Мәжіліс депутаты Всеволод Лукашев Қазақстан Халқы Ассамблеясының өз телеарнасы болу керек деп есептейді. Бұл талы кеше ассамблеяның депутаттық тобының отырысында айтылды, деп хабарлайды Азаттық рухы.
Лукашев Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасына аталған телерананы ашу үшін қаражат бөлу жөнінде өтініш білдірді.
«Сіздерден ҚХА-ның өмірі мен қызметі туралы екі тілде көрсететін мемлекеттік телеарнаның ашылуына қаржы бөлулеріңізді өтінеміз. Онда этностардың жағымды имиджі мен ел дамуына қосып жатқан үлесі айтылуы керек», - деді депутат.
Жалпы, депутаттар еліміздегі этностардың БАҚ-ы дамымай жатқанына алаңдаулы. Айтуларынша, Қазақстанда түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тілдерінде шығатын басылымдардың тиражы азайып бара жатыр. Себебі, мемлекет қолдауы жеткіліксіз.
Сонымен қатар, мұндай газет-журналдар заманауи медианарық тенденцияларына ілесіп, интернет кеңістігінде таратылмайды. Сондықтан 2021 жылдан бастап өзге тілде шығатын басылымдарды мемлекет құн салығынан босатпақ.
Ақпарат комитетінің мәліметінше, қазір Қазақстанда 12 тілде жазатын БАҚ тіркелген. Олар өзбек, ұйғыр, корей, неміс, украин, түрік, т.б. тілдерінде шығады.