$ 447.4  477.55  4.76

Елбасыдан кешірім сұрамаған екі экс-шенеунік: Ермегияев пен Жәкішевтің жағдайы не болар екен?

Кейінгі екі экс-шенеуніктің жазасы да, жағдайы да ауыр. Сонда да қыңбады һәм сынбады. Айыпты мойындамады да, оған мойымады да.

Қазақстанда жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық өршіп-ақ тұр. Әсіресе, жоғары билік өкілдері «шалқып ішіп, шайқап төгуде». Ол әрекеттері үшін қалың бұқарадан кешірім сұрап отырған біреуі жоқ. Тек парақорлықпен ұсталған және лауазымын асыра пайдаланып, істі болған шен-шекпенділердің бәрі экс-президенттен ғана кезек-кезек кешірім сұрап құтылуда, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бір қызығы, Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында тізе бүгіп, «жаздым-жаңылдым» дегендердің бәрі де бәрібір өзін тікелей кінәлі сезінген емес. Айтуларынша, тасадағы арамзаларға арандап қалған. Енді айыптары атан түйеге жүк болар сол азаматтардың атышулы істері мен мәлімдемелерін рет-ретімен шолып көрейік...

Павлодар облысының экс-әкімі Ерлан Арын Назарбаевтан кешірім сұрап, 3 жылға шартты түрде сотталды. «Мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіргем жоқ. Осы себепті, қазір бұнда отыру маған өте ауыр. Еліміздегі ең ірі өңірдің біріне басшылық еткен мені айыпты санауда. Мен – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді адамымын. Президенттің үмітін ақтай алмадым. Дәл осы арада Мемлекет басшысынан кешірім сұрағым келеді», – деді ол кезінде.

Сондай-ақ, «300 мың доллар пара алды» деп айыпталған Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің экс-төрағасы Мұрат Оспанов та 11 жылға сотталуы мүмкін еді. Алайда, ол да экс-президенттен кешірім сұрап, сотталмай қалды. Есесіне, пара алғаны үшін 1 миллиард 101 миллион 60 мың теңге айыппұл арқалады.

Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Серік Баймағанбетов те анау-мынау емес, бақандай 80 мың доллар (теңгеге шаққанда, 25 миллион болған) парамен ұсталып, 10 жылға сотталған еді. Ол мерзімі, әрине, экс-президенттің атына кешірім сұраған хат жолдағаннан кейін 5 жылға қысқарды. Темір торда «тәртіп бұзбағаны үшін» соның 3 жылын өтеп шықты. Оның өзіне сол кездегі Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың ықпалы болды деседі ұзынқұлақ.

Денсаулық сақтау министрі кезінде Жақсылық Досқалиевтің де жемқорлықпен 7 жылға сотталып, кейін кешірілгені мәлім. Оған Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылса да, сотта тек пара алғаны ғана дәлелденген. Бұл ретте, ол да Назарбаевтан кешірім сұрап, мерзімінен ерте, 2 жылдан кейін босап шықты.

«1 миллион доллар пара алды» деп айыпталған «Қорғас» шекаралас ынтымақтастық орталығының бұрынғы президенті Василий Ни де осындай кешірім сұраудың арқасында ақталып алды.

Прокурорлар тарапынан 12 жылға сотталуы сұралған экс-премьер Серік Ахметов пен оның сыбайласы атанған Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев те «сенімін ақтай алмағандары үшін» экс-президенттің кешіруін өтінді. Серік Ахметов Қарағанды облысын басқарған кезінде болған былық-шылыққа жол бергені үшін өзін кінәлі санаса да, жеке басына тағылған айыптардың біреуін де мойындамады. Ал жемқорлыққа онымен бірге шатылған 21 шенеуніктің бірі Бауыржан Әбішев: «Қарағанды облысын басқару – үлкен жауапкершілік. Президент өзінің саяси және еңбек жолын дәл осы өңірден бастаған. Мұны ешқашан ұмытқан емеспін. Қылмыстық жоспар құру, қызметімді асыра пайдалану, кәсіпкерлерге кедергі келтіру менің ойымда да жоқ еді. Мен – Президенттің адал сарбазымын. Президентке және халыққа адал қызмет еттім. Маған біреулер әдейі қастандық жасады, осы себепті де Назарбаевтан кешірім сұраймын», – деді. Ал Ахметов Назарбаевты өзінің ұстазы санайтынын айтып «ағынан жарылды». Тіпті, онысына «осы үшін де Мемлекет басшысы көп ойланды және көп уайымдады» дегенді қосып қоюды да ұмытпады.

Бұдан бөлек, қазіргі «атағы жер жарып» тұрған Мұхтар Әблязов те 2002 жылы «Энергетика, индустрия және сауда министрі болған тұста қызметін асыра пайдаланған әрі кәсіпкерлікпен айналысып, мемлекетке 557 миллион теңге зиян келтірген» деп айыпталып, 6 жылға сотталған болатын. Онымен бірге сол кездегі Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақиянов та тұтқындалған еді. Алайда, әккі Әбілязов дер кезінде экс-президенттен кешірім сұрап үлгеріп, тар қапаста 1 жыл да отырмай, құтылды.

Бұлардың ішінде ұзақ үдеріске түскен «бейбақ» бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев болды. Ол да сот залындағы «соңғы сөзін» Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрауға арнады.

