Биыл Парламенттің төменгі палатасына сайлау өткізу үшін бюджеттен 4 миллиард теңге қарастырылған. Алайда, бұл қаражаттың қанша бөлігі осынау саяси науқанға жұмсалатыны белгісіз дейді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов журналистерге берген сұхбатында.
"Елде жыл сайын сайлауға деп 4 миллиард теңге ақша қорда ұсталады. Ол Сенаттың, Мәжілістің, мәслихаттардың сайлауы болса да нақты осы көлемде ақша бөлінеді. Қаншауы жұмсалатыны сосын белгілі болады. 2016 жылға да 4 миллиард теңге бөлгенбіз" деді министр.
Айта кетейік, бүгін таңертең Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысынан төменгі палатаны тарқатуды сұраған болады. Елбасы бұл ұсынысты мақұлдап, Мәжіліс тараса, 2 айдан кейін елде кезектен тыс сайлау болады.