Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының мән-маңызы мен еліміздің ең ірі мегаполисінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Бұл туралы Sn.kz хабарлайды.
«Жаңа тарихи кезеңге қадам басқан еліміз үшін тағылымдық маңызы зор бұл бағдарламаның берері көп.
«Рухани жаңғырудың» әр бағдары, әр жолы – ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың өнегесі. Сол өнегені жастардың санасына сіңіріп, ұлттық кодты, мәдениетімізді, қасиетті салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, одан әрі дамыту – қастерлі парыз.
Жалпы өскелең ұрпаққа, оның ішінде тұлға ретінде енді ғана қалыптасып келе жатқан мектеп оқушыларына «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-мағынасын, мақсаты мен міндеттерін кеңінен түсіндірудің маңызы зор», - деді қала әкімі.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көшбасшылығымен еліміздің Халықаралық саяси аренада бағындырған белестері аз емес. Осы туралы егжей-тегжейлі айтқан Алматы әкімі Бақытжан Әбдірұлы «Рухани жаңғырудың» шынайы мән-мағынасын өскелең буынға түсіндірудің маңыздылығын сөз етті.
«Бүгінгі Қазақстан – әлем картасында шекарасы айқын, ұлттық валютасы, мемлекеттік рәміздері мен Ата Заңы және ең бастысы халқы сайлаған басшысы мен бақытты тұрғындары бар тәуелсіз мемлекет. Оған қоса еліміз тұрақтылықты, ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтауда әлем халықтарына үлгі болуда.
Азғантай ғана уақытта Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етумен қатар, Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі атандық, дамыған 50 елдің қатарына ендік. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып сайланып, кеңес жұмысына төрағалық еттік. Халықаралық қауымдастықтың шынайы қолдауына ие болдық.
Бірақ, осының бәрі оңай келе салған олжа емес. Бүгінгі жастарымыз төл тарихымызбен етене таныс.
Ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын туған жеріміздің ұлан-ғайыр аумағын қорғап қалған ата-бабаларымыз бізге ерлік пен елдіктің, өрліктің, қайсарлық пен даналықтың өнегесін көрсетіп кетті.
Елбасы айтқандай, «Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей ұрпағына мирас етті». Міне, көрсетер жолы, үйретер ілімі мол, үлгі-өнегеге толы осы том-том тарихымыз бен бүгінгі қолда барымызды бағалай білгеніміз абзал. Жастарымыз болашаққа жасайтын әр қадамын білім мен біліктілік аясында ғана емес, осы тарихи-тәлімділік тұрғыдан да бағамдай білуі керек. Ол үшін бізге ең алдымен рухани білім, рухани байлық, рухани жаңғыру қажет», - деді Бақытжан Сағынтаев.