6 тамызда Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосылуы туралы шарт күшіне енеді. Қырғызстан Армения, Беларусь, Қазақстан, Ресеймен қатар Еуразиялық экономикалық одақтың толыққанды мүшесі атанады.
Бұл туралы ЕЭК баспасөз қызметінің хабарламасында айтылады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, кеше, 5 тамызда Қазақстан Республикасы Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартты ратификациялау рәсімін аяқтады.
ЕАЭО-ға Қырғызстанның қосылуы туралы Шарттың 11-бабына сәйкес дипломатиялық арналар арқылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы хабарламаны алған күні бұл Шарт күшіне енеді. Осы кезден бастап Қырғыз Республикасы ЕАЭО-ның толыққанды мүшесі.
Атап айтқанда, «Мемлекеттік шекараның қырғыз-қазақ учаскесінде кедендік бақылаудың күшін жою туралы» Еуразиялық экономикалық одақтың 2015 жылғы 8 мамырдағы шешімі мемлекеттік шекараның қырғыз-қазақ учаскесіндегі кедендік бақылаудың күшін жою Қырғыз Республикасының ЕАЭО-ға кіруі туралы шарт күшіне енген күннен бастап іске қосылатыны көзделген, деп хабарлайды КирТАГ.