөйлемеу, сондай-ақ, кішіпейіл болу, кешірімді болу, жамандықтан бойын алшақ ұстау қажеттігін шегелеп айтып отырған бұрынғының кісілері қандай данагөй болған дерсің. Сол заманның сарқыншақтары, көнекөз қариялардан тәлім алған, қазақы тәрбиеден сусындаған жандар әлі де арамызда бар. Олар әр нәрсеге, әрбір жетістікке өз күшімен жетіп, адал еңбегінің жемісін көріп отырғандар. Кеңес одағы тұсында да адал еңбек туралы айтылған болатын. Алайда қазақ халқы үшін қағидаға айналып үлгерген бұл ұстаным тәуелсіздік алғалы бері өзгеше сипатқа енгендей болып көрінеді. Себебі, қазір элиталы топ өкілдері аса үлкен күш жұмсамай-ақ баюға болатынын дәлелдеді. Дей тұрсақ та, кез келген жетістікке тек адал еңбекпен ғана жетуге болатынын насихаттайтын қоғамның ойшыл бөлігі мұнымен қалай күресуде? Бұл туралы нақты жауап беру қиын. Өйткені, қазіргі зиялы қауым өкілдері адал еңбектену керектігі туралы көп айтпайды. Қазіргі қазақ қоғамында «Еңбек – бәрін жеңбек» деген қағида актуалды емес. Бүгінде «Қалауын тапсаң – қар жанар» деген аталы сөздің терісін айналдырып алып, бәрі адамның өзіне, ептілігіне байланысты, әйтеуір амалын тапсақ болды дегенге әкеліп тірейтін болған. Ал бұның астарында не жатқанын өзіңіз бағамдай беруіңізге де болды.

Негізі, тәуелсіздік алғалы бері өткен жиырма үш жыл уақытта мемлекет ретінде көптеген жетістіктерге жеттік. Бұл жас мемлекет үшін аса қажетті әрі маңызды шаруа болатын. Бұл тұрғыдан алғанда ешқандай уәжіміз жоқ. Ал адам тәрбиесіне келсек, ақсап тұрғанымызды айтпай кетуге болмас. Бірте-бірте қалаланған қазақтар ұлттық тәрбиеден алыстап бара жатқаны байқалады. Арқа-жарқа әңгіме айтып, бас қосқанда кішкентай балаларды жиып, қонақ кәде сұрайтын ата-бабамыздың тәлімі керемет еді-ау. Оның барлығы ауылда қалып қойғанға ұқсайды. Біз мұны не үшін айтып отырмыз?! Бірді айтып, бірге кетті деп ойламаңыз. Әлгіннен бері сөз еткелі отырған «Жалпыға бірдей Еңбек Қоғамы» мәселесі осы ұлттық тәрбиеден басталатынына шүбә жоқ. Себебі, Еңбек Қоғамында барлығы бірдей еңбек етуі тиіс. Ал барлығы жаппай еңбек етуі үшін – адамдардың өзінің ата-анасынан алған тәрбиесінде адал еңбекке деген тура көзқарас болуы шарт. Ал ол үшін біз ескі дәстүрімізді жаңғыртып, балаларымызды дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Өткенде бір танысымыз шетелге барып, тіл білмесе де біреуден ыммен жол сұрағанын айтып еді. Сонда әлгі кісі өзінің бүкіл жұмысын тастап, аудармашы іздеп, дұрыстап сұрап алып, ақыры іздеген мекенжайына өзі жеткізіп салғанға ұқсайды. Осындай мысалдарды көп келтіріп, адамдарының ізгіліктілігіне тамсанғанын айтқан болатын танысымыз. Біз де тәнті болдық. Бізде де жол көрсетіп, көмек қолын созатын жақсы адамдар көп қой, – дестік. Бірақ... ішімізден қынжылып қалдық. Себебі, бізде жақсы адамдар да, «жақсы емес» адамдар да көп... Оның барлығы айналып келгенде бесіктегі тәрбиеден бастау алады.

Жалпы, еңбек туралы айтқанда қазақтың ұлттық түсінігінен алыстап кету мүмкін емес. Десек те, біз қозғап отырған мәселе Елбасының Жолдауда айтқан сөздеріне қатысты болғандықтан, сөзімізді енді құжат мәтініне бұрсақ: «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі. Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы. Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият. Төртіншіден, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім. Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы. Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы. Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік. Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатыр». Дәл осы бесінші тарауда айтылған – «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» біздің бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отыр.

Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытуға тоқталып өткен болатын. Онда: «Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі. Бізде шағын және орта бизнестің 800 мыңнан астам субъектісі бар, онда 2,4 миллионнан астам қазақстандық еңбек етеді. Бұл сектордағы өнім көлемі төрт жылда 1,6 есе өсті және 8,3 млрд. теңгені құрап отыр», – деген мәліметтер келтіріледі. Бәлкім, бұның «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы» тақырыбына не қатысы бар деп ойлайтын шығарсыз. Жауап беріп көрейік. Тікелей қатысы бар. Шағын және орта бизнес субъектілері көбейген сайын жұмыс орны да арта түседі. Ал Еңбек қоғамында әрбір азамат жұмыспен қамтылуы тиіс десек, бұл мәселенің маңыздылығы айқындала түспек. Сөзімізді сабақтамас бұрын Жолдаудан тағы бір сілтеме келтірсек: «Жаһандық рейтингке сәйкес, Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз. Шағын және орта бизнес – біздегіЖалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі. Оны дамыту үшін жеке меншік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс». Бұл айтылған мәселе көптеген жеке кәсіпкерлерге көмек болғаны сөзсіз. Себебі, бұған дейін өзінің жеке кәсіпкер ретіндегі құжатын рәсімдеген кез келген адам түрлі қиындықтарға кезігетін. Соңғы кездері жасалған жеңілдіктер біраз шаруаның басын ашып бергендей болды. Ендігі кезде әрбір Қазақстан азаматы өзінің шағын бизнесін ашып, шаруасын дөңгелетіп әкетуіне мол мүмкіндіктер алды. Бұл біз айтып отырған «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы» жолындағы келелі істердің бірі болды десек, артық айтпаған болар едік. Жолдауда сондай-ақ: «Шағын бизнесті мамандандыруды келешекте оларды орта деңгейге көшіру перспективасымен дамыту шараларын қабылдау маңызды болмақ. Осы сектор субъектілерінің банкроттығының айқын тетіктерін енгізген жөн. Шағын және орта бизнес жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде дамуға тиіс. Мен Үкіметке индустрияландырудың екінші бесжылдығы жоспарын «Бизнес-2020» жол картасымен үйлестіруді тапсырдым. Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жұмысын жаңа бастаған бизнесмендерге әдістемелік көмектің тиімді тетіктерін жасауы керек», – деп айтылды. Осындай тапсырмалар беруімен Елбасы жеке кәсіпкерлерге үлкен көмек жасап отырғанын бизнес мамандары қуанышпен қабылдады. Себебі, қайталап айтатын болсақ, кез келген бизнес, ол бірінші кезекте – көптеген адамдарды жұмыспен қамтитын жұмыс орны. Сол себепті де, Ел Президенті Еңбек қоғамы туралы сөз еткенде жұмыспен қамту орталықтарына да көмек көрсету қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Жалпы, дәл осы жерде Қазақстан қалаларындағы кез келген аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтарында және өзге де орындарда орналасқан «жұмыспен қамту» орталықтарының атқарып жатқан жұмысы туралы айта кету қажет шығар. Себебі, осындай орталықтарға жұмыс іздеп барып жатқан адамдар өте көп екен. Дегенмен, мәселе мұнда қандай жұмыс орындары ұсынылады, осы жайында болмақ. Осыдан бір жыл бұрын бір танысым Алматы қаласындағы аудандық «жұмыспен қамту» орталықтарының біріне тіркелді. Мамандығы – дінтанушы. Қолында бір жылдық оқуды үздік бітіргенін растайтын куәлігі, жоғары білімін дәлелдейтін қызыл дипломы және Түркияда оқыған магистрлік үздік дипломы бар. Теология ғылымын он бір жыл зерттеген адам жұмыс таба алмай, осы орталыққа барғанын айтады. Құжаттарын рәсімдеген орталық бірден көше сыпырушы, көгалдандыру сынды бірнеше жұмыс ұсыныпты. Он бір жыл білім алған ер азамат мұндай жұмыс ұсынады деп ойламаса керек. Таңқалғанын жеткізді. Әрине, біз де таңырқадық. Елбасы тапсырма беріп, осы орталықтарды ашқызған кезде жан-жақты жұмыспен қамтуды меңзесе керек. Ал біз оңайға жүгінеміз. Қалайша? Орталықтарда отырған мамандар түрлі мамандық иелеріне жұмыс тауып беруі үшін тынбай еңбек етуі тиіс. Дәрігерлерге медицина, мұғалімдерге оқу орындары, тағысын тағыларды тіркеп, кез келген адамға өзінің кәсібіне сай жұмыс орнымен қамтамасыз етуге тырысуы қажет деп ойлаймыз. Бұл саладағы мамандардың жұмысы Жолдауда айтылған Еңбек Қоғамы мәселесінен кейін түбегейлі өзгеретініне сеніміміз мол екенін жасырмаймыз. Қазақстан халқы жаппай жұмыспен қамтылып, кедейшілік азайып, қазақ қоғамы еңбекке бір қадам жасаса, ел болашағы да жарқын болары хақ. Сондықтан, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Жолдауға қолдау білдіргеніміз абзал.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ел алдында үлкен міндеттер мен жауапкершілік тұрған еді. Үш жүз жыл бодандықта болған қазақ елі үшін бұл аса үлкен жаңалық, қуаныш болды. Бабалардың аманаты орындалып, ғасырлар бойғы арман-тілегі қабыл болған күн туды. Қазақстан жас мемлекет ретінде әлем кеңістігінен өзінің орнын белгілеп алды. Ендігі жерде ірі-ірі саяси шешімдер қабылдап, елді дамушыдан дамыған санатына қосу жолында күш жұмсау қажет еді. Осы мақсатта талай іс-шаралар жүзеге асып, арада жиырма жылдан аса уақыт өткенде Қазақстан гүлдей жайнап, құлпыра жөнелді. Өзінің жаңа астанасы – Астананы салып, әлем жұртшылығын бір таңқалдырған еді. Осындай шаруалардың басы-қасында жүріп, елге бас-көз болған Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің көрегендігімен, сындарды саясатымен көптеген жетістіктерге жетуге жетелегенін мойындау бүгінгі ұрпақтың парызы. Қазақстан жеткен кез келген жетістік бірінші кезекте Ел Президентінің арқасында екенін бәріміз білеміз. Және қандайда бір жоспар құрылса, ол іске аспай, жолда қалмайтынына да сенімдіміз. Өйткені, оны бақылап, қадағалап, талап етіп отырған ел жанашыры бар. Елбасы өзінің барлық Жолдауларында жеке мүддесін емес, ортақ қазақстандық мүддені, ортақ мақсатты көздейтінін, ел болашағы үшін күресетінін айтады. Мысалы, соңғы Жолдауда: «ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек?» – деп сауал тастап, оның жауабын іздестіреді. Және оның бес жолын ұсынып, біріншісін білім беру жүйесімен байланыстырады. Ұлттық білім берудің сапасын жақсартуды бұйырып, мектепке дейінгі, кәсіптік және орта білім, сондай-ақ жоғары білімге ерекше назар аударып, университеттердің жағдайына тоқталады. Екіншіден, денсаулық сақтау саласын тілге тиек етіп, алғашқы медициналық-санитарлық көмекке ден қоюды талап етеді. Үшіншіден, жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн, – дейді. Қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу қажеттігін алға тартады. Сондай-ақ, бұл тарауда қазақ тілінің болашағына сенім артатынын жеткізіп: «Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», – дейді Елбасы. Төртіншіден, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік пакеттерін қайта қарастыру керектігін алға тартады. Үкіметке азаматтық қызметшілер еңбекақысының жаңа үлгісін әзірлеуді және 2015 жылғы 1 шілдеден бастап енгізуді, ол қызметкерлердің еңбекақыларын денсаулық сақтау саласында – 28, білім беру саласында – 29, әлеуметтік қорғау саласында 40 пайызға дейін арттыруды қамтамасыз етуге тиіс екенін айтады. Бесіншіден, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлуді міндеттейді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық көрсетілу –  өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз екенін шегелеп, осындай азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Біз бұл тарауға жеке-жеке тоқталуымыздың себебі, дәл осы бесінші тарауда мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп, барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесулерін айтқанына тоқталғымыз келгендіктен. Еңбек қоғамында барша қазақстандықтавн жұмыспен қамтамасыз етіліп, еңбекке жұмылуы тиіс екені анық. Ал енді дәл осы сөздерді дәлелдеу үшін мүмкіндігі шектеулі адамдарды да жұмысқа тартуға қол ұшын беруі өте жақсы айтылған деп ойлаймыз. Осы саладағы әлеуметтік жәрдемақыны 25 пайызға арттырумен қатар, Үкімет жұмысқа орналастыруды қолға алатын болса, бұл – үлкен көмек болары сөзсіз. Сонда ғана кедейшілік деңгейін төмендетіп, жұмыссыздықтың өсуін тежей аламыз.

Жалпы, сөзімізді қорытындылайтын болсақ, адамның дүниетанымын, өмір сүру өлшемін түгелдей дерлік зерттеген кім бар екен. Олай дейтініміз, біздің қазақ бүгінгі күнмен ғана өмір сүретін сияқты болып көрінеді. Себебі, «енді жиырма жылдан кейінгі өміріңізді көз алдыңызға қалай елестетесіз?» – деп сұрасаңыз, басым көпшілігі «Ой, оған дейін кім бар, кім жоқ» немесе «Білмеймін, уақыт көрсетеді», – деп жауап береді емес пе. Әншейінде «мақсатсыз адам болмайды» дегенде алдымызға жан салмаймыз. Ал енді өз болашағымызға келгенде немқұрайдылық танытатынымыз қалай? Бүгінде ырзығына риза болып, «осыған да шүкір», «осыған да қанағат» деп отыратын адамдар қатары тым сиреген. Есесіне, «өкімет бізге жағдай жасамайды, материалдық көмегі тым аз» дейтін адамдардың қарасы көп. Осындайда Абайдың «Өзің – үлкен, қылығың – бала-шаға» деген сөзі еске түседі. Не десек те, біздің қазіргі қоғамда кез келген мәселеге өзгені кіналау басым. Мемлекеттік ауқымдағы істерге де құзырлы орган адамдарын кінәлай саламыз. Бұл оңай бізге. Әйтеуір өзімізден басқаның бәрі осал. Ал бұл қаншалықты дұрыс? Әрине, әр нәрсеге өзінің жеке мүддесі емес, мемлекет тұрғысынан қарап, баға берілуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасының кешегі Жолдауы бүтін елдің, халықтың ертеңі, болашағы үшін жарияланды десек, оны әлеумет қалай қабылдағаны да аса маңызды. Алайда, бұрысы мен дұрысын елеп, екшеп, түсіндіріп беретін жұмыстар көптеп жүргізілуі тиіс деп ойлаймыз. Осы мақсатта еліміздің түпкір-түпкірінде, жергілікті жерлерде атқарылып жатқан насихат жұмыстары өте орынды. Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таралып жатқан мәліметтер де бізге көптік етпейді. Себебі, қарапайым халықтың бұл Жолдаудың мән-маңызын түсінуі үшін осындай шаруалар керек-ақ. Болашақта «Мәңгілік Ел» идеясы іске асып, Қазақстан дамыған отыз елдің қатарына қосылып, одан кейінгі жылдары үздік он елдің құрамына қосылып, әлемге таныла берсін деп тілейміз! Қазағым дүниежүзіне өзінің жарқын, жақсы тұстарын танытып, әлем елдері арасында беделді болсын! Болашақ ұрпақ дамыған, гүлденген, әлеуметтік-экономикалық мәселелері толық шешілген елде бай-қуатты өмір сүрсін деп тілейміз!

 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары