$ 494.87  520.65  4.91

Мемлекеттік органдарда сыбайластықты болдырмау жайлы айтылды

Мемлекеттік дамудың бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» бағдарламасын талқылау мақсатында ОҚО мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің қатысуымен кездесу өткізілді. Аталмыш отырыста реформа аясында салық және кеден саясатына қатысты жүктелген 9 міндет  жайы толығырақ түсіндірілді. Кездесуге ОҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Бауыржан Диханбаев қатысты.

Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұржан Теңлібаевтың айтуынша, «100 нақты қадам» бағдарламасында  мемлекеттік кірістер органдарына  елеулі міндеттер жүктелген. Бес институционалдық реформа аясында ұсынылған 100 нақты қадам ішінде, салық және кеден саясатына қатысты мемлекеттік кірістер органдарының құзыретіне жататын 9 міндет жүктеліп отыр.  Бұл қойылып отырған міндеттердің барлығы да маңызды тапсырмалар болып саналады. Себебі, индустрияландыру және экономикалық өсім реформасында салық және кеден саясатын тиімді жүргізу ел дамуында ерекше рөл атқарады. Сондай-ақ, Н.Теңлібаев бюджетті толықтырудың басты көзі салықтан түсетін түсім екенін атап өтті. Қазіргі жағдайда салықтық түсімдерді көбейту мәселесін салық және кеден саясатын оңтайландыру арқылы шешуге болады.

Ал, ОҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Бауыржан Диханбаев өз кезегінде қатысып отырғандарға «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты баяндамасын оқыды. Өз сөзінде облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы ұлт жоспарындағы сот жүйесіне қатысты 11 қадамға тоқталып өтті. 

Департаменттің Заң басқармасының басшысы Н.Дайырбековтің айтуынша, проблема атаулының жойылуы әрбір қазақстандықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына байланысты. Ол үшін мемлекеттік кірістер органдары қызметінің сапасы мінсіз болуы шарт.

Жиында, сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге қойылар талаптар, мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлықпен күресу туралы да жан-жақты сөз болды.

- Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс, - деп атап өтті Н.Дайырбеков.

Кездесу барысында департамент қызметкерлері Б.Диханбаевқа сот жүйесіне қатысты өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойып, талқыға салды.

Отырысты қорытындылай келе, Н.Теңлібаев облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасына алғыс білдіріп, бұдан әрі бірлесіп жұмыс істеуге сенімін білдірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары