Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзі мен онда айтылған ұсыныс-пікірлері шетелдік саясаткерлер мен сарапшылар назарынан тыс қалып жатқан жоқ.
Елбасы сөзін аяқтап болған бойда әлемнің көптеген елдерінің бұқаралық ақпарат құралдары күн тәртібіндегі мәселелерге орай онда көтерілген ұсыныстар мен білдірілген пікірлер жөнінде ақпарлар тарата бастады. Біз бүгін солардың бірқатарына кезек бергелі отырмыз.
Жаңа әлемдік валюта жаңаша дамуға серпін береді
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бас Ассамблеяда сөйлеген сөзінің барысында БҰҰ-ға мүше мемлекеттер өздерінің күш-жігерлерін ұлттыққа жатпайтын бүкіл ғаламдық жаңа валюта жасау үшін жұмылдырулары керек екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадам кең ауқымды тұрақты даму мен гүлденудің мақсаттарымен және міндеттерімен ұштастырыла жасалуы тиіс.
Қазақстан лидері негізгі идеясы барлық халықтар ғаламдық инфрақұрылымға, ресурстар мен рыноктарға тең дәрежедегі қолжетімділікке жеткен кезде қолданылатын «әділдік жағдайындағы» жаңа әлемдік даму тенденциясын іске қосу болып табылатын 2045 жылға дейінгі кең ауқымды стратегиялық жоспарды талдап жасауға шақырды.
Назарбаев БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесі етіп қайта құруды ұсынды. Оның айтуынша, сонда кеңес жұмысына БҰҰ-ға мүше мемлекеттер, БҰҰ-ның барлық арнайы агенттіктерінің жетекшілері, сондай-ақ Халықаралық валюта қоры қатыса алар еді. Қазақстан Президентінің пікірінше, бұл кеңес кіріспесінде бүкіл әлемдегі экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған кең ауқымды жобаларды экономикалық жағынан реттегіш бола алады.
Оның айтуынша, бұл қадам ғаламдық дағдарыстар тәуекелін айтарлықтай азайтуға септігін тигізеді, мемлекеттердің өз ұлттық экономикалық және әлеуметтік стратегияларын жүзеге асыруларына көмектеседі.
Үлкен Еуразия идеясы төңірегіне топтасу келешек үшін керек
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ саммитінде сөйлеген сөзінде елдерді Үлкен Еуразия идеясы төңірегіне бірігуге шақырды. Ол сондай-ақ республиканың кең ауқымды даму ісіне барлық күш-жігері мен ресурстарын жұмсайтынын мәлімдеді.
БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі саммиті барысында кездесуге қатысушылар 2015 жылға дейінгі дамудың негізгі мақсаттары мен міндеттері түсірілген Мыңжылдықтар Декларациясын орындаудың нәтижелерін талқылады.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті онда елдің Мыңжылдықтар дамуының сегіз мақсатын жүзеге асыру бағытында айтарлықтай табыстарға жеткенін атап өтті. Назарбаев соның ішінде Қазақстанның мемлекеттілік негіздерін нығайтып, азаматтық қоғам дамуының шарттарын жасап шыққанына назар аударды. Бұдан басқа, республиканың жалпы ішкі өнімі 19 есеге өсіп, жан басына шаққандағы табыс 13 мың долларға жетті. Мемлекет басшысы сондай-ақ денсаулық саласындағы оң көрсеткіштерді атап көрсетті: қазақстандықтардың орташа жас ұзақтығы 71-ден асып түсті, кедейлік 11 есеге азайып, 34 пайыздан 3 пайызға төмендеді, бала мен ана өлімі 65 пайызға дейін кеміді, СПИД, безгек және өкпе ауруларымен күресте атап айтарлықтай жетістікке қол жетті.
Қазақстан Президенті республиканың парникті газдың ауаға тарау көлемін қысқартып, планетаның биологиялық әркелкілігін сақтауға атсалысып келе жатқанын айрықша атап өтті. «Біз «жасыл» экономикаға көшудің ұлттық тұжырымдамасын бекіттік. Жойылып бара жатқан Арал теңізі тек біздің аймаққа ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемге қауіп төндіреді. Оның құрғауы салдарынан жыл сайын 75 миллион тоннаға дейінгі шаң-тозаң мен улы тұз ауаға көтеріледі. Олардың іздері қазір Еуропа мен Антарктидадан да табылып жатыр. Бізге Бүкіләлемдік банктің қолдауымен Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтірудің орайы келді. Біз бұрынғы Семей ядролық полигоны аймағының залалын жою БҰҰ-мен және халықаралық қоғамдастықпен белсенді жұмыс жасасып келеміз. Орталық Азия елдері аймақтағы аталған экологиялық апатпен күрес үшін жәрдем күтеді», – деді Мемлекет басшысы.
Назарбаев жиналғандар назарын Қазақстанның біздің планетамыздың дамуы жөніндегі кең ауқымды құжатты қолдайтынына аударды. «Тұрақты даму мақсатын қабылдау ел және әлем халықтары үшін бұрылысты кезеңнің орын алатын кезін білдіріп отырады. Біздің саммитіміздің қорытынды құжаты шын мәнінде Жердің дамуы мен гүлденуінің кең ауқымды жолбасшысы болып табылады. Мақсаттарды жүзеге асырудағы негізгі жауапкершілік ұлттық үкіметтерге жүктеледі», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы БҰҰ-ның жаңа құжаты мақсаттары мен бағыттарының Қазақстанның басыңқы бағыттары мен міндеттеріне толық сәйкес келетінін атап өтті.
«Мақсаты республиканы әлемнің үздік дамыған 30 елінің қатарына енгізу болып табылатын «Қазақстан-2050» Стратегиясы біздің қазіргі заманғы шақыруларға берген жауабымыз іспеттес. Біз бұл күндері «Бес институттық реформа. Ұлт жоспарын» жүзеге асырып жатырмыз. Ол мемлекеттік аппаратты жаңғыртуға, азаматтық және құқықтық институттар жұмыстарын жетілдіруге, экономиканы одан әрі индустрияландыруға бағытталған. Ұлы Жібек жолы экономикасын қазіргі заманғы деңгейде жаңғырту Еуразия елдері үшін маңызды болып табылады. Бұл Азия-Тынық мұхит аймағының Еуропаға транзиті жолын қысқарту арқылы көптеген елдердің игілігіне қызмет етеді. Біз оның енді инфрақұрылымын жасап, Тынық мұхит пен Еуропаны және Таяу Шығысты жалғастыратын темір жолдар мен автомобиль трассаларын салып жатырмыз», – деді Назарбаев.
Назарбаев БҰҰ-ға мүше елдерге жыл сайын қорғаныс бюджетінің 1 пайызын БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі арнайы қорына аударып тұруды ұсынды
Назарбаев Нью-Йоркке БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-сессиясының жұмысына қатысу үшін келді. БҰҰ саммиті барысында 2015 жылдан кейінгі кезеңдегі даму саласы турасындағы күн тәртібі бойынша сөйлеген сөзінде ол әртүрлі елдердің даму деңгейлерінің біркелкі емес екеніне тоқталды.
«Кереғар көріністер Таяу Шығыс, Африка және Азия елдеріндегі жанжалдар салдарынан одан бетер тереңдей түсуде. Қазіргі көші-қон дағдарысы тек соғыс қимылдарымен ғана байланысты емес, ол сонымен қатар даму тепе-теңдігінің болмауынан да туындап отыр.
XXI ғасыр мемлекеттердің табысты болғанын олардағы қару-жарақ қорының көптігінен емес, елдердің озық ойларды жүзеге асыру қабілеттері мен өзіне жұртты тарту кеңістігін жасай алуынан көрінеді», – деді Назарбаев саммитте.
«Стокгольмнің әлем проблемаларын зерттеу институтының дерегіне сәйкес, 2014 жылы барлық мемлекеттер әскери шығындарының жиынтық мөлшері 1,7 триллион долларды құраған немесе әлемдік жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызына тең болған», – дегенді қосты бұған Назарбаев. Осыған байланысты Қазақстан лидері жыл сайын әрбір мемлекеттің өз қорғаныс бюджетінің 1 пайыздық мөлшерін БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаты үшін құрған арнайы қорына аударып тұруы жөнінде ұсыныс білдірді.
Қазақстан Президенті бүгінгі күнгі шаралардың баршаға ортақ болашақ үшін бірігуге үлкен мүмкіндіктер беретінін атап өтті. «Біздің қолымыздан келетіні – адамдардың үміттерін қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен түрлі шақыруларға соқтықтырып, құртып алмау», – деп сөзін қорытты ол.
Лаңкестерге қарсы күрестің өз ережесі болуы тиіс
Әлемге лаңкестер мен экстремистерге қарсы іс-қимылдың әмбебап әрі міндетті ережелері қажет. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясы аясындағы Зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы күрес жөніндегі саммитінде сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.
«Әлемге лаңкестер мен экстремистерге қарсы іс-қимылдың барлық мемлекеттер үшін әмбебап әрі міндетті нормалары мен ережелері қажет. БҰҰ аясында экстремистік және лаңкестік құрылымдар түсінігін біріздендіру, оларды әлемдік заңнан тысқары деп жариялау құқығын тек Қауіпсіздік кеңесіне беру керек. Лаңкестік ұйымдардың бірыңғай тізбесін құру маңызды», – деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы халықаралық лаңкестік пен экстремизм қылмыстарына қатысы бар тұлғаларды іздеу және экстрадициялаудың бірыңғай механизмі қажет екендігін атап өтті. Оларға қолдау көрсететіндерге қатысты дәл сондай қатаң санкция қолданылатындығын нақты бекіту керектігін баса айтты.
«Зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы іс-қимылда тек оның салдарымен ғана күреспей оның бастапқы себептерін жою қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде әлем елдері өздерінің біріккен күш-жігерін жұмсауы тиісті бірқатар бағытты атады. «Біріншіден, терроризмді жаһандық қатер ретінде тану қажет. БҰҰ-ның лаңкестікке қарсы коалициясын құру, Зорлық-зомбылық экстремизмі мен лаңкестік қылмыстарын жасауға қатысы бар тұлғаларды іздеу, ұстау және эстрадациялау іс-қимылының бірыңғай тетігін әзірлеу керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Екіншіден, Қазақстан Президенті БҰҰ аясында Зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы тұруға бағытталған барлық қарарлар мен шешімдерді ұсыныс сипатынан міндеттейтін сипатқа көшіру қажеттігін баса айтты.
«Олар Қауіпсіздік Кеңесі деңгейінде қаралып, бекітілуі тиіс. 2006 жылы қабылданған БҰҰ-ның террорға қарсы Жаһандық стратегиясының негізгі ережелерін Қауіпсіздік Кеңесінің қарарымен бекіту қажет», – деді ол.
«Вашингтон мен Мәскеу адамзат өркениетіне қауіп төндіретін лаңкестікке қарсы күресте біріге алатындығына үміт артамыз», – деді келесі кезекте Қазақстан басшысы.
«Зорлық-зомбылық экстремизмі халықаралық лаңкестіктің өсіміне себепші бола отырып, әлемдегі барынша қатерлі қауіптің біріне айналды. Біздерге жаңа әлемдік бәтуаластық қажет. Мемлекет саяси ерік-жігер танытып, ортақ қауіп-қатерге қарсы күш біріктіруі тиіс. Әлем мұны Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жасай алған еді», – деді Президент.
Елбасы әлем елдері өздерінің бірлігін 2001 жылдың 11 қыркүйегінен кейін паш еткенін, 2013 жылы Сириядағы химиялық қару-жарақты жою жөнінде ынтымақтастыққа уағдаласқан Вашингтон мен Мәскеудің жаһандық жауапкершілігіне куә болғанын атап өтті.
«Биылғы жылдың шілдесінде Иранның ядролық бағдарламасы бойынша тағдырлы келісімге қол жеткізілді. Жетекші державалар өздерінің ағымдық алауыздықтарынан жоғары тұра алды. Бүгінгі күні де біз олар барша адамзат өркениетіне күрделі қатер төндіретін лаңкестікке қарсы күресте біріге алатындығына үміт артамыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
АҚШ Президентімен кездесуде келелі ойлар қозғалды
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сейсенбі күні Нью-Йоркте АҚШ Президенті Барак Обамамен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обама өңір дамуы тұрақтылығы мен қауіпсіздігіндегі Қазақстан мен АҚШ әріптестігінің маңызын атап өтті.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция және отын-энергетика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады.
Сонымен қатар, Қазақстан мен АҚШ көшбасшылары күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обама Қазақстан мен Американың серіктестігі өңірдің дамуын, тұрақтылығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды екенін атап өтті.
Барак Обама өзінің президенттігі кезінде АҚШ пен Ресейдің арасындағы қалыпты қарым-қатынасты қалыптастырып кеткісі келеді. Бұл туралы Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясы аясындағы Зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы күрес жөніндегі саммиті барысындағы брифингінде мәлімдеді.
«Маған Ресей президенті мен Құрама Штаттар президентінің кездесіп, өткір мәселелерді талқылағаны ұнайды. Обама мырза мені өздерінің Украина мәселелері, Сирия мәселелері бойынша жүргізген әңгімелерінің қорытындысымен таныстырды. Әңгімеміз барынша ашық болды, деді ол. Қалай дегенде де, маған Обама мырзаның айтқанындай, кездесудегі ашық, адал жүрген әңгімеге риза болған. Ол: «Мен Ресейдің позициясын түсіне бастадым, енді біз бірге жұмыс жасайтын боламыз», – деді. Оның президенттік уақытының аяқталуына бір жарым жыл қалды, осы аралықта Құрама Штаттардың Ресеймен қалыпты қарым-қатынас орнатуға күш салатыны мен үшін қуанышты», – деді Назарбаев.
БҰҰ штаб-пәтерін Астанаға да көшіруге болады
Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Астанаға да көшіруге болады. Қазақстан журналистеріне сұхбат берген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының шақыруымен мен ұйымның 70 жылдығына арналған саммитіне қатыстым. Негізгі сессияда, пікірталастар барысында Қазақстанның барлық саяси және экономикалық мәселелердегі ұстанымын айттым. Мұнан бөлек, тағы 2 саммитке қатыстым. Оның бірі – экстремизммен, лаңкестікпен күрес мәселелері жөнінде, екіншісінде 2015-2030 жылдар кезеңіне арналған БҰҰ бағдарламасы бекітілді. Барлық үш талқылауға қатыстым. Мұнан бөлек, көптеген елдердің басшыларымен кездесу мүмкіндігі болды. Оның ішінде қазір ғана мен Америка президенті Барак Обамамен сұхбаттастым», – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы жалпы пікірталас барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыру, Ұйымының жүз жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 жоспарын әзірлеу бастамаларын ұсынғанын атап өтті. Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынғанын айтты.
«Егер көшіру туралы шешім қабылданар болса, онда Біріккен Ұлттар Ұйымында 40 мың шенеунік жұмыс істейді. Олардың қайда жұмыс істейтіндігін, немен айналысатындығын қазір ешкім білмейді. Тек жалақыға ғана 5,5 млрд. доллар шығындалады. Олардың елорданы Алматыдан Астанаға көшіру барысындағыдай серпілуі үшін мен (штаб-пәтерін) Азияға көшіруді ұсындым. Азияда дамып келе жатқан Шанхай, Сингапур, Сеул, Астана бар. Қай қалаға көшірілетіндігін, әрине, ойластыратын, талқылайтын болады. Бұл қарапайым мәселе емес», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Тұңғыш Президент - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың теңгерімді әрі көреген саясатының арқасында Қазақстан халықаралық аренаның белсенді және беделді ойыншысына айналды. Қазақстанның негізгі маңызды жаһандық және өңірлік бастамалары ағымдағы жылы өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылуда.
Біріккен Ұлттар Ұйымының ең басты әрі негізгі құжаты - оның Жарғысы. Тарихи деректерге қарағанда, Ұйым Жарғысының жобасы КСРО, АҚШ, Қытай және Ұлыбритания мемлекеттері өкілдерінің қатысуымен жасалған. Құжат бес тілде - орыс, ағылшын, қытай, француз және испан тілдерінде әзірленіп, 1945 жылдың 26 маусымында оған Сан-Франциско конференциясында 51 мемлекет қол қойды. Ал Жарғы сол жылдың 24 қазанында аталған конференцияға қатысушы елдердің Жарғыны ратификациялауына байланысты күшіне енді. Содан бері 24 қазан халықаралық қоғамдастықта Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылған күні ретінде кеңінен аталып өтіп жүр.
Қазіргі уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымына 193 мемлекет мүше. БҰҰ жұмысы Ұйымның Жарғысында көрсетілген мақсаттар мен ұстанымдар негізінде айқындалады. Жарғыға сәйкес БҰҰ кең ауқымды өкілеттікке ие. Ол бейбітшілік пен қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, тұрақты даму, адам құқығы, қарусыздану, лаңкестік, гуманитарлық және төтенше жағдайлар, гендерлік теңдік, азық-түлікті басқару, өндіру және өзге де маңызды мәселелер бойынша шешім қабылдайды. БҰҰ хатшылығының басты әкімшілік лауазымды қызметкері Бас хатшы болып саналады.
КСРО құрамында болған кезде еліміздің БҰҰ-да өзінің тұрақты өкілдігін ашуға еш мүмкіндігі болмаған еді. Дегенмен, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ мүшесі болды және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1992 жылы 15 сәуірде БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының бірінші Тұрақты Өкілі болып Ақмарал Арыстанбекова тағайындалды. БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты Өкілдігін құру туралы Президент Жарлығына 1992 жылы 5 маусымда қол қойылды. Қазақстанда БҰҰ-ның өкілдігі 1993 жылы 16 ақпанда ашылды.
Қазіргі уақытта Қазақстан БҰҰ-ның іс жүзінде барлық мамандандырылған мекемелерінің, БҰҰ-ның екі өңірлік комиссиясының (ЕЭК және АзТЭӘК) мүшесі болып табылады, ЭКОСОС-тың функционалдық комиссиясына, сонымен қатар ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО, БҰҰ-әйелдер Атқарушы кеңесіне сайланып отырады.
2013-2015 жылдар аралығында Қазақстан БҰҰ-ның адам құқығын қорғау Кеңесінің мүшесі болып табылады. 2010 жылы Қазақстан 2017-2018 жылдар аралығына БҰҰ ҚК-нің тұрақтеы емес өкілі және БҰҰ БА-ның 71-сессиясының Төрағасы лауазымына ресми түрде өз кандидатурасын ұсынды.
Қазақстан мен БҰҰ ынтымақтастығының дамуында Мемлекет басшысының Ұйымның Нью-Йорктегі штаб-пәтеріне және БҰҰ-ның Женевадағы Еуропалық бөлімшесіне сапары, сонымен бірге БҰҰ басшылығымен кездесулері маңызды рөл атқарады. 2002 жылдың қазанында Қазақстанға БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан, 2010 жылы Бас хатшы Пан Ги Мун келді. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналған Мәскеудегі парад аясында Пан Ги Мун мен Елбасы Н.Нзарбаев екіжақты кездесу өткізді.
Қазақстан 1992 жылдан бері БҰҰ-ның барлық негізгі іс-шараларына белсенді түрде қатысты және теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ мемлекеттер үшін БҰҰ-ның ғаламдық Конференциясын, АзТМЭӘК-нің 53-сессиясын, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету туралы Алматы Декларациясының қабылдануының 30 жылдығына арналған ДДҰ Конференциясын, Азия және Тынық мұхиты мемлекеттеріне арналған қоршаған орта мен даму бойынша 6-министрлік конференциясын және тағы да басқа ірі халықаралық форумдарды өз жерінде өткізді.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1992 жылдың 2 наурызы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдануымен ерекшеленеді. Еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Ұйымның жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстанның халықаралық саясаты туралы айта келіп, екі маңызды ұсынысты алға тартқан болатын. Оның біріншісі - барлық үкіметтердің ізгі ниет білдіру тәртібімен "бір+бір" формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігерінің қорын құруды бастау. Бұл формула әрбір мемлекет оған өзінің қорғаныс бюджетінен бір пайыз бөліп, жыл сайын оны бір пайызға ұлғайтып отыруды көздейді. Осылай еткенде он жылдан соң бітімгершілік сомасы он есеге өседі. Екінші ұсынысы - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (АӨСШК) шақыру. Мемлекет басшысының бұл бастамасы көпшілік елдер тарапынан, сондай-ақ БҰҰ-дан қолдау тауып, Қазақстанның сыртқы саясатын айқындауда айтарлықтай рөл атқарды.
Қазақстан экономика, экология, әлеуметтік даму саласындағы Ұйымдармен, халықаралық құқықтың ілгерінді дамуы, адам құқығының сақталуы, лаңкестікпен күрес, ұйымдастырылған қылмыстылық және есірткі бизнесі саласына аса ерекше назар аударады. Қазақстанның ғаламдық ядролық қарусыздандыруға қосқан үлесін тиісінше бағаламау мүмкін емес. Қазақстан әлемде өлшемі бойынша төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде үлкен беделге ие. Мемлекетіміз Ядролық қаруларды сынауға тыйым салу туралы келісімнің белсенді қатысушысы болып табылады және оның тез арада күшіне енуін қолдайды. 2009 жылы Қазақстан бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 64/35 қарарын бірауыздан қабылдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады.
Лаңкестікпен күрес мәселесі БҰҰ-ның күн тәртібінен он жыл бойы түспеген тақырып. Қазіргі уақытта Қазақстан барлық 13 халықаралық әмбебап лаңкестікпен күрес туралы Конвенцияға қосылды. Қазақстан есірткі бизнесі және заңсыз есірткі таралуы саласындағы халықаралық және өңірлік ынтымақтастықтың дамуына ерекше көңіл бөледі. Біздің мемлекет осы саладағы БҰҰ-ның барлық негізгі конвенцияларын бекітті. Қазақстан БҰҰ конференциясында Рио+20 тұрақты даму бойынша жеткен уағдаласттықтарды жүзеге асыру жұмыстарына жігермен үлес қосады. «Жасыл» экономикаға көшу ұлттық тұжырымдамасы, энергетика, су, коммуналдық және ауыл шаруашылығы, өндірістік, биоалуантүрлілік секілді негізгі секторларда тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық бағдарламалар жасалды.
Қазақстан өткізетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің «Болашақ энергиясы» тақырыбын таңдау тұрақты энергетика саласында таңдаулы тәжірибені таратуды жәрдемдесуге шақырады.
Қазақстанның БҰҰ-ның Қоршаған орта бойынша бағдарламасымен (ЮНЕП), климатты қорғау бойынша ауаның трансшекаралық ластануы, биоалуантүрлілілікті сақтау, Каспийдің теңіздік ортасын қорғау ғаламдық және маңызды өңірлік табиғат қорғау конвенциялары және келісімдерімен өзара іс-қимылдарына өз үлесін қосып кледі. Қазақстан БҰҰ-мен адам құқығын қорғау және ынталандыруды қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөледі және БҰҰ Жарлығына, Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясына, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық пакті мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактіге жетекші рөлді береді.
Айта кетерлігі, 26-29 қыркүйек күндері Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Нью-Йоркте өтетін мерейтойлық 70-ші сессиясына осы ұйымның Бас хатшысы Пан Ги Мунның шақыруымен қатысу үшін Америка Құрама Штаттарына барады. Мемлекет басшысы Бас Ассамблеяның Жалпы пікірсайысы барысында баяндама жасайды, БҰҰ Мыңжылдық даму мақсаттарын жүзеге асыру жөніндегі саммитке және 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарын қарауға, сондай-ақ зорлық-зомбылық экстремизмімен күрес жөніндегі саммитке қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ Бас Ассамблея аясында бірқатар мемлекеттер мен үкіметтер басшыларымен келіссөздер жүргізу жоспарлануда. Сонымен бірге, JP Morgan, Guggenheim, Chevron, Microsoft сияқты және басқа да ірі американдық компаниялар басшыларымен кездесу көзделген.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-ші мерейтойлық сессиясының жалпы пікірталасында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысушыларды Қазақстанның 2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдауға шақырды.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен «Жаңа Болашақ» (NEW FUTURE) тұжырымдамасын әзірлеу Жаһандық Стратегиялық Бастама - 2045 жоспарын жүзеге асырудың алғашқы қадамы болар еді. Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 70 жыл өткеннен кейінгі адамзат дамуындағы жаңа кезеңнің міндеттерін нақты айқындау қажет. NEW FUTURE дегеніміз - ядролық, энергетикалық, су және азық-түлік қауіпсіздігі, сенім, өзара түсіністік және реформалар», - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан Еуразия өңіріндегі қақтығысушы тараптарды бітістіру үшін араағайындық жасауға күш салып келеді және күш сала беретіндігін баса айтты.
«Аталған бағыттар мен қағидаттар Қазақстанның 2017-2018 жылдарда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлану науқанына арқау болып отыр. 70-інші сессияға қатысушылардың барлығын біздің еліміздің кандидатурасын қолдауға шақырамын», - деді ҚР Президенті.
Сондай-ақ, Елбасы БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясы аясында Польша Республикасының Президенті Анджей Дудамен кездесті.
Кездесуде сауда-экономика және инвестиция саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың ахуалы мен перспективалары талқыланды.
Сондай-ақ мемлекеттер басшылары күн тәртібіндегі аса өзекті халықаралық мәселелер жөнінде пікір алысты.
Нұрсұлтан Назарбаев А.Дуданы сайлаудағы жеңісімен және Польша Президенті лауазымына тағайындалуымен құттықтады.
Елбасы Польша Президенті өз қызметінде екіжақты, әсіресе сауда-экономика саласындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуды жалғастырады деп үміттенетінін жеткізді.
Қазірдің өзінде Қазақстанда поляк капиталының қатысуымен 90-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Олар түрлі салаларды, соның ішінде фармацевтика, өңдеуші және ауыл шаруашылығы салаларын қамтиды, –деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті біздің еліміз индустрияландыру бағдарламасын және инфрақұрылымдық дамуды жүзеге асырып жатқанын айтты.
Біздің елімізде инвесторлар үшін ерекше артықшылықтар жасалған. Поляк компанияларын елімізде ынтымақтастық орнатуға шақырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
А.Дуда кездесу үшін алғыс айтты және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға қажетті перспективалы бағыттар бар екенін атап өтті.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясындағы ортақ пікірталастарда халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудың жаңа бастамалары ұсынылған баяндамасы әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының үлкен қызығушылығына ие болды.
«Қазақстан әлемдік державалардың ортасына кіру бойынша ілгері қадамдар жасап отыр (...) ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі дәрежесін алуға ниетті. Н.Назарбаев өз сөзінде идеялар және Біріккен Ұлттар Ұйымының болашағын қалай көретінін айтты», - деп жазады «Қазақстан БҰҰ-ны Азияға көшіруге ниетті» атты мақаласында жапондық «The Diplomat» басылымы.
Автор Н.Назарбаевтың бұған дейін БҰҰ-ның мінберінен 2011 жылы сөз сөйлегенін атап өтіп, қазақстандық көшбасшының осы жолғы сөйлеген сөзінде БҰҰ-ға жоғары баға беріліп, сондай-ақ қазіргі әлемдік тәртіпке сын айтқанын атап өтуде. «Н.Назарбаев 70 жыл бұрын БҰҰ-ға елу бір мемлекет кіріп құрылғанын, ол кезде әлемнің көп бөлігін колониялар мен тәуелді аумақтар құрап отырғанын мәлімдеді. Қазіргі кезде әлемдік қауымдастықтың құрамында 193 тәуелсіз ел бар. Н.Назарбаев БҰҰ-ға сол арқылы 70 жыл бұрынғы шындықты емес, заманауи әлемді көрсетуі қажет деген белгі берді», - делінген материалда.
«The Diplomat» Н.Назарбаевтың экономикалық сипаттағы жасаған ұсыныстардың қатарында БҰҰ-ның Экономикалық және Әлеуметтік кеңесін Жаһандық дамыту Кеңесіне өзгертіп, оған жаһандық экономикалық реттегіш қызметтерін беру ұсынысын атады. Кеңес іске асырып отырған жалпы әлемдік жобалар жаһандық экономикалық өсім нүктелеріне айналуы мүмкін еді. Бұл жаһандық дағдарыстың орын алу қаупін айтарлықтай төмендетуге көмектеседі. «Ол сондай-ақ ұлтүсті әлемдік валютаны әзірлеу ұсынысын жасады», - деп жазады басылым.
Мақалада Н.Назарбаевтың ядролық қаруға қарсы бастамалары ерекше атап өтіледі. «Ел Кеңес одағының ыдырауынан кейін көлемі жағынан төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Оның аумағында МАГАТЭ қарауындағы төмен байытылған уранның халықаралық банкі құрылмақ, бұл бейбіт атом энергетикасын дамытып отырған мемлекеттер үшін тұрақты жеткізілімдерді қамтамасыз етеді», - деп атап өтеді автор.
Мақаланың соңында Н.Назарбаевтың әлемдік күн тәртібінің маңызды мәселелері - лаңкестік, мемлекеттерді қирату, миграция және өзге де жағымсыз құбылыстар экономикалық дағдарыс, кедейлік, сауатсыздық және жұмыссыздықтың салдары болып табылатыны туралы сөздері келтірілген.
Испанияның EFE беделді тәуелсіз ақпараттық агенттігі Н.Назарбаевтың баяндамасына «Н.Назарбаев БҰҰ-ға «Жаңа болашақты» ұсынды» атты бөлек сюжетін арнады. Материалда ҚР Президентінің БҰҰ-ның жүз жылдығына орай Жаһандық Стратегиялық Бастама-2045 жобасын жасап шығаруды ұсынғаны атап өтіледі. Оның мәні - әлем үшін барлық ұлттардың әлемдік инфрақұрылымға, ресурстар мен нарықтарға, сондай-ақ адамзаттың дамуы үшін жалпыға ортақ жауапкершілікке қолжетімділігінің әділ жағдайларының негізінде дамудың жаңа трендін ұсыну.
Қытайлық «Синьхуа» агенттігі Н.Назарбаевтың БҰҰ-ның штаб-пәтерін Азияға көшіру идеясына баса көңіл бөлген. «70 жыл бұрын Женевадағы жұмыс істемей тұрған Ұлттар Лигасының орнына Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған кезде оның штаб-пәтерін Нью-Йоркте орналастыру шешімі қабылданды. Бұл сол кезде халықаралық істерді шешуде Батыс жарты шарының рөлі артып отырғанымен байланысты болған. Әлемді дамыту орталығы Ескі ортадан Жаңа ортаға, Еуропадан жаһандық өсімнің жаңа нүктесі - АҚШ-қа, Нью-Йорк қаласына ауысты. Содан бері көп нәрсе ауысқан, әлем өзгерді. ХХІ ғасырда даму орталығы Азияға - жер шарындағы тұрғындардың 2/3 бөлігін мекендеп отырған, үлкен ресурстары бар әлемнің ең үлкен құрлығына ауысып отыр. Азияның дамып отырған экономикаларының мықты серпілісі жаһандық үдерістердегі жаңа шындықты белгіледі. Мемлекеттердің өзара ықпалдасуына жаңа серпін беру үшін бұл тарихи мүмкіндікті пайдалану маңызды болып табылады. БҰҰ-ның штаб-пәтерін Азияға көшіру туралы ойластыруды ұсынамын», - деген ҚР Президентінің сөздерін келтіреді агенттік.