$ 449.58  486.94  4.86

Тоқаев сайлауалды тұғырнамасын ұсынды

Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың штаб-пәтері «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу.» атты сайлауалды тұғырнамасын көпшілікке паш етті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасы үш блоктан тұрады.

Біз – Қазақстанның біртұтас халқымыз. Бізді қасиетті жеріміздегі ортақ құндылықтар біріктіреді: бейбітшілік, игілік, өркендеу, әділдік және баршаға ортақ тең мүмкіндіктер. Мұның бәрі – Тұңғыш Президент

Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік жылдары қол жеткізген құндылықтарымыз бен табыстарымыз.

Біздің ұлы тарихи жолымыз бар. Біз қуатты, егемен елде өмір сүріп жатырмыз. Сақтап қаларлық дүниеміз бар. Сондықтан, біз алға, болашаққа нық сеніммен қараймыз. Мызғымас бірлігіміз бар.

Мен Елбасы стратегиясының сабақтастығын қамтамасыз етіп, мемлекеттіміздің әлеуетін нығайту үшін президенттік сайлауға қатысуға бел будым.

Менің қағидаларым: Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу.

Сабақтастық – еліміздің жаңа даму кезеңінде Елбасының қолға алған бағытын әрі қарай тиімді жалғастыру. Ең алдымен бұл – Тәуелсіздік, Егемендік және ұлттық қауіпсіздікті нығайту. Бұл – тұрақтылық, азаматтық татулық пен келісім. Бұл – серпінді экономика мен мықты әлеуметтік саясат. Менің мақсатым – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартып, табысын арттыру.

Әділдік – мәдениетіміздің ажырамас бөлігі және ғасырлар бойы қалыптасқан құндылығымыз. Ұлтына, діни нанымына, мүліктік жағдайына қарамастан барлық азаматтардың құқығының теңдігі туралы Конституция қағидасы – менің жұмысымның басты бағдары. Менің міндетім – әр отандасымыздың жеке табысқа жетуіне және өзінің әл-ауқатын көтеруіне жаңа мүмкіндіктер туғызу.

Өрлеу – бұл қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне берілетін лайықты жауап. Біз әлем үшін ашықпыз, үздік жаһандық жетістіктер мен озық технологияны игеріп, ендіруге талпынып келеміз.Өмірдің барлық саласында жаңашылдыққа дайынбыз. Мен адамдардың игілігі жолындағы жасампаз өзгерістерді қолдаймын.Ертеңгі күнге деген сенімділікті қолдаймын. Қазақстан міндетті түрде алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарында болады.Өрлеу идеясы – біздің идеямыз.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасымен оның штаб-пәтерінің ресми сайтында танысуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын орталық сайлау комиссиясы президенттіке үміткерлердің тізімін жариялаған болатын. Олар: «Нұр Отан» партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігінен Садыбек Түгел, Қазақстанның кәсіподақтар федерациясынан Амангелді Таспихов, «Ақ жол» партиясынан Дания Эспаева, Төлеутай Рахымбеков - «Ауыл» партиясынан, «ҚКХП» партиясынан Жамбыл Ахметбеков және «Ұлт тағдыры» ұлттық патриоттық қозғалысынан Әміржан Қосанов. Сайлау науқаны 8 маусымға дейін созылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары