Өңір басшысы Б.Атамқұловтың төрағалығымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті жанындағы қоғамдық кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті.
Күн тәртібінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы М.Ахметов облыстағы медициналық ұйымдардың қызметтерінде сыбайлас жемқорлықтың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және барынша азайту бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде атқарылған шаралар туралы баяндады. Департамент басшысының хабарлауынша, денсаулық сақтау саласында бірқатар кемшіліктер анықталған. Атап айтқанда, кейбір медицина мекемелерінде пандустардың қарастырылмауы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын шектеуге себеп болған.
Айта кетейік, облыстық денсаулық сақтау басқармасы өңір тұрғындарына денсаулық сақтау саласы бойынша 16 мемлекеттік қызмет түрін көрсетсе, соның 13-і тегін қызмет түрлері болып табылады. Мұнан соң, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пакеев өңірдегі медициналық ұйымдардың қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелділігін төмендету және жою бойынша жасалған жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, осы жылдың 10 айында 10 мыңнан астам медицина қызметкерлері оқытылып, алдыңғы қатарлы шет мемлекеттерде білімі жетілдірілген.
Сондай-ақ, жиында медициналық және фармацевтикалық бақылау Комитетінің ОҚО бойынша департамент басшысының орынбасары А.Ізбасарова салада атқарылған жұмыстарға тоқталып, өңірдегі медициналық қызметтің орындалу деңгейіне тоқталды. Отырысты қорытындылаған өңір басшысы сала мамандарына денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарды жүйелеуді тапсырып, қағазбастылықтан арылып, ІТ технология бойынша жұмыс істеуге көшу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, дәрігер мамандығын иеленген әрбір азаматты өз кәсібіндегі міндетін абыройлы атқаруға шақырды.