Германияға мемлекеттік сапары қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында Қазақстанның ерекше даму жолы мен жеке басқа табыну туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы бастама Тоқаевқа тиесілі болатын.
"Мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті құрметіне аталған әуежайға келіп қондым, елордадағы басты алаңда Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші тұр, 1 желтоқсан - Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні. Меніңше, бұл жеке басқа табыну секілді. Сіз мұнымен келісесіз бе? - деп сұрады шетелдік басылым журналисі Мемлекет басшысынан.
Тоқаев оған "Назарбаев - ірі тарихи тұлға" деп жауап берді.
"Жоқ, келіспеймін. Білесіз бе, бірде Шолоховтан (Михаил Шолохов - ред.): "Жеке басқа табыну болды ма?" деп сұраған екен, сонда ол: "Енді, тұлғаның болғаны рас қой" деген жауап беріпті. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - ірі тарихи тұлға, деді Тоқаев.
Сонымен қатар, Тоқаев биліктің ауысуы туралы айтты.
"Қазақстанға келсек, қалай дегенмен бір саяси жаңалық болды. Нұрсұлтан Назарбаев сияқты Қазақстан республикасының негізін қалаған әке, үлкен құрметке лайық адам, ұлт көшбасшысы бар. Ал мен – заңды түрде сайланған Президент, мемлекет басшысы, жоғарғы қолбасшымын. Біздің арамызда ешқандай қайшылық жоқ (кейде баспасөз бұл тақырыпты асыра айтқанды ұнатады). Мен бір-бірімізбен ақылдасатынымызды жасырмаймын, кейде мен одан кеңес сұраймын. Қос билік жоқ, тандем де жоқ – заңды сайланған Президент бар, - деп қосты ол.