Арыс қаласында 1870 үйдің жөндеу жұмысы аяқталды. Бұл туралы бүгін Арыс қаласында өткен облыс әкімдігінің аппарат отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев төтенше жағдайдың зардаптарын жою, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу, тұрғындарға жан-жақты жағдай жасау мәселелерін қозғап, құрылысты кешіктіріп жатқан сектор басшыларына жұмысты күшейту керектігін айтты.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, жалпы Арыс қаласында жеке үйлердің 7 мыңнан астамы, көпқабатты үйлердің 100-ге жуығы зақымдалып, осы нысандарда жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бүгінде 17 сектор бойынша 7445 үйге ақау актісі жасалып, 4827 үйде құрылыс жұмыстары қолға алынған. Зерттеулер нәтижесінде жарамсыз үйлер саны 293-ке жетті. Оның ішінде 4-еуі – көпқабатты үйлер. Бұл үйлер толық басынан салынады. Бірқатарының іргетасы қаланып та үлгерген. Құрылыс жұмыстарына еліміздің түкпір-түкпірінен 215 компания және 7 мыңнан астам адам тартылған.