Қазір Еуропада тұрып жатқан Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин Азаттық радиосының журналисі Қасым Аманжолпен тікелей байланысқа шығып, сұхбат берді. Әңгіме барысында ол елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен шетелде бірнеше рет кездескені және өзінен кешірім сұрағаны жайлы айтты.
Қажыгелдин Назарбаевтың жанына қызметке орналаспас бұрын бар шындықты айтатынын ескертіпті.
«Мен ол кісіге (ред. Назарбаевқа) айттым. Нұреке, сіздің ең басты қиыншылығыңыз - сіз халықты, қазақты бөліп жүрсіз. Жаныңызда Рахат (Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі) бар, Тимур (Назарбаевтың екінші қызы Динара Назарбаеваның күйеуі) бар, мен неге жоқпын. Менің кінәм неде? Менің сізге сын айтқанымда ма? Сіз мені қызметке шақырғанда келісіп едік қой. «Мен сізге ұнасын, ұнамасын шындықты айтып тұрамын дегенмін. Сіз сонда «жарайды, мейлі» дегенсіз деп айттым. Сонда ол кісі (ред. Назарбаев) менен кешірім сұрады ғой. Айтты, «айналайын, кешір. Біздің барлық жасаған тіршілік артық болып кетті» деді. Соны мойындай да, кездесуден шыққан соң басқаша жасайды», дейді Қажыгелдин.
Сұхбат барысында Қыжыгелдин туған жерінің жусан иісін қатты сағынғанын ерекше толқыныспен жеткізді.