$ 494.87  520.65  4.91

Жанболат Мамайға қаладан шығуға тыйым салынды

Екі жыл бұрын шартты жазамен босатылған белсенді пробация қызметінің тыйымына байланысты Алматы қаласы аумағынан шыға алмай отырғанын хабарлады

Жақында жаңа саяси партия құратынын мәлімдеген белсенді Жанболат Мамай "билік аймақты аралап, жақтастарымызбен кездесуге мүмкіндік бермей отыр" деп айтты. Екі жыл бұрын шартты жазамен босатылған белсенді пробация қызметінің тыйымына байланысты Алматы қаласы аумағынан шыға алмай отырғанын хабарлады, деп мәлімдейді Азаттық радиосы Белсенді бұл сөзін 1 қарашада кешке Facebook желісінде болған тікелей эфир кезінде айтты.

Ол бастамашыл топпен бірге 2-8 қараша күндері Қазақстанның батыс өңірін аралап, жақтастарымен кездеспек болған. Бірақ 1 қарашада Қарасай аудандық пробация қызметі "қадағалау шаралары күшейгенін айтып, қаладан шығуға тыйым салған".

Белсендінің сөзінше, партия құратынын мәлімдегеннен кейін пробация қызметі бұрынғыдай айына бір рет емес, бес рет келіп, тіркелуді міндеттеген. Ол бұл шектеулерді қоғамдық-саяси белсенділігімен байланыстырады.

- Осы уақытқа дейін фильм түсіргенде де, өзімнің шаруаларым бойынша барған кезде де арызымды жазып, тіркеліп, ешқандай проблемасыз барып-келіп жүрдім. Ал қазір жібермей отыр, - деді Жанболат Мамай 1 қарашада Азаттыққа. ​

Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, сот Жанболат Мамайдың журналистік қызметпен айналысуына ғана тыйым салған. Ал қоғамдық-саяси қызметпен айналыса алады. Адвокаттың сөзіне қарағанда заң бойынша егер Мамай басқа қалаға барса, Алматыдағы пробациялық бақылау қызметіне ескертіп, баратын жердегі пробациялық бақылауға тіркелуі тиіс.

- Оның қаладан шығуы проблема болмауы керек. Пробация қызметіне сапар жайлы айту - бұл ескерту сипатындағы нәрсе, - деді адвокат.

Оның айтуынша, пробация бақылауындағы адам "ереже бұзады" деген қауіп туындаса, мекеменің тіркелу процедурасын жиілетуге құқығы бар. Нақты жағдайда "Мамайды бес рет тіркетуге міндеттеу оның қоғамдық-саяси қызметімен байланысты болуы мүмкін" деп топшылайды.

Ал Қарасай аудандық пробация қызметінің бастығы Нұрбол Мұхамедиев 1 қарашада Азаттық тілшісіне "егер қандай да бір сұрақтарыңыз болса, жұмысқа келіп, қойыңыз. Телефонмен жауап бере алмаймын" деп қысқа қайырды. Оның қабылдау бөлмесінде отырған қызметкер жазбаша сауалды Талдықорғандағы облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне жолдауға кеңес берді.

Бұрын тәуелсіз "Трибуна" газетін басқарған журналист, қоғам белсендісі Жанболат Мамай "Мұхтар Әблязовтан қаржы алды" деп айыпталып, шартты жазамен босатылған. Сот оған үш жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салған. Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамаған. ​

Қазан айының ортасында Жанболат Мамай жаңа оппозициялық партия құратынын мәлімдеген кезде әлеуметтік желіде оның бастамасына байланысты түрлі пікір айтылды. Бірі Қазақстанда "шынайы өзгеріс жасағысы келетін оппозициялық партия пайда болады" деп қостап қуаттаса, бірі "биліктің кезекті жобасы" деп күмән келтірген.

Қазақстанда саяси-азаматтық белсенділік тұншықтырылып отыр деген құқық қорғаушылардың сөзімен билік келіспейді. Бұған дейін Азаттық тілшісімен әңгімеде Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталықтың сараптамалық жұмыс басқармасының жетекшісі Динара Оспанова Қазақстанда "бәсекеге қабілетті азаматтық қоғамды" дамыту ісінде оң өзгерістер болып жатыр деп мәлімдеген. Қазақстанның билік өкілдері елде азаматтарды саяси себептер бойынша қудаламайды деп сендіреді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#ішкі саясат