$ 448.15  483.46  4.86

Шымкент: Агенттік төрағасы қала активімен кездесті

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Шымкентке жасаған сапары барысында қала активімен жүздесті. Жиында еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан шаруалар баяндалып, мегаполистегі жұмыстар сараланды.

Жиынды ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы баяндамамен бастады. Әли Көмекбаев алып шаһарда «Адалдық алаңдары» ашылып, сыбайластық қаупі сейіліп жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар бірлесіп атқарған іс-шаралар нәтижелі болып, біршама тәртіп орнап жатқандығын әңгімеге арқау етті. «Шымкенттегі көрсеткіштерді алар болсақ, бәріне де мәлім, Ғабидолла Рахметоллаұлы, сіздің бастамаңызбен бүгінгі таңда Шымкенттің мемлекеттік қызметі – алдыңғы қатарда, талай қызметшілер факторлық балл шкаланың жемісін көруде. Мемлекеттік қызметкерлердің қызметтен кетуі 57 пайызға төмендеп отыр. Егерде айлықты алатын болсақ, екі есе жоғарылады» деді ол.

Расында да, мемлекеттік қызметкерлердің айлығы айтарлықтан жоғарылаған. Жергілікті атқарушы органдар факторлы балдық шкалада негізделген жалақы төлеудің квоттық жаңа моделіне көшкен. Осы жүйеге көшу арқылы әкімдік қызметкерлерінің жалақы деңгейі министрлік қызметкерлеріне теңестірілген. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы  Еркеғали  Әлімқұлов былай дейді: «Басқарманың бас маманының жалақысы 83 мың теңгеден 153 мың теңгеге өскен. Яғни жалақы 1,8 есеге артып отыр. Аудан әкімдігінің бөлім басшысының жалақысы 102 мың теңгеден 206 мың теңгеге өсті. Яғни 103 мың теңгеге немесе екі есеге артты. Факторлық балдық шкалаға көшкен соң мемлекеттік қызметтегі бос орындарға конкурсқа қатысушылардың саны күрт өсіп отыр».

«Айлықты жоғарылату жобасының басты мақсаты мемлекеттік қызметкерлерді жемқорлыққа қадам бастырмау. Алайда қоғамдық дерт басым жұмыс орындары әлі де баршылық.  Мәселен, жер қатынастары, білім, денсаулық салаларында осы қылмыс түрі жиі орын алады. Өкінішке қарай, құқық қорғау саласы да сыбайластықтан арылмай отыр» дейді Ұлттық бюроның Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Қарымсақов.

Жиын барысында Алик Шпекбаев үздік компанияларда жұмыс тәжірибесі бар немесе жетекші әлемдік университеттердің ғылыми дәрежесі бар жоғары білікті азаматтарды мемлекеттік қызметке қабылдаудың оңтайландырылған механизмі енгізіліп жатқанын мәлім етті. Сондай-ақ ол кадрлық қамтамасыз ету мәселелерінде жеделдікті арттыру үшін ішкі конкурстар бір конкурсқа біріктірілетін және жаңа жалақы жүйесін кеңейту бойынша жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған Агенттік төрағасы Шымкентте атқарылған шаруаларға оң бағасын берді. Дегенмен заң баршаға ортақ екендігін, сыбайластыққа барғандар қатаң жазаға тартылатындығын шегелей ескертті.  

«SN.kz»-ақпарат.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары