$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстан мен Қытай: Екі елді ортақ мақсат байланыстырады

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Бейжіңге мемлекеттік сапармен келді. Сапар аясында Мемлекет басшысы ҚХР төрағасымен, саяси және іскер топ өкілдерімен кездеседі және қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты шеруге қатысады. 

Айта кетерлігі, Н.Назарбаев пен С.Цзиньпин ағымдағы жылдың ішінде телефон арқылы байланыстарды қоспағанда осымен төртінші мәрте (ағымдағы жылдың мамырында Мемлекет басшылары Астанада және Мәскеуде, шілде айында ШЫҰ саммитінде кездескен болатын) кездеспек.

Жоғары деңгейдегі байланыстар сыртқы саясат ведомстволары, арнайы қызметтер мен құқық қорғау органдары арасында да байқалады, парламентаралық байланыстар мен мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас да жолға қойылып келеді.

Ағымдағы жылдың 25 тамызында ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комитетінің 7-ші отырысы өтті. Тараптар ҚР Президентінің ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында қол қойылуы жоспарланып отырған бірқатар келісімді қарады.

Екі ел басшыларының екіжақты қарым-қатынасы туралы

«Біздің елдеріміз өңірдің дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету ісінде маңызды, сындарлы күшке айналды. Қытай тарапы Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға зор мән береді. Біз Қазақстан тарапымен бірлесе отырып, өзара мүдделілік бар негізгі мәселелер бойынша өзара қолдауды күшейту үшін бар күшімізді жұмылдыруға дайынбыз. Қытай қауіпсіздік саласындағы, экономикалық, гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастық аясын жан-жақты кеңейтуге, сондай-ақ халықтарымыздың игілігі үшін өңірлік және халықаралық істердегі өзара іс-қимыл мен үйлестіру жұмысын күшейтуге ниетті»,  деген еді Си Цзиньпин ағымдағы жылдың мамырында Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің Бейжіңге мемлекеттік сапары алдында Қытайдың жетекші ақпарат агенттігі «Синьхуаға» эксклюзивті сұхбат беріп, онда Тәуелсіздік алған сәттен бастап, Қытаймен тату көршілік қарым-қатынасты қолдау Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты басымдықтардың бірі болғанын баса атап өткен. «Қазақтар «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық», - дейді. Дәл осындай мақал қытайлықтарда да бар. Ол біздің елдеріміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өлшемдерде жақын екендігін тамаша паш етеді», - деді Мемлекет басшысы агенттік тілшісінің Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен болашағына қатысты сауалына орай.

Экономикалық ынтымақтастық Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының тегім қамтымды стратегиялық серіктестігінің негізі

Жоғарыда аталған сұхбат барысында  Н.Назарбаев Қытай - біздің елімізге инвестиция салу көлемі бойынша көшбасшылардың бірі және Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі болып отырғанын баса айтқан.

Шындығында, тек соңғы екі жылдың ішінде ғана Қазақстан мен Қытай арасында жалпы сомасы 73,5 млрд. долларды құрайтын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша екіжақты құжаттарға қол қойылған болатын. Екі ел де индустриалды-инновациялық дамуға мүдделестік танытып отыр. Жалпы сомасы 30 млрд. доллардан асып жығылатын 48 жоба іріктеп алынған.  Астана мен Бейжіңді «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Назарбаев университеті қабырғасында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин бастамашы болған «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бірлескен бастамасын қалыптастыруды жүзеге асырудағы ортақ мақсат байланыстырады.

Мемлекет басшысының осы жолғы Бейжіңге сапары барысында тараптар аталған бағдарламалармен түйіндесетін ынтымақтастықты ілгерілету бойынша арнайы жұмыс тобын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Екі елдің транзиттік көлік әлеуетін арттырудағы басты жобалар «Батыс Еуропа  Батыс Қытай» (Қазақстан бөлігі арқылы өтетін жүк көлемінің көлемі жылына 30 млн. тоннаға жетеді деп болжануда)  автомобиль магистралі, «Жезқазған-Бейнеу» (Қытайды Қазақстанның Каспий портымен жалғайды) темір жол желісі, Ляньюньган қытай портындағы қазақстандық логистикалық терминал (еуропа мен Азия-Тынық мұхиты өңірлерін Ресей мен Орталық Азия арқылы жалғайтын тікелей темір жол қатынасы) болып отыр.

Энергетика, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық да қарқынды даму үстінде. Туристік индустрия саласындағы да өзара іс-қимылдың жандануы күтілуде. ҚР Президенті Н.Назарбаев 2017 жылды Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы деп жария еткен болатын. Қазіргі уақытта біздің елімізде аспан асты елінің екі жетекші туристік опеаторымен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы арасында келісімге қол қою арқылы Қазақстанға келетін қытай  азаматтарының туристік сапарларын жеңілдету мәселесі қарастырылуда.

Бұған қоса, ағымдағы жылдың 24 тамызында Қытай өзінің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатындығын ресми қуаттаған болатын. Қытайдың Халықаралық саудаға жәрдемдесу жөніндегі комитетінің төрағасы Цзян Цзиньвэйдің атап өтуінше, Қытайдың іскерлік ортасы Астанада өтетін халықаралық көрмеге зор қызығушылық танытса, ҚХР басшылығы оған қатысу арқылы әлемге өзінің энергетиканы дамыту тұжырымдамасын паш етуге ниетті.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық

Қазақстан мен Қытай мәдениет және білім беру салаларындағы екіжақты байланыстарға әдетте баса назар аударады.  Елдер арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастық және жоғары білім туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімге қол қойылған. Қазақстанда Конфуций институты жұмыс істейді, Қытайдағы Қазақстан және Қазақстандағы қытай мәдени күндері де тұрақты өткізіліп тұрады. Үкіметаралық келісім негізінде жыл сайын екі елдің студенттері бір-бірінің елінде білім алуға мүмкіндіктері бар. Жоғары оқу орындары арасында да тікелей байланыс орнатылған. Қытайға «Болашақ» президенттік бағдарламасы арқылы студенттер білім алуға жіберіледі.

Екі елдің ғалымдарының қатысуымен қытай мұрағаттарынындағы құжаттар негізінде ежелгі үйсін тайпалары туралы «Ежелгі үйсін елі», түркі мемлекеті туралы «Ұлы Түркі қағанаты», сонымен қатар, Цин дәуірі (1644-1911 жылдар) кезеңіндегі қазақ-қытай байланыстары туралы кітаптар жарық көрген.

Қауіпсіздік және халықаралық ұйымдар

«Біздің ынтымақтастығымыз қауіпсіздік, экстремизмнің кез келген түріне, есірткінің таралуына қарсы тұру салаларында жолға қойылған», - деп атап өткен Мемлекет басшысы «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар, ҚР Президенті Қазақстан мен Қытайдың жоғары деңгейдегі өзара іс-қимылы БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК (2014 жылдың мамырынан АӨСШК-ге Бейжің төрағалық етеді) сынды халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында орын алатындығын баса айтқан. Екі елдің мүддесі мен көзқарасы халықаралық күн тәртібіндегі барлық маңызды мәселелерде де ұқсас келеді.

Қазақстандық сарапшылардың атап өтуінше, Қытай өңірдің тұрақты болуына барынша мүдделі. Өйткені, бұл жайт біздермен шекаралас Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы тыныштықпен тікелей байланысты. Бұл ретте өңірдегі ірі экономикалық серіктес ретінде Қазақстан басты рөлге ие. Аталған бағытта Астана мен бейжің әскери-техникалық саладағы ынтымақтастықты еселеп, бірлескен оқу-жаттығулар өткізуде, құқық қорғау органдырының өзара іс-қимылын күшейтуде.

Бейжіңдегі Жеңіс шеруі біріктіруші фактор

Ағымдағы жылы  алғаш рет Қазақстанның әскери қызметшілері әлемдегі ең үлкен алаңның бірі Тяньаньмэньде шетелдік әскери қызметшілермен бірге сап түзеп өтетін болады. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, РФ Президенті Владимир Путинмен және басқа да бірқатар мемлекеттік басшыларымен бірге аспан асты елінің астанасындағы географиялық орталығында орналасқан мінбеден шеруді бақылайтын болады. 3 қыркүйек күні Тяньаньмэнь алаңында Қытай қарулы күштерінің шамамен 50 эшалоны: 12 мың әскери қызметшісі мен 40 түрлі 500 техникасы жүріп өтеді. Әуеге 20 түрлі 200 ұшақ көтеріледі. Шеруге шығарылатын техниканың 84 пайызы алғаш рет көрсетілмек.

Айта кетерлігі, қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғысының соңғы кезеңінде Қытайдың солтүстік-шығысына 1,5 млн. кеңестік қызыл армия жауынгері жіберілген болатын. Олар жапон басқыншыларына қарсы соғысып, Қытайдың жеңісін жақындатты және Жапонияның тізе бүгуіне өз үлесін қосты. Аталған кеңес Қызыл армиясының сапында Қазақстанның жән Орта Азияның басқа елдерінің батыр ұл-қыздары болған еді.

Екі ел ынтымақтастығының болашағы

Қазақстан мен Қытай өздерінің қарым-қатынасын үнемі нығайтып келеді. Сондықтан, жоғары деңгейдегі байланыстар сенім рухында екенін, мемлекет басшылары деңгейіндегі «сағат салыстырулар» мүмкіндігін паш етеді.

«Перспектива жайында айтар болсам, мен біздің қарым-қатынасымыздың дамуының өрлеп келе жатқан траекториясын көріп отырмын. Өзара іс-қимыл көлемін кеңейту және оларды жаңа сапалы мазмұнмен толықтыру біздерді көлік, өнеркәсіп, жоғары технологиялар салаларындағы бірлескен жобалармен қамтамасыз етеді», - деген еді Н.Назарбаев «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында.

Сондай-ақ, Жыл соңына дейін Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға жеткізілетін жүк тасымалы 40 мың контейнерден асады. Бұл туралы ағымдағы жылдың 31 тамызы мен 3 қыркүйегі аралығында Бейжіңге жоспарланып отырған сапары аясында Қытайдың жетекші «Синьхуа» ақпарат агенттігіне эксклюзивті сұхбат берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Жаңа Жібек жолы» - бұл жаһандық ауқымдағы жоба. Ол біздің елдеріміздің экономикалық серіктестіктің жаңа кезеңге көшкендігін білдіреді. Бұған қоса, ол барша Еуразия құрлығындағы көлік-логистикалық ландшафтты өзгертеді. Жобаның мәні басты экономикалық орталықтар арасындағы барынша жедел әрі сенімді жүк тасымалын қамтамасыз етуде болып отыр. Бұл бизнес үшін де, халық үшін де тиімді. Жібек жолы - бұл бір ғана бағдар емес, ол біздерді аталған мақсаттарға жақындата түсетін коммуникация жүйесі.  Біздің елдеріміз аталған жүйені дамыту үшін көптеген жұмыстарды атқарды»,-  деді Елбасы.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, іс жүзінде Қытайдың Тынық мұхиты жағалауын Каспий теңізімен жалғайтын темір жол дәлізі құрылған. Мұнан ары «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» дәлізімен интеграциялану арқылы  көптеген ірі нарықтарға шығу қамтамасыз етіледі.

«Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропа бағытына және кері контейнерлік пойыздар қозғалысы кеңейіп келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың 7 айы ішінде біздің еліміз арқылы 234 пойыз өткізілді. Бұл 2014 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен үш есе артық. Жыл қорытындысына бұл бағыттағы жүк айналымы 40 мың контейнерден асып түседі деп күтілуде.  Басым бөлігі біздің ел арқылы өтетін «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» автожолының құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, ірі инфрақұрылымдық жобалар қатарында Қорғас халықаралық    шекаралық ынтымақтастық орталығы, «Алтынкөл-Қорғас» жаңа темір жол өткелі, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА көлік-логистикалық кешенін атап өтуге болады»,-  деді ҚР Президенті.

Елбасы сұхбат барысында Қазақстанда кешенді инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын атап өткен. Бұл бағдарлама да Еуропа мен Азияны жалғайтын нағыз көпір болып саналатын біздің еліміздің кеңістігін жаңа Жібек  жолы жүйесімен интеграциялаудағы тағы бір қадам болмақ.

«Осылайша, жаһандық бағдардың негізі қазірдің өзінде қалыптасты. Ендігі уақытта көлік ағындарын  ретке келтіру жұмыстарымен айналысу қажет. Мұнан бөлек, Жаңа Жібек жолы көліктік-логистикалық жоба аясынан шығып кетеді - ол толықтай алғанда экономикалық даму белдеуі ретінде танылған. Бұл бағытта да біздердің елдеріміз қарқынды жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, жалпы сомасы 30 млрд. доллардан асып жығылатын 48 инвестициялық жоба іріктеп алынған. Олар мығым іскерлік серіктестің тініне айналады»,-  деді Мемлекет басшысы.

Қытайдың жетекші «Синьхуа» ақпарат агенттігі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылдың 31 тамызы мен 3 қыркүйегі аралығында Бейжіңге жоспарланып отырған сапары алдындағы эксклюзивті сұхбатын жария етті. Сұхбатта Елбасы Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жағдайы мен болашағына, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында фашизмді жеңудегі Қытайдың рөліне және қытай халқының жапон басқыншылығына қарсы соғыстағы жеңістің 70 жылдығына орай 3 қыркүйек күні Бейжіңде өтетін шерудің маңызына қатысты сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген.

- Сіз Қытайдың жапондық басқыншылыққа қарсы соғыстағы жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты шеруге  қатысуды жоспарлап отырсыз. Сіз антигитлерлік коалиция елдері үшін оның маңызын қалай бағалайсыз?

- Бейжіңде өтетін шеру - тек қана Қытай үшін емес, сонымен бірге барша ғаламшар үшін маңызды оқиға. Ол ең қантөгісті соғыстың зұлматын, нәсілдік және этникалық үстемдік идеясына негізделген басқыншылық қандай жайтқа апарып соқтыратындығын адамзат баласының қаперіне тағы бір мәрте салады. Бүгінде ғаламшардың әртүрі нүктелерінде жанжалдардың салдарынан мыңдаған бейкүнә адамдардың қаны төгілуде. Сондықтан сол зұлмат соғыс сабақтары барынша өзекті.

Бұл сабақтар ең алдымен блоктық ойлаудан бас тарту қажеттігін және  біздерге теңдік, өзара сенім мен алдын ала болжағыштық ұстанымдарына негізделген жаһандық қауіпсіздік жүйесін құруды үйретеді.

Біз тек ортақ күш-жігермен ғана бейбіт әрі тыныш өмір сүруімізге қауіп төндіретін сын-қатерлермен күресуге болатындығын есте сақтауға тиіспіз. Өйткені, Екінші дүниежүзілік соғыс жеңісіне одақтың әрбір мүшесінің зор үлесінсіз  қол жеткізілмейтін еді.

Мұнан бөлек Тяньаньмэнь алаңында өтетін салтанатты шеру - бұл біздің әкелеріміз бен аталарымыздың абыройының, батырлығы мен ұлы ерлігінің нышаны. Сол соғыстың ардагерлері мен куәгерлері жылдан жылға азайып бара жатыр. Біздердің барлығымызға өмір сыйлаған оларға алғыс білдірудің бірегей мүмкіншілігі туып отыр.

- Әлемде Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын қайта жазуға ұмтылып жүрген күштер де бар. Сіздіңше, мұндай әрекеттерді тыю үшін не істеу қажет?

- Тарихты қайта қарау құбылыс ретінде барлық уақытта да болған. Ғалымдар көне қолжазбалардағы жекелеген фактілердің өзгеріске ұшырағанын дәлелдейтін деректерді жиі табады.

Дегенмен, қазіргі әлемде тарихты көшіру басқа ауқымға, басқа мақсатқа және барынша шектен шыққан құралдарға бейім болып барады. Өкінішке қарай, мұндай жайт адамзат тарихындағы дәуірлік оқиға Екінші дүниежүзілік соғысқа да қатысты болып отыр. Фактілерді қасақана бұрмалау жекелеген саясаткерлердің қолындағы насихат қаруына айналып, қасақана жүргізіліп жатқанын айтуға тура келіп тұр. Бір елдің рөлін төмендетіп, екіншісінің рөлін арттыра түсу, фактілерді бұрмалау, жекелеген тарихи тұлғаларды «әзәзілге теңеу» және «ақтау» - мұның барлығы бір сәттік саяси мүдде пайдасына, қоғамдағы алауыздықты тудыру мақсатында жасалады.

Сонымен қатар бұқаралық коммуникация құралдарының дамуы тарихи фактілердің «өңін айналдыру» міндетін айтарлықтай жеңілдете түсетіндігін де түсіну қажет. Ақпараттың мол ағыны барысында адамдардың бұқаралық ақпарат құралдарында таралатын фактілерді сыни қабылдау шамасы төмендейді. Бұл процестерді тоқтатып, жол кесу барлық елдердің бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана мүмкін болмақ. Білім беру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және ақпараттық саясат салаларында көп еңбекті талап етеді.

Миллиондаған адамның өмірін жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын бұрмалау деректері өз бағасын алуы тиіс. Тек қана айыптап қана қоймай, адамдарға шынайы картинаны паш ететін дәйекті тойтарыс беру қажет деп санаймын.

- Жапондық милитаризмге қарсы соғыс жылдарында Қытай материалдық, сондай-ақ адами тұрғыда зор зиян шекті. Сіз фашизмді жеңу барысындағы Қытай рөлін қалай бағалайсыз?

- Қытайдың екінші дүниежүзілік соғыс жеңісіне қосқан үлесін қайта бағалау мүмкін емес. Аспан асты елі Азия құрлығындағы әскери ұрыс іс-қимылдарының басты театры болды - мұнда 1945 жылы милитаристік Жапонияның тізе бүгуіне жол ашқан өте маңызды шайқастар жүрді.

Қытай халқы өз елінің болашағы үшін жанқиярлықпен күресті және бұл жеңіске мол азаппен жетті. 

Ұрыс іс-қимылдары басталған 1931 жылдан 35 миллион Қытай азаматы соғыс құрбанына айналды. Қытай жерінде өткен соғыс даласында 1,5 миллионнан астам қарсыластардың жауынгерлері ажал құшты. Соғыстың ең қиын-қыстау кезеңінде де Қытай тізе бүкпей, қарсыласуын жалғастыра берді, қарсыластарын Оңтүстік Азияға, Автралияға одан ары шабуыл жасауына жол бермей «бұғау» болды.

Мұның барлығы қытай халқының басқа халықтармен иық тірестере отырып, біздің ғаламшарымыздағы бейбітшілік пен аман-есендік үшін батырлықпен күресінің арқасында орын алды.

Фашизмді жеңудегі Қытай рөлі мұнан да зор құрметке лайық деп санаймын.   

- Сіздің ойыңызша, Қазақстанның әскери қызметшілерінің шеруге қатысуының екіжақты сенім мен ынтымақтастықты нығайтуда маңызы қандай?

- Фашизмге қарсы соғыс әрбір қазақстандық отбасына зор ауыртпалық әкелді. Адамзат тарихындағы ең зұлмат сол соғыс жылдары ішінде  Қазақстанның  әрбір 5-ші тұрғыны әскер қатарына жұмылдырылды. Шамамен 1 миллион 200 мың адам майданға аттанып, соның жартысы майдан даласынан қайтып оралмады. Тылда армияның керек-жарағы үшін әйелдер, қарттар мен балалар еңбек етті.

Сондықтан қазақстандықтардың Бейжіңдегі шеруге қатысуы - бұл біздердің фашизмге қарсы күрестегі ортақ жеңісіміздің, жеңіске қосқан бірлескен үлесіміздің нышаны. Өзара түсіністік пен достық рухындағы жылдар зымырап өтіп жатса да біздер қазіргі уақытта да бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолында бірлесе жұмыс істеудеміз.

Бүгінгі күні Қытай Қазақстанның өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы стратегиялық серіктесі болып отыр. Біздердің халықаралық күн тәртібіндегі барлық маңызды мәселелер бойынша мүддеміз де, көзқарасымыз да ұқсас. Алдағы уақытта өтетін шерудің біздердің халықтарымыз арасындағы достық қарым-қатынастарды одан ары нығайта түсуге септігін тигізетіндігіне сенімім мол.

- Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының жай-күйі мен болашағын қалай бағалайсыз?

- Тәуелсіздің алған сәттен бастап Қытаймен тату көршілік қарым-қатынасты қолдау Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты басымдықтардың бірі болды.

Қазақтар «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық», - дейді. Дәл осындай мақал қытайлықтарда да бар. Ол біздің елдеріміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өлшемдерде жақын екендігін тамаша паш етеді.

Қытай - біздің елімізге инвестиция салу көлемі бойынша көшбасшылардың бірі және Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Энергетика, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық белсенді даму үстінде.

Біздің өзара іс-қимылымыз тек қана экономикалық құраммен ғана шектелмей, барлық басқа да аспектілерді қамтуымен де ерекшеленеді. Қазақстан мен Қытайдың жан-жақты стратегиялық серіктес деңгейіне шығуы да тосын жайт емес.

Біз Қазақстанның Қытайдағы мәдени күндерін және біздің еліміздегі қытай мәдени күндерін өткіземіз. Бүгінгі күні мыңдаған қазақстандық жас ҚХР жоғары оқу орындарында білім алуда, біздің оқу орындарымызда да Қытай жастарының өкілдері оқып жатыр. Біздің ынтымақтастығымыз қауіпсіздік, экстремизмнің кез келген түріне, есірткінің таралуына қарсы тұру салаларында жолға қойылған.

Біздің мемлекеттеріміздің жоғары деңгейдегі өзара іс-қимылы БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК сынды халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында орын алатындығын атап өткен жөн.

Перспектива жайында айтар болсам, мен біздің қарым-қатынасымыздың дамуының өрлеп келе жатқан траекториясын көріп отырмын. Өзара іс-қимыл көлемін кеңейту және оларды жаңа сапалы маазмұнмен толықтыру біздерді көлік, өнеркәсіп, жоғары технологиялар салаларындағы бірлескен жобалармен қамтамасыз етеді.

- Қытай мен Қазақстан «Жібек жолын» құру бағдарламасын жүзеге асыруда тығыз ынтымақтастықта. Екіжақты ынтымақтастықта қазіргі уақытта қандай нәтижелерге қол жеткізілді?

- «Жаңа Жібек жолы» - бұл жаһандық ауқымдағы жоба. Ол біздің елдеріміздің экономикалық серіктестіктің жаңа кезеңге көшкендігін білдіреді. Бұған қоса, ол барша Еуразия құрлығындағы көлік-логистикалық ландшафтты өзгертеді.

Жобаның мәні басты экономикалық орталықтар арасындағы барынша жедел әрі сенімді жүк тасымалын қамтамасыз етуде болып отыр. Бұл бизнес үшін де, халық үшін де тиімді. Жібек жолы - бұл бір ғана бағдар емес, ол біздерді аталған мақсаттарға жақындата түсетін коммуникация жүйесі. Біздің елдеріміз аталған жүйені дамыту үшін көптеген жұмыстарды атқарды. Іс жүзінде Қытайдың Тынық мұхиты жағалауын Каспий теңізімен жалғайтын темір жол дәлізі құрылды. Мұнан ары «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» дәлізімен интеграциялану арқылы  көптеген ірі нарықтарға шығу қамтамасыз етіледі.

Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропа бағытына және кері контейнерлік пойыздар қозғалысы кеңейіп келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың 7 айы ішінде біздің еліміз арқылы 234 пойыз өткізілді. Бұл 2014 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен үш есе артық. Жыл қорытындысына бұл бағыттағы жүк айналымы 40 мың контейнерден асып түседі деп күтілуде. 

Басым бөлігі біздің ел арқылы өтетін «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» автожолының құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, ірі инфрақұрылымдық жобалар қатарында Қорғас халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы, «Алтынкөл-Қорғас» жаңа темір жол өткелі, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА көлік-логистикалық кешенін атап өтуге болады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда кешенді инфрақұрылымдарды қамтуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл да Еуропа мен Азияны жалғайтын нағыз көпір болып саналатын біздің еліміздің кеңістігін жаңа Жібек  жолы жүйесімен интеграциялаудағы тағы бір қадам болмақ.

Осылайша, осынау жаһандық бағдардың негізі қазірдің өзінде қалыптасты. Ендігі уақытта көлік ағындарын ретке келтіру жұмыстарымен айналысу қажет. Мұнан бөлек, Жаңа Жібек жолы көліктік-логистикалық жоба аясынан шығып кетеді - ол толықтай алғанда экономикалық даму белдеуі ретінде танылған. Бұл бағытта да біздердің елдеріміз қарқынды жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, жалпы сомасы 30 млрд. доллардан асып жығылатын 48 инвестициялық жоба іріктеп алынған. Олар мығым іскерлік серіктестіктің тініне айналады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары