Кеше президент Жолдауы көпшілік күткендей тікелей эфирде болмады. Түс әлетінде Ақорда порталы мен БАҚ беттерінде Жолдаудың толық мәтіні жарияланды. Текстологиялық талдау нәтижесінде, 10 беттік мәлімдеменің тек 25%-ы ғана мемлекеттік тілде жазылғаны анықталды. Баяндама мәтініндегі 5960 сөздің 1497-сі – қазақ тілінде, ал 4463 сөзі – орыс тілінде, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, The Qazaq Times-қа сілтеме жасап.
Айта кетсек, осы Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін», – деген болатын. Ол үшін билік пен бұқараға алдымен ел тұтқасын ұстап отырған оның өзі үлгі көрсетуі тиіс емес пе еді?!
Ал Жолдауда сол «ұлтаралық қатынас тіліне» айналуы керек болған мемлекеттік тіл президент қолданысындағы сөздің тек 4/1 бөлігін ғана құрады. Қазақстан халқына оның 75%-ын орыс тілінде арнады. Тұрғылықты азаматтарының 70%-дан астамын мемлекет негізін құраушы қазақ ұлты құрайтын елдің қазіргі сиқы бұл. Демек, Ата Заңда бектіліп, заңды мәртебесі айқындалған мемлекеттік тілдің қолданыс аясы мемлекеттік органдар мен бизнес секторларында өте тар деген сөз. Тұрмыстық деңгейде қалғаны тағы бір мәрте айғақталды.
Енді Жолдаудан екі апта бұрынғы, яғни 16 тамызда өткен ел педагогтарының дәстүрлі Тамыз кеңесіне қайта соғайық. Оған да арнайы қатысқан президент баяндамасының 29,4%-ы, нақты айтқанда, 2414 сөздің тек 711-і ғана мемлекеттік тілде жазылған. Сол кезде де қазақ тілі баяндаманың 3/1-іне де жетпеген болатын. Сөйте тұра, тілге қатысты «тәтті сөйлеген» Тоқаев: «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті», – дейді академик Ахмет Жұбанов. Бұл сөз біз үшін негізгі ұстанымға айналуы тиіс», – деуді де ұмытпаған еді.
Бір қызығы, біздің билік жұртқа мемлекеттік тілді міндеттеуді қатырады, бірақ, ол ұстанымдарын өздері орындамайды. Парадокс!
Еске сала кетсек, 1997 жылы 16 қазанда Нұрсұлтан Назарбаевтың ел миссиясын, ең маңызды 7 приоритет пен нақты 8 қадамды айқындаған алғашқы Қазақстан халқына Жолдауы тек орыс тілінде жасалған еді. Одан бері қанша жыл өтіп, қаншама Жолдау жасалып тасталғанын ескерсек, еліміз тәуелсіздік алғалы 30 жылдай уақыт өткеннен кейінгі мына жайт ыңғайсыздау көрінеді екен.