28 шілдеде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Ордабасы ауданы Темірлан ауылы, Отырар ауданы Шәуілдір ауылы және Арыс қаласының Ақдала ауылының халқымен кездесу ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының «Кәсіби мемлекеттік аппарат құруға» негізделген бірінші институционалдық реформаны кеңінен насихаттау, мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру мен мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіруге бағытталған реформаны қалың бұқара халыққа тереңінен түсіндіру болып табылады.
Кездесу барысында Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Қ.Құлажанов және департаменттің бөлім басшысы Г.Мұсабекова баяндамалар жасап, мемлекеттік қызметте бірқатар реформалар орын алатындығы жайында әңгіме өрбітті. Мәселен, мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімдерін орталықтандыра отырып, үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу, мемлекеттік қызметке алғаш қабылданушылар үшін міндетті сынақ мерзімін үш ай сайын межелік бақылау арқылы алты айға дейінгі мерзімге белгілеу көзделуде екендігін атап өтті. Сондай-ақ, білімді де білікті азаматтарды мансаптық жоғарылатуды көздеп қана қоймай, мемлекеттік қызметке қосқан үлесі мен сіңірген еңбегіне қарай жалақы төлеу жүйесі де жетілдірілетіндігін де түсіндіріп өтті.
Айта кету керек, Түркістан, Кентау, Арыс, Ордабасы және Отырар аймақтарында мемлекеттік қызметте орын алатын бірқатар өзгерістер мен реформалар аясында өткен кездесулер – халықтың қолдауын табуда. Әсіресе, мемлекеттік қызметшіден кәсібилікті талап етіп қана қоймай, еңбегіне сай лауазымдық жалақымен қамтамасыз ету, сондай-ақ, оларды міндетті түрде жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлермен қамтамасыз ету жастар қауымын қуантуда. Бұл дегенің, жастардың мемлекеттік қызметке талпыныстарын күшейтуге оң ықпалын тигізетіндігі сөзсіз.