«Президенттің алдында кінәлі екенімді сезінемін. Сенім артып, жұмысқа шақырған азаматтар мені жарға жықты. Мен сол үшін жауап беремін. Олар мені және сенімімді пайдаланды. Сол үшін мен Елбасыдан, халықтан кешірім сұраймын. Осы жағдайға қарамастан, мен әрқашан президентке берілген азамат боламын», – деді Бишімбаев. Еске сала кетсек, ол да жалғыз емес еді. Қылмыстық іс экс-министрмен жең ұшынан сыбайласқан деген тағы 22 азаматқа қатысты қозғалған болатын. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі: «Шындығын айтқанда, экс-министр Қуандық Бишімбаевты мен өте аяймын. «Болашақ» арқылы оқыттық, оған үлкен сенім арттық. Енді осылай болып отыр. Адамдарды дайындауға қаншама уақыт, ақша жұмсадық. Әрине, өкінішті», – деп «күрсінген».

Бірақ, ЭКСПО-ның экс-төрағасы Талғат Ермегияев пен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке ондай аяушылық танытылған жоқ. Себебі, екеуі де экс-президенттен кешірім сұрамады. «Өзі ұсынған басты қылыш кеспейді» дегендей, билік бюджетінен күнкөрген басқа «әріптестері» өздерін кінәлі санамаса да, шеттерінен жоғары жаққа «алдандым» деп «есеп беріп» шыққандары үшін бір жеңілдеп қалды. Ал кейінгі екі экс-шенеуніктің жазасы да, жағдайы да ауыр. Сонда да қыңбады һәм сынбады. Айыпты мойындамады да, оған мойымады да.

Айта кетсек «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының үкімімен қылмыстық іс 540 томға жетіп, 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сонымен қатар, материалдық жауапкершілігі жоғары мемлекеттік лауазымды иеленуге өмір бойына тыйым салынды және «Парасат» ордені қайтарып алынды. Оның «ауыр қылмыстарды бірнеше рет қасақана жасады» деген айыппен жымқырылған қаражат көлемі 10,2 миллиард теңгені құрап отыр. Сондай-ақ, негізгі бөлігі компания қызметкерлері болған 22 адам да Ермегияевке қатысты сот алдында жауап берді.

Бұл ретте құзырлы органдар ақылдасып алғандай, Серік Ахметовпен бірге 21, Қуандық Бишімбаевпен бірге 22 және Талғат Ермегияевпен бірге 22 адамды жауапқа тартқандары қызық. Осы сыбайластар тізімі – жоғары жақтағы жемқорлықтың қалыпты өлшемі тәрізді.

Ал бостандыққа шығарылмаған Жәкішев темір тордың арғы жағында 10 жылдан астам уақыт бойы не үшін отырғанын өзі де білмейді. Қазір денсаулығы қатты нашарлаған үшінші топ мүгедегі. Оның бар «кінәсі» – әлемдік рынокта көшбасшы болған қазақ уранын қазақтың өзі Ресейсіз-ақ сата алатынын дәлелдегені деседі білетіндер. Екінші «кінәсі» кезінде Назарбаевтан Мұхтар Әбіләзовке бостандық сұрап, гарант болғаны екен. Ол туралы әлеуметтік желіде «Парламентаризмді дамыту қорының» жетекшісі Зәуреш Батталова жазба қалдырған. «Мұхтар Жәкішев 2003 жылы көктемде Мұхтар Әблязовті босатуға күш салды, билік сол үшін кек алып отыр» деп. Алайда, мемлекетке «99 миллиард теңгеден астам қарызы бар» екенін алға тартқан судья Жәкішевтің ерте босату туралы өтінішін соттың қанағаттандыра алмайтынын жеткізді.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис «мемлекеттік бюджеттен миллиондаған, миллиардаған ақша жымқырғаны үшін сотталып, екі-үш жылдан соң үлгілі тәртібі үшін айыппұл, шартты жазамен ондаған шенеунік құтылып жатқан кезде, 10 жылдан астам түрмеде отырып, іс жүзінде тәуелсіз Қазақстанның атом саласын аяғынан тік тұрғызған, соның салдарынан қаншама ауру-сырқауға тап болған Жәкішевтің бостандыққа шықпауы – саяси шешім. Оған өткен жылы анасымен де қоштасуға мүмкіндік берген жоқ», – дейді. Ал аясаттанушы Досым Сәтпаев «сот жүйесі кезекті рет өз-өзін масқаралады» десе, қоғамдық белсенді Жанболат Мамай: «Осы он жылда қанша шенеунік сотталды? Экс-премьер Ахметов он жылға сотталып, екі жылдан соң бостандыққа шықты. Вице-министр Суханбердиева тергеу изоляторында 38 күн отырып, айыппұл төлеп шықты», – деп жазған.

Қысқасы, жоғарғы элитаның арасындағы қарым-қатынастарды қадағалап отырған саяси сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары қамалған ірі шенеуніктердің бәрі – кланаралық қақтығыстардың құрбаны көрінеді. Осы «нәтижелер» ірі саяси кландардың арасындағы «үлкен кісінің» маңына топтасып, «сеніміне кіру» үдерісінің қитұрқы тәсілі деп бағаланады. Ал қазір экс-президенттен кешірім сұрау экс-шенеуніктер үшін темір тордан құтылудың ең соңғы амалы сияқты болып тұр. Оның үмітін ақтай алмадық десе болды, жазалары жеңілдей қалады. Ал елдің үміті ше? Қайсысы ақтап отыр екен? Солардың бәрі мемлекеттік бюджет бүйірін қай тұсынан тесеміз деп «мысықтілеуленіп» жүргенде, шалғайдағы ауылдар шетінен жабылып, қара халық қыстап отырған қала шетіндегі саяжайлар сүріліп, барлық облыс орталығында баспанасыз қалған көпбалалы аналар үсті-үстіне ереуілдетуде.

Естуімізше, Назарбаевтан кешірім сұрауға дайындалып жатқан шенеуніктер әлі де бар көрінеді...

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары