$ 444.22  476.38  4.82

«Суицидке баруы – ақылға қонымсыз»: Египетте қаза тапқан дипломаттың зайыбы билікке үндеу жолдады (ВИДЕО)

«Кіреберісте өз өмірімен күрескен адамның әрекетіне ұқсас аяқ киімнің көптеген іздерін байқадым. Сондықтан бұл – өзіне-өзі қол салудың белгілеріне жат».

Каирде қаза тапқан дипломат Еламан Жолдасовтың әйелі Айнұр Молдабаева бүгін түнде Қазақстан басшысы мен құзырлы орган жетекшілерінің атына бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Azattyq Rýhy жариялаған материалға сүйене отырып.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев және Сыртқы істер министрі Мұхтар Тлеубердіден көмек сұраған бейнеүндеуде ол дипломаттың өліміне елшіліктен алған қаражат себеп болуы мүмкін деген болжам айтқан.

«Бүгін мен Египеттің Каир қаласындамын. 19 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00-де осы бейнеүндеуді жазып отырмын. Мен елдің басшылары мен Қазақстан халқынан көмек көрсетуді сұраймын. Мен 13 желтоқсанда күйеуімді тұрып жатқан пәтеріміздің алдында жатқан күйінде тауып алдым. Басында қанның ізі көп болды, мойнына жіп байланғанын өз көзіммен көрдім. Шалбарының төменгі артқы жағында шаң болды. Кіреберісте өз өмірімен күрескен адамның әрекетіне ұқсас аяқ киімнің көптеген іздерін байқадым. Сондықтан бұл – өзіне-өзі қол салудың белгілеріне жат», - дейді Айнұр Молдабаева.

Сондай-ақ, марқұмның зайыбы өздері тұратын үйдің 55 қабаттан тұратынын, күзет қызметі ол жерге келетін адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттар талап етпейтінін мәлімдеген. Сол күні де түнгі мезгілде кіреберіс қараңғы болған. Іштегі жарықты қосатын тетік лифттің қапталында орналасқанын айтады.

Осы қайғылы оқиғадан соң Қазақстанның Египеттегі елшілік өкілдері Еламанға имидждік және PR шаралары үшін қомақты қаражат бергендерін еске алған. Бұл қаражат оның мезгілсіз қаза табуына түрткі болуы мүмкін деген болжамды қарастыру керек екен.

Зайыбының мәлімдеуінше, Еламан кәсіби дінтанушы маман ретінде Исламның барлық қағидаларын ұстанған. Дәстүрлі ата дінімізде өзіне-өзі қол салу ауыр күнә екенін біледі. Өзі де ондай адамдарға жаназа оқылмайтынын айтып жүргендіктен, оның суицидке баруы – ақылға қонымсыз екен.

«Оның сүйікті отбасы, жанындай жақсы көретін балалары бар. Болашаққа үлкен жоспар құрып жүретін. Жұмысын да жақсы көріп істейтін. Соңғы бір айда ол Бейбарыс Сұлтанның мешітін салуға инвестиция тартты. Сондай-ақ, Нұр-Мүбарак университетін Қазақстан иелігіне толықтай өткізу процесімен айналысып жүрген. Египет университеттерінде қазақ тіліндегі сыныптарды ашты. Туризм мен білім саласындағы екі ел байналысын дамытуға, елдің имиджі үшін еңбек етті.

Менің күйеуімнің өліміне қатысты тергеудің жариялы және әділ жүргізілуін қалаймын. Сондықтан Қазақстан тарапынан құзырлы органдардың бұл істі бақылауға алуын сұраймын», - дейді Айнұр Молдабаева.

Айта кетейік, Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі бұған дейін БАҚ-та Еламан Жолдасовқа қатысты тараған біраз ақпаратты жоққа шығарған болатын. Ал кеше Үкімет қабырғасында Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Каирде көз жұмған дипломатқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, елші өз-өзіне қол салды деген нұсқа ақылға қонымды. Министр өзге ақпараттарға сенбеуге шақырды.

Қазір Египет тарапы сот-медициналық сараптама өткізіп жатыр. Қазақстан тарапы дипломаттың денесі елге жеткізілгеннен кейін де қосымша сот- сараптамасын жүргізетінін мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары