Қазақстан коммунистік партиясы қызметін тоқтатты. Бұл туралы шешімді Алматы қалалық ауданаралық-экономикалық соты шығарды деп хабарлайды Интерфакс.
Еліміздің Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі мен заң қызметін ұйымдастыру департаменті мәліметінше, партияны жабу туралы сот шешімі 2015 жылдың 3 тамызынан бастап күшіне енді.
Айта кетейік, Коммунистік партия 1998 жылы 27 тамызда тіркелді, кейін 2003 жылы қайта тіркеуге алынды. Партияның бірінші хатшысы - Серікболсын Әбділдин. 1999 жылғы сайлаудың нәтижесі бойынша Мәжілісте партияның екі депутаты болды, олар партиялық тізім арқылы өтті. 2004 жылы партиядан Қазақстан коммунистік халық партиясы бөлініп шықты.
Партия өзінің негізгі мақсаттары: республикада ғылыми социализмнің қағидаттарына негізделген, еркіндік және әлеуметтік әділеттілік қоғамын құру үшін жағдайлар жасау, коммунистік қоғамдық құрылыс құру деп есептеді. Партия интернационализмді де жақтады.