ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаевтың басшылығымен қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру мәселесі бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар басшылары қатысқан кеңес өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Аталмыш кеңес барысында 5 институционалдық реформаны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадамды» орындау аясында қамаудағы адамдарды камераларда ұстауға көшу және оларды жұмыспен қамту мақсатымен түзету мекемелерін жаңғырту ісіне қатысты мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
Жаңа қылмыстық заңнама санкциялардың жазалаушылық сипатын бәсеңдетуге және көп жағдайда бас бостандығынан айырудан өзге жазаларды қолдануға мүмкіндік берді. Нәтижесінде алғаш рет түрме контингенті 41 мыңға дейін азайды.
Қазіргі кезде қолданылып жүрген қамаудағы адамдарды жасақтық-барактық негізде ұстау тәжірибесі жазаның тәрбиелік әсерін төмендетеді және криминалдық келеңсіз дағдыларды жоюға ықпал етпейді. Бұл проблеманы шешу үшін камераларда ұстайтын түзету мекемелерін пайдалану қажет.
Сондай-ақ түзету мекемелерінен босатылған адамдарды әлеуметтік бейімдеу жүйесін дамыту бағыттары талқыланды.
Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.