$ 443.85  474.3  4.8

Бақытжан Сағынтаев: «Тарихи мұраларымен танысу жобасына 2 мың оқушы қатысты»

«Туған өлкенің, Алматы қаласы аумағының тарихи-мәдени мұраларымен танысу жобасына әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан 2 000-нан астам мектеп оқушылары қатысты», - деді Бақытжан Әбдірұлы.
фото: alau.kz
фото: alau.kz

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды қалай жүргізіліп жатыр? Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев БАҚ-қа сұхбат беріп, Алматыдағы «Рухани жаңғыру» бойынша атқарылып жатқан шаруаларға шолу жасады. Бұл туралы Sn.kz. хабарлайды.

«Қалалық әкімдік пен жергілікті «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің атқарып жатқан шаруалары аз емес. Атап айтсақ, оқушыларға арналып Алматы музейі, Д.А. Қонаевтың мемориалды пәтері, Ахмет Байтұрсыновтың музей-үйі, Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық мұражай-үйі, Вознесенск кафедралды шіркеуі, Райымбек батыр кесенесі, Боралдай сақ қорғандары археологиялық паркі, бұрынғы Үкімет үйі, Қарағайлы паркі сынды орындарға  танымдық-мәдени экскурсиялар ұйымдастырылуда. 

Туған өлкенің, Алматы қаласы аумағының тарихи-мәдени мұраларымен танысу жобасына әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан 2 000-нан астам мектеп оқушылары қатысты», - деді Бақытжан Әбдірұлы.
Сонымен қатар, Алматыда дәстүрлі түрде «Жас археологтар» мектебі танымдық жобасы жұмыс жасап келеді. 

«Мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану және патриоттық сезімге тәрбиелеуге бағытталған жоба бойынша олар ортағасырлық Рахат, Қастек қалашықтарында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарына қатысты. Қазба жұмыстары барысында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкерлері тарапынан балаларға қазба жұмыстарының орны, өлкедегі ортағасырлық қалашықтар туралы және археология ғылымының қыр-сыры жайлы дәріс өтті. Балалар археологиялық қазба жұмыстарында аршылған жәдігерлерді көздерімен көріп, қолмен ұстап, тарихи қалашықтың өткенін зерттеп, зерделеуге тікелей қатысты», деді қала әкімі.

Бұдан басқа, тарлан тарихтың куәсі болған ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді, спорт ойындары мен салт-дәстүрімізді насихаттайтын этникалық фестивальдер, концерттер мен көрмелер, оқушыларға арналған байқаулар т.б. көптеген шаралар жыл сайын өткізіліп тұрады. 

Мәселен, былтырғы жылы мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан тұңғыш рет Алматыда ұйымдастырылған «Тұлпар мініп, ту алған» әдеби және тарихи-танымдық байқауы биыл республика көлемінде жалғасты. Жеңімпаз оқушылар мен олардың мұғалімдері қомақты қаржылай марапатқа ие болды. 

Алматы қаласындағы республикалық киелі нысандарды кеңінен насихаттау аясында бейнероликтер әзірленіп, қалалық телеарна мен «Facebook», «Instagram» секілді әлеуметтік желілердің «Рухани жаңғыру Алматы» парақшасында жарияланды. «Алматы ақшамы», «Вечерний Алматы» басылымдарында, интернет-ресурстарда тақырыптық мақалалар жарық көрді. «Алматы» телеарнасы мен қалалық басылымдарда осы бағдарға сәйкес арнайы айдарлар ашылған. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары