Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter желісіндегі парақшасында Геннадий Головкинді IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атануымен құттықтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Геннадий Головкинді IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы титулдары үшін болған тартысты бокс алаңындағы тамаша жеңісімен құттықтаймын. Гена өзінің кәсіпқой бокстың хас шебері екенін, жеңіске деген табанды ұмтылысын тағы да дәлелдеді. Қазақстан сені мақтан тұтады. Алға, Гена!» - деді Тоқаев.
Сондай-ақ, elbasy.kz сайты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да мақтаулы боксшыға жеңісімен құттықтаған жеделхат жолдағанын хабарлады.
«Сенің жарқын жетістіктерің Қазақстан жанкүйерлеріне қуаныш сыйлап, елімізде спортты одан әрі дәріптеуге септігін тигізіп отыр. Саған мықты денсаулық, бақ-береке және жаңа жетістіктер тілеймін» делінген жеделхатта.