07.08.2015, 08:17

Депутаттар бюджет қаржысын заңсыз жұмсаған

www.kazpravda.kz

Есеп комитеті парламенттегі біраз былықтың бетін  ашты. Тексеру жүргізген комиссияның мәліметінше, сенат пен мәжіліс  бюджеттің 3 миллиардқа жуық теңгесін заңсыз жұмсап, мемлекетке қыруар шығын келтірген.

Әсіресе,  депутаттардың қызметтік көліктеріне кеткен шығын 74 миллион теңгені құрап отыр. Аймақтардағы жағдай да мәз емес.

Есеп комитетінің мәліметінше, облыс, аудан, ауылдарда миллиардтар игерілмей қалған. Соның кесірінен ондаған мың отбасы баспанасыз қаңғып далада  жүр, ал қаншама ауыл ауыз суға жарымай отыр.

Қайта-қайта кеңесіп, қобалжып жүрген, ым-жымы бір шенеуніктер Шығыс Қазақстаннан келген. Олар Есеп комитетінің алдында емтихан тапсырмақ. Атқамінерлер қазынаның әр тиыны қалай жұмсалғаны  және қанша қаржыны құрдымға жібергендерін түсіндіріп беруі тиіс. Ал аймақ бойынша рәсуа болған ақша аз емес екен.

“Шығыс Қазақстан облысы бойынша 41 миллиард теңгенің  заңсыз жұмсалғаны  анықталды. Ал бюджеттің  3 миллиард теңгесі  негізсіз игерілген. Жалпы, облыс жыл бойы 117  миллиард теңге игерген”, – деді Есеп комитетінің мүшесі Александр Горянинов.

Шығыс Қазақстандағы ауылдар ауыз суға жарымай отыр. Бұл салада да шенеуніктер бюджеттен бөлінген ақшаны мақсатсыз жұмсап, жұртты  шөлдетіп отыр.

Соның кесірінен Риддер қаласындағы 60 пәтерлі 3 үйдің құрылысы уақытылы аяқталмай, ондаған отбасы баспанасыз далада қаңғып жүр.  Ол аздай, дәл осы қаланың атқамінерлері  мүлдем салынып бітпеген көпір үшін  қазынаның  қыруар қаржысын жұмсап жіберген.

“Как вы могли 9,5 миллион теңгені оплатить за невыполненную работу при стройтельстве моста? Работа невыпалнена. Жол істелмеген, ақшаны қалай төлейсіңдер сендер?”, – деді Есеп комитетінің төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин.

Ал  Шығыс Қазақстандағы ауылдар ауыз суға жарымай отыр. Бұл салада да шенеуніктер бюджеттен бөлінген ақшаны мақсатсыз жұмсап, жұртты  шөлдетіп отыр. Әсіресе, Семей, Аягөздегі жағдай мүшкіл.

Облыс әкімі бар былыққа жауап бер деп орынбарын жіберген екен. Нұрымбет Сақтағанов ұшты-күйлі жоғалған қазынаның миллиардтары үшін төрт адамды жауапқа тарттық деп құтылды.

“Егер мына мінберге шығып алып, тағы да бетіңіз қызарғанын қаламасаңыз, басты кінәлілерді жұмыстан шығарыңыздар. Ескерту жасадым, жазаладым деген болмайды. Содан кейін бұдан бұлай Есеп комитетінің жиынына дайындалып келіңдер, сұраққа жауап алайық нақты”, – деді  Есеп комитетінің төрағасы.

Есеп комитеті облыстардағы ғана емес, парламенттегі де біраз былықтың бетін ашыпты. Депутаттар қызметтік көліктерімен оңды-солды қыдырып, сонысымен-еқ бюджетке 74 миллион шығын келтіріпті.

Шаруашылық басқармасы сәулет, құрылысқа қажет деп тағы 365 миллион теңгені заңсыз жұмсаған. Ал, мемлекеттік сатып алу бойынша өткен тендрде  кім көрінген жеңіске жетіп, тапсырыс қабылдаған.

Депутаттар қызметтік көліктерімен оңды-солды қыдырып, сонысымен-еқ бюджетке 74 миллион шығын келтіріпті.

Осылайша, парламент жалпы бюджеттің 3 миллиардқа жуық теңгесін құрдымға жіберген. Есеп комитеті парламентте жүргізген тексерулерін тек ресми сайтында жариялады. Ешкімді шақырып алып сөкпеді, тіпті ол жайында жақ ашқылары келмеді.

Ал Есеп комиті  қазына қаржысын көзсіз жұмсаған шенеуніктердің тізімін Бас прокуратура мен ақордаға жібереміз деп отыр. Сөйтіп, айыпты атқамінерлерді қатаң жазаламақ.

Сондықтан  жақын күндері аймақтардағы  бюджет ақшасын рәсуа еткен шенеуніктердің соңына құқық қорғаушылар май шам алып түсуі әбден мүмкін.