Бизнес-класты тұрғын үй кешенінде барлығы 349 пәтер бар. Жалпы көлемі 51 мың шаршы метрді құрайды. Үйдің 7 блогы мен екі деңгейлі жерасты паркингі салынады. BI Group компаниясының салтанатты іс-шарасына қатысқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов алдымен 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, тұрғын үй кешені құрылысына сәттілік тіледі.
– Бүгін - қаламызда ерекше оқиға. Жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы басталды. BI Group компаниясына алғыс білдіремін. Аталған компания қалада бірнеше жобаны сәтті жүзеге асырып келеді. Оның бірі - келесі жылы салтанатты түрде ашылатын Конгресс холл. Қала тұрғындарына жайлы баспана салу ісін қолға алып отыр, -деді қала әкімі.
12-16 қабатты ғимараттардың құрылысына травертин мен гранит секілді табиғи материалдар пайдаланылады. Ол жасыл аулалар мен кешен ішінде үйлесімді орта қалыптастырады. Тұрғын үй кешені әкімшілік-іскерлік орталықта, Байтереков көшесінің бойында орналасқан. Салтанатты іс-шарада эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас пен «7-құрылық» би тобы өнер көрсетті. Сондай-ақ, ұтыс ойындары ұйымдастырылды.
«SN» - ақпарат»