$ 449.58  486.94  4.86

Диссидент Арон Атабектің түрмедегі жағдайы қандай?

Павлодардағы тергеу изоляторында жатқан диссидент Арон Атабекпен кездескен құқық қорғаушы Елена Семенованың айтуынша, тұтқын «ақпаратқа зәру», оның хаттары жолдаған жеріне жетпейді, өзіне хат келмейді. Атабек тозған киімін жамап-жасқап киюге мәжбүр. Түрме басшылығы бұл деректі терістейді деп жазады Азаттық.

Түрмеде отырғанына 12 жыл толған Арон Атабек туыстарымен жылына екі рет қысқа мерзімде кездесе алады. Шаңырақ оқиғасына қатысқаны үшін істі болған 66 жастағы ақын әрі диссидент 18 жылға сотталған еді. Қазір ол Павлодардағы тергеу изоляторында (АП-162/1 мекеме) жатыр. Бұған дейін ол Алматы түрмесінде жатты.

ТҮРМЕШІЛЕР БЕРГЕН СВИТЕР

Тұтқынға барған құқық қорғаушы Елена Семенова Facebook парақшасына Арон Атабектің хал-жағдайы туралы көңіл алаңдатарлық пост жазды.

«Өкінішке қарай, киім мәселесі сол беті шешілмеген. Ол жаңа зат сатып ала алмайды, себебі жылына тек 2 айлық есептік көрсеткіш (5050 теңге, не 13 доллар шамасында) көлемінде [ақша] жұмсай алады, оған азық-түлік сатып алады; Атабекке сәлемдеме беруге рұқсат етілмейді, сондықтан ескі свитерін тастамай киіп жүреді, оны да, басқа киімдерін де үнемі жамап-жасқап отыруға мәжбүр» деп жазды Семенова Атабекпен қысқа кездесуден шыққан соң.

Құқық қорғаушы ақпанда Атабектің камерасына жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, оған ықшам видеоплеер бергенін, бірақ «ақпарат тапшылығы»  мәселесі шешілмегенін айтты. Атабек хат алмайды, оның жазған хаттары діттеген жеріне бармайды. Семенованың сөзінше, Атабек оған тапсырыс хат жіберген екен. Түрме әкімшілігі тұтқынның корреспонденциясында еш проблема жоқ деп сендіріпті. Бірақ Атабектің тапсырыс хаты алушыға жетпеген.

- Бұған дейін де бергенбіз, өзіміз ақша жинап алып бердік. Осымен екінші рет свитер бердік. Басқа заттарын да бердік, шұлық әпердік. Өзі салдыр-салақ қараса, біз де жуып бермейміз. Свитерді жыртып тастайды, қалай болса солай киеді. Біз қолымыздан келгенше көмектесеміз. Тоқсан сайын камерасын ақтаймыз, толықтай тазалаймыз. Егде жастағы адам болған соң көмектесуге тырысамыз. Ол [Елена Семёнова] бәрін сын көзімен жазған, жағдайы соншалықты нашар емес, - деп жауап берді.

АТАБЕКТІ АТАМАҒАН ЖАУАП ХАТ

Азаттық түрмедегі Арон Атабектің жағдайына байланысты Қазақстан ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдады. Редакция елдің солтүстік-шығысында орналасқан, климаты қатаң Павлодарда түрмеде жатқан Атабекті үйіне жақын Алматы облысына жіберуге не кедергі екенін сұрады.

Бұған қоса Атабектің неліктен ұзақ уақыт қатаң жағдайда қамауда отырғанын, не себепті оған ұзақ мерзімді кездесуге, сәлемдеме алуға мүмкіндік берілмейтінін сұрадық. ІІМ жіберген хатында редакцияның сауалына жауап бермеді. Министрлік хатында (небәрі 24 жол) бірде-бір тұтқынның аты аталмайды.

«Тұтқындардың бәрі қажетті материалдық-тұрмыстық жағдаймен қамтамасыз етілген. Оларға азық-түлік, төсек-орын жабдығы беріледі, күз бен қысқа қажетті заттармен (жылы күрте, бас киім, т.б.) қамтамасыз етеміз. Аралас қауіпсіздік мекемесінде отырған тұтқындар жылына екі рет қысқа кездесу өткізеді. ҚАЖ (қылмыстық-атқару жүйесі) мекемесінде отырған тұтқындар хат пен телеграмманы шектеусіз мөлшерде жібере алады» делінген ІІМ жауабында.

ҮШТЕН ЕКІ МЕРЗІМІ ӨТТІ. ҚАШАН БОСАЙДЫ?

Былтыр Арон Атабекпен қысқа мерзімді кездескен Елена Семенова тұрмыстық және шығармашылық проблемалардан бөлек, оны шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселесін де көтерген болатын. Атабек 2018 жылдың тамызында түрмедегі мерзімінің үштен екісін өтеді, яғни енді мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға өтініш бере алады (басқа қажетті шарттар орындалған болса). Бірақ ол былтыр Семеноваға биліктен рақымшылық сұрамайтынын айтыпты. Себебі өзін айыпты санамайды, өзіне тағылған айыптың саяси себебі бар деп біледі.

Сондықтан Арон Атабек мерзімінен бұрын босатуды билік өзі ұсынуы керек деп санайды. «Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрғанда билік мені босатуға тырыспайды»  деген тұтқынның сөзін Семенова Азаттыққа жеткізген еді. Енді құқық қорғаушы елдің жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұсында саяси тұтқындардың (Арон Атабекті де солардың қатарына жатқызады) жағдайы жақсарар деп үміттенеді.

Семенова Назарбаев президенттік өкілетін тоқтатқан соң Атабектің өзі де мерзімінен бұрын босатуға өтініш берсе болар еді дейді.

«Ар.Рух.Хақ»  құқық қорғау қоғамдық ұйымының жетекшісі, саяси тұтқындар (Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар жоқ дейді) жөніндегі сарапшылар кеңесінің үйлестірушісі Бақытжан Төреғожина әуелде Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігін саяси тұтқындарға рақымшылық беруден бастайды деген үміті ақталмағанын айтады. Оның сөзінше, елде президент ауысқанымен, саяси тұтқындарға деген қарым-қатынас өзгермеген сияқты.

Азаттықтың «құқық қорғау ұйымы президент Тоқаевқа саяси тұтқындарға рақымшылық жасау туралы өтініш жолдай ма?»  деген сауалына Төреғожина «қазір жетекші құқық қорғаушылармен осы мәселе бойынша кеңесіп жатырмыз» деп жауап берді.

Азаттық сұрауына жауап берген ІІМ шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны жұмсарту мәселесі «сот құзыретіне жатады»  деп жазды.

ДИССИДЕНТКЕ КӨМЕКТЕСКІСІ КЕЛЕТІНДЕР ЖОҚ ПА?

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, Арон Атабекке көмектескісі келетіндер саны жыл санап азайғаны соншалықты, енді ақынның қолжазбасын өңдеп, басып шығаруға шамасы келмей жатыр. Бұрын тұтқындағы ақынның досы, композитор Бақтияр Аманжол көмектесетін, өлеңдерін компьютерге теріп, файл алмасу сайтына салатын. Бірақ ол жерден Атабектің туындылары автоматты түрде жоғалып кетеді. Төреғожинаның айтуынша, әзірше кітап басып шығаруға қаражат тапшы.

Құқық қорғаушы тағы бір өзекті мәселені қозғады. Оның сөзінше, 66 жастағы Арон Атабекті медициналық тексеруден өткізу керек.

- Арон Атабек – егде жастағы адам. Оның басы мен аяғына толықтай тексеру өткізу қажет, жыл өткен сайын дерті күшейіп келеді, - дейді Төреғожина.

Қазақстан билігі Арон Атабекті 2006 жылы шілденің 14-і күні Алматының Шаңырақ ықшамауданындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан деген айыппен ұзақ жылға соттады. Сол оқиға кезінде бір полиция қызметкері опат болды. 2006 жылғы жағдайдан соң билік Шаңырақ тұрғындарына басып алған жер телімдерін заңдастыруға рұқсат етті. Қала шетіне коммуникация тартып, инфрақұрылым жасады, Алматыда «Алатау ауданы»  деген жаңа аудан пайда болды.

2010 жылы Арон Атабекке «Тұтқындағы шығармашылық иесі»  (Imprisoned аrtist) номинациясы бойынша Freedom to Create халықаралық сыйлығы берілді. Жүлдені Каирден туыстары барып алды.

Еуропарламент 2019 жылы наурыздың 14-і күні Қазақстан туралы қабылдаған қарарында «қазір қамауда отырған барлық белсенділер мен саяси тұтқындарды», соның ішінде Арон Атабекті дереу босатуға шақырды.

Қазақстан ІІМ-нің пікірінше, ұсыныс сипатында әзірленген қарардың заңдық күші жоқ. Министрік Еуропарламент депутаттары Қазақстан парламенті мүшелерімен белсенді қарым-қатынас жасап, «құжаттар әзірлеуге сындарлы әрі мұқият қарайтын болар» деп мәлімдеген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары