Financial Times басылымының 2016 жылға жасаған болжамынша, алдағы жылы Еуропа мен Латын Америкасының бірқатар мемлекеттерінде билік өзгеріп, дағдарысқа байланысты Араб әлемі, Африка мен Латын Америкасының бірнеше мемлекеттері бюджет тапшылығын тартуы мүмкін. Жалпы, әлемдегі саяси және экономикалық құбылыстардың қалайша өрбитінін басылым төмендегіше болжайды.
Хилари Клинтон билікке келеді
Басылымның мәлімдеуінше, 2016 жылғы преиденттік сайлау құрама штаттар тарихындағы ең аты шулы сайлаулардың бірі болмақ. Республикашылардың елдегі жемқорлық пен биліктегі кейбір заңсыздықтарды Клинтоннан көріп, ақпараттық шабуылдауына қарамастан, Клинтон алғашқы әйел басшы етінде Ақ үй төріне жайғасады. Осы орайда республикашылар партиясы атынан сайлауға түсетін Тед Круз басты фавориттердің бірі ретінде аз ғана пайыз айырмашылықпен демократ бәсекелесіне жол береді. Сонымен қатар Ақ үйдегі билікті иеленген демократтар Сенаттағы басымдылықтарын да қолдарына алмақ деген болжам келтіреді басылым.
Британия ЕО-дан шықпайды
Британия Премьері Дэвид Камерон Еуроодақпен арадағы қатынастарын қайта қарап, одаққа мүше елдермен арадағы байланыстарын жаңаша түрде жетілдіруге мүдделі екені белгілі. Жыл басында ол министрлер кабинетінің Еуроодақтан шығуды қолдайтын мүшелерін лауазымдарымен қоштасуға дайын болу керектігін де айтып, Үкіметке ультиматум қойғаны болатын. Дегенмен, Парламенттің кейбір мүшелері Британияның болашағы үшін одақта қалудың пайдасынан гөрі зияны көп екенін алға тартады. Таяуда осы мәселеге қатысты ел ішіне референдум жасау туралы заң қабылданған. Заң бойынша, 2017 жыл соңына дейін ел ішіде референдум жасалып, билік бір жақты болуы керек. Алдын ала зерттеулер бойынша, британдықтардың басым көпшілігі Одақта қалуды жөн санайды.
Меркель уақытынан бұрын орнын босатады
Бұл туралы ресми мәлімдеме шықпағанымен, сарапшылар осындай болжам келтіріп отыр. Немістің Stern басылымының хабарлауынша, Еуропаға ағылған босқындарға ие бола алмай отырған жергілікті билік канцлерге наразы. Бұл да Меркельдің орнынан кетуіне бір түрткі болуы мүмкін. Дегенмен, канцлердің өзі 2016 жылы босқындар санына шек қоюға уәде берген. Канцлердің уақытынан бұрын орын босатуы бірінші кезекте елдегі білік партиясы Христиан Демократиялық Партиясы үшін тиімді, дейді Financial Times. Себебі 2017 жылы болатын сайлау алдында аталған партия Үкіметте белгілі бір деңгейде басымдылыққа қол жеткізбек.
Қытай ұлттық валютасын девальвациялайды
Экспорт көлемі мен экономикасының өсу қарқыны төмендеген Қытай әлемдік нарықты да әлсіреткені анық. Тауар айналымы көлемін ұлғайту шаралары мен резервтік қорының молдығы юань құнын долларға шаққандағы курсын бірқалыпты ұстап тұруға толықтай мүмкіндік бергенімен, жыл соңындағы АҚШ федералды қор жүйесінің шешімі мен экспорт көлемінің 15 пайызға дейін азаюы ел Үкіметінің бір реттік девальвация жасауына себеп болады. Сарапшылардың айтуынша, юаньнің құбылу траекториясы бірқалыпты болмайды. Жалпы, ұлттық валюта үшін құбылмалы жыл болғанымен, 2016 жыл Қытай экспортын қайта қалпына келтіруге мол мүмкіндік ұсынбақ.
Дизельді көлік өндірісі азаяды
Еуропалық тұтынушылардың соңғы жылдары дизельді көліктерге деген сұранысы біртіндеп төмендеп келе жатыр. Оған қоса Volkswagen компаниясының күзде жаңадан енгізген бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесіндегі кеткен ақау аталған көлік маркаларының 11 млн тұтынушысы үшін жағдайды тіптен ушықтырды. Еуроаймақ бойынша дизельді қозғалтқышпен жүретін көліктердің пайыздық көрсеткіші 2010 жылы 55 пайызды құрағанымен, Францияда аталмыш салаға берілетін субсидияның қысқартылуы мен қоршаған ортаны қорғау ұйымдарының наразылығы бұл индустрияны айтарлықтай төмендетті. Нәтижесінде, қараша айындағы мәлімет бойынша VW компаниясының сатылымы 20 пайызға азайған. 2016 жылы бұл көрсеткіш тағы да төмендеп, жалпы Еуропа бойынша автокөлік өндірісіне кері әсерін тигізуі бек мүмкін.
Еуро-2016 біріншілігін кім ұтады?
ФИФА-ның соңғы рейтінгінде Бельгия ең үздік команда ретінде көрсетілген. Соңғы жылдары футбол мектептеріне қатысты жасаған реформаларының жеміс беретін уақыты келіпті-мыс. АПЛ мен Бундеслигада өнер көрсететін ұлттық құрама ойыншылары біріншіліктегі мықты ойыншылардың қатарында. Әсіресе Эден Хазард, Кевин де Бруне мен Ромелу Лукаку үштігі сарапшылар тарапынан жоғары бағаланады. Ал команданың жалпы құны 225 млн доллар шамасында. Бельгиямен қатар негізгі фавориттер қатарында Германия, Испания мен Франция бар.
G20 елдерінің қайсысы Халықаралық Валюта Қорынан көмек сұрайды?
G20 елдерінің ішінде қосымша қаржылық көмекке мұқтаж болатын мемлекеттер көп болады деп айтуға келмейді. Сыртқы қарызының молдығын ескерсек, Италия экономикасына қосымша қаражат қажет болады деп күтілуде. Дегенмен, Еуропа Орталық банкі бұл мәселені өз мойнына алуы тиіс. Алдыңғы қатарлы жиырмалықтың оны дамушы мемлекеттер екені белгілі. Соның ішінде шикізат дағдарысынан зардап шеккен мемлекеттер (Ресей, Аргентина мен Сауд Арабиясы) мен бюджет тапшылығын көріп отырған Бразилия мен Оңтүстік Африка және тағы да Сауд Арабиясы келер жылы Халықаралық Валюта Қорының көмегіне жүгінбек. Бразилия, Оңтүстік Африка қаржы министрлерін ауыстырып, дағдарыстың жаңа толқынына дайындық жасаса, Аргентина тұтастай Үкіметтерін жаңартып, бюджет тапшылығына жол бермеуге уәде беріп отыр.
Жалпы, экономикалық тұрақсыздықтың жаппай белең алуына қарамастан, саяси тұрғыда әлем елдері өзара келісімге келеді деп күтілуде. Мәселен, Башар Асад режимі келер жылы да билікті сақтап, АҚШ пен Ресейдің Сирия мәселесіндегі ұстанымдары бір жерден шықпақ. Жалпы, американық басылымның хабарлауынша, құрама штаттар президенттік сайлауды өткізбейінше, Ресеймен арадағы қатынастарда біқалыпты саясат ұсталмақ.
Бауыржан Мұқанов