Алматы қаласының республикалық Достық үйінде Тұңғыш Президент күніне орай «Елін сүйген Елбасы» тақырыбында диалог-әңгімелесу өтті, деп хабарлайды Sn.kz.
Атылмыш шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылды.
Аталмыш шараға ҚХА Төрағасының орынбасары, Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ардагерлер, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, республикалық этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қонақтар мен қатысушыларға «Елбасы және Қазақстан жастары» атты деректі көрме мен фотокөрме және «Елін сүйген, Ел сүйген - Елбасы» кітап көрмесі ұсынылды.
Сондай-ақ, Достық үйінің баспасөз залында жастар үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы деректі және көркем фильмдер көрсетілімі ұйымдастырылды.
«Қазақстанның тәуелсіздік тарихы – Елбасының атымен тығыз байланысты. Ол жаңа Қазақстанның негізін қалаушы! Елбасының арқасында еліміз кысқа мерзім ішінде қөптеген маңызды жетістіктерге жетті.
Мықты экономика, әлеуметтік мемлекет, тұрақты саяси жүйе, ұлтаралық келісім, сыртқы аренадағы Қазақстанның жоғары беделі – осының бәрі Елбасының тікелей бастамасымен атқарылған жұмыстың нәтижесі. Бұның бәрі Қазақстанның жарқын болашаққа қадам жасауына негіз болып табылады», - деді өз сөзінде Ассамблея Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев.
Шара соңында қоғамда рухани-адамгершілік, бейбітшілік, достық пен толеранттылық құндылықтарын нығайтуға қосқан үлесі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін сұқбат алаңының қатысушылары Ассамблеяның Алғыс хаттарымен марапатталды